Есіме салады әрнені:
Мына бір еңселі үй
селт етпеу, таң қалмау, сенбеуге ескерткіш
екенін кім ұғар?!
Бір кезгі жүрек бұл: арманшыл, аңғалдау,
Ал қазір бірі жоқ, тек қана мұңы бар.
Жарығы сөніпті… енді ешкім кірмейді,
Шықпайды енді ешкім еркелеп.
Неліктен?
Ешкім де білмейді,
Бір сұлу тұрғанын біледі ертерек.
Ол жайлы жан таппай шындықты сұрайтын,
Ойымнан шығарам, сөйтетін көбісі.
Мұңайса – күлетін, қуанса – жылайтын,
Хат жазып жүретін өзіне о кісі… –
Ол – мендік махаббат, биікке ұмсыну,
кештеткен онсыз да кешіккен көктемді.
Ол – бәлкім – құбыжық, болмаса – тым сұлу,
Қайсысы болса да, жалғыздық боп келді!
Сұлулық бірде оған өкініш тілінде,
Ертегі айтыпты обалы бес елі,
Сол күні ол ұйықтап бұ дүние түнінде,
О дүние таңында оянған деседі.
Өлді ме?
Мүмкін, жоқ!
Өкініш өтпей ме?!
Тірілтіп алған да шығар-ау кей көктем…
Біреулер айтып жүр, қарайды деп кейде,
Сол сұлу жаңбырлы түн сүйген әйнектен.
Міне, енді, сол көше,
Қараңғы күндіз де,
Бұзылған секілді келісім:
Сұлуды «Бақытты!» деп айтты кім бізге?
Ерлан ЖҮНІС