Кеше кешке ғана соғы демалысы жақын деп, өзара біраз айтысып алып едік. Қарсы болған ешкім болмаса да, әрқайсымыз өз болжамымызды айтып, соғыс басталады десе таңданбайтын сияқты едік. Түс кезіндебар бөлімшелер мінбе қасындағы радиоға жақындап келіп тұрдық. Елімізге түгел таныс қоңыр дауыс сенімді жігермен, жасқану жоқ жалынмен шықты. «Жауымыз қанша күшті болғанымен, жеңетін біз боламыз» деді. Ауыр айқастар барын да жасырған жоқ. Айнала қарасам, жолдастарым енді біржола сенген секілді. Кескіндерінен манағы аң-таңның ізі жоғалып, қабақ біткен түйіліп, енді сыртқа ызғар шаша бастапты. Қандай айқас кездессе де, әрқайсысы да өзіне-өзі сенімді сияқты. Барлық қабақ бірге түйіліп, барлық кек бірге қайнап тұр. Сонымен бірге, әркім-ақ байқаусыз ғана жолдасына көз қырын салып қояды. Жұмғанда қандай, жағдайда қандай дегендей, алаңда тұрған барлық бөлімдерді қарап өтеді. Айқас алдында жолдасты жолдас, досты дос тағы бір байқап, кімнің қаңдай әзірлігі жетіңкіремей жатыр, жәрдемін беруге міндетті. Жалғыз өзің жау алмайсың, бірден ондар, оннан жүздер құралып, бәріміз қосылғанда ғана біз боламыз. Манадан көптің ауанын байқағандай болып тұрмын, енді өз ішіме үңілсем, жұрт жүзінен таныдым дегенімнің бәрі де өз ойым екен. Таңертеңгі бейбіт ойлардың бәрі де жым болыпты. Тез-тез ықшам жиналып, жүруге әзірленіп жатырмыз. Әлдеқайдан жөңкіліп келе қалған жүк машиналары жолдың екі бетіне жарыла тізіле қалыпты. Әрбір машина екі жаққа қараған найза ұштарынан кірпідей тікірейіп көрінеді.