– Жүрегім қартайған сынды…
– Саулығың тіле!
– Әжімді арманның жүзі…
– Бар ауа – бір сенің демің.
– Әй, қайын атамның қызы!
– Ең ұлы ақыным менің!
– Жұмақ қой жаныңдағы әр күн!
– Әр сөзің – әулиедей емші.
– Болашақ не деген жарқын!!!
– Нан алып келші…!
– Біреуің шам жақсаңшы енді…
– Артынан көшейік күннің.
– Қанатты бір хабар келді!
– Кезегі кімнің?
– Ойлар – бір адасқан ұлдар.
– Соқпағын іздей ме жоқтың?
– Неге үнсіз қатыгез жылдар?
– Неге оның есігін қақтың?!
– Тұншығып шығады жалын…
– О, өртеп отырсың нені?
– Жанымның жапырақтарын…
– Аяшы мені!
– Сен енді тоңбайсың, күнім!
– Жылайын сол күлді өбе.
– Бұл жүрек – бір жетім құлын…
– Кісіней береді неге?
– Қарашы өртенген сөзді…
– Суына қоймапты әлі.
– Ұмытпа осы бір кезді…
– Жалғыздың алғашқы қары!
– Көз жасың не деген көркем!
Ерлан ЖҮНІС