Даладан, таудан асыға

Даладан, таудан асыға,
Гүл теріп саған келдім мен.
Гүлдесте тағып шашыңа,
Гүл қойып сүйсем ерніңнен.
Сезімнің қоңырауы ма,
Бір әуен жүректе, міне.
Ақ гүлді омырауыңа,
Көк гүлді білектеріңе,
Тағайын, тағы жыйнайын,
Іздейін ең бір әсемін.
Әр адамына сыйлайын,
Сен жүріп өтер көшенің.
Бәрін де теріп келемін,
Бәрін де жиып беремін.
Әдемі гүлдер көп еді,
Ең әдемісі – сен едің!
Гүл теріп жүрген шақтарым –
Ол, бәлкім, өмір сүргенім.
Ал сені бірақ таппадым,
Сен өсер жерді білмедім.
Даланың ең бір төрінен,
Таулардың ең бір шыңынан,
Кездестірермін сені мен,
Кездестірермін, шұғылам!
Махаббат, бәлкім осы ма?
Табатыныма сенемін!
…Даладан, таудан асыға,
Гүл теріп саған келемін.
 
 
 
 
 

ЕРЛАН ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *