ЕРТЕ КӨКТЕМ

Біздің елге көктем ерте келеді,
Біздің жұлдыз жұмақпенен көрші еді.
Содан жаным ауырады,
Себебі,
Үр қызына ұқсатушы ем мен сені.
Біздің елге көктем ерте оралар,
Көктем сайын күрсінеді бір өлең.
Көктем сайын бір көктемім жоғалар,
Сені аңсаған, тілеген.
Біздің елге көктем ерте қайтқаны,
Пайғамбар деп күтеді ғой ақындар.
Қайтқан құстар сенен сәлем айтпады,
Қанатында оқылмаған хатым бар.
Оқымауға, бәлкім, сенің хақың бар!
О, ләйлілік асқақ сордың құрбысы,
Жан ауырту қылмысының білгіші,
Қуанышымның, қуанышымның кенжесі,
Өкінішімнің тұңғышы!
Алаңғасар, арманшылдау ақ таңы,
Содан бері неше көктем бүр атты.
Бұл көктемнің күліп келе жатқаны,
Мені неге жылатты?!
 
 
 

ЕРЛАН ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *