ЕСІЛДІҢ ЖАЗЫ

Көңілім бүгін серпілді аз,
Азайды, бәлкім, күрсіну.
…Есілдің жазы – еркін жаз –
Еркелеп жүрген бір сұлу.
Бір сұлу ол да от ерін,
Біздегі ойдың – бәрі ізгі:
Желпілдек көйлек етегін,
Жел қағып өткен тәрізді…
Қымсынып маған қарайды,
Қысылған мен де өң берем.
Майысып шашын тарайды,
Майда да қоңыр желменен.
Айнала сұлу әнімен,
Байланған соған баламын.
… Бір қызға қарап қалып ем,
Төмен сап өткен жанарын,
Қызғанды ма екен, құрғыр-ай,
Құбылды жазым дембе-дем,
Өкпелеп қалған құрбыдай,
Өпкізбей қойды ернінен.
Көңілдің көркем қалқасы,
Жек көрме мені жатыңдай.
 
 
 

Ерлан ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *