Жауды ма күн, білмеймін, жауды ма өлең

Жауды ма күн, білмеймін, жауды ма өлең,
Жауғанына аңсарым ауды неден?!
…Жаздың соңғы түндері мөлт-мөлт етіп,
әр тамшының көзінде жәудіреген.
Жарқыраған дүние-ай, жасыл күнім,
Сенің жарқын жүзіңді жасырды кім?!.
Жаз бойына қыратта гүл ашылса,
Жаз бойына жүректе ашылды мұң.
Ашылды мұн, бүр жарды мұңның гүлі,
Мұңсыз өткен есте жоқ түннің бірі.
Зердесіне салармын мұны кімнің,
Кеудесіне тағармын кімнің мұны?!
Бұл қалада бұлт маңғақ тау көрмеген,
Маңғақ бұлтты күз желі жәукемдеген,
Жаздың соңғы түндері-ай, қайтем сені,
Әр тамшының көзінде жәутеңдеген!?
 
 
 

ЕРЛАН ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *