Бір айналып соғам деп күзге қарай,
соға алмадым, сізге де, достарға да…
Өмір ауып барады басқа арнаға,
көңіл ауып тұрғанмен сізге қарай.
Күз келді ме дегенше, қыр да күйді,
жол айналып, дүние-ай, түсе алмай жүр,
құс айналып, дүние-ай, ұша алмай жүр,
жер бетінде шеткері тұрған үйді.
Жалт еткенде жаңбырлы жанарда аспан,
тағы басып бір қадам алға қарай,
тағы қарап тұрмысыз жолға қарай,
терезенің пердесін жаба алмастан…
ЕРЛАН ЖҮНІС