Қиқулап көкте құстардың өткенін қара,
Содан ба, менің мазамның кеткенін қара.
Мына күз – менің жанымның көрмесі ме екен,
Көңіл күй ме ме екен әлде бір өтпелі ғана?!
Білмедім, білгім келмейді ештеңені де,
Өкпеледім бе, әлдекім қош дегені ме?
Әлдекім ерте шықты ма жұмысқа қарай,
Әлдекім бүгін үйіне кеш келеді ме?
Білмеймін, кезіп келемін қаланы бүгін,
Жаныммен сезіп келемін даланың жырын.
Дәл бүгін өмір сүруге болмаса, мейлі,
Дәл бүгін өлең жазуға болады, күнім!
Жыр жазсам – жүрек басқаша соғар ма екен?
Кешегі достар… ал бүгін олар да бөтен.
Тұтатып бердім шылымын бейтаныс жанның,
Мен үшін шырақ бір адам жағар ма екен?!
Жүр екен кербез күндерім қас керіп қайда?
Алқызыл асау сезімдер бас беріп пе ойға?
Әлде бір сұлу жатыр ма жас болып жүзі,
Әлде бір ақын отыр ма мас болып… айда?
ЕРЛАН ЖҮНІС