Бұл да бір бейнет көрген бала дерсің,
Жә, болсын, біздің үйде-ақ бола берсін.
Тарпаңдау түзден келген туғаным ғой,
Қыдырсын, қызық көрсін, қала көрсін.
Ас көтер, әй, жеңгесі, артық тартып,
Сорпасын бір ішейік сарпып-сарпып.
Ет жесе бала жесін елден келген,
Құмығып, құшырланып, қарпып-қарпып.
Қыз көрсін қыр баласы – қыздар бағын,
Қаланың балконда өскен қызғалдағын.
Менде бар үш көйлектің біреуін бер,
Және бер топылиды… қызғанбағын.
Күлгенде жүзі емес, жаны күлсін,
Бұл жұрттың жайдақтығын тағы білсін.
Ел жайлы сөз айта алмас құрдастарын,
Көтеріп бөренедей алып ұрсын.
Тіл айтса, тамыздырып елден сөйлер,
Кең сөйлер, көркем сөйлер, төрден сөйлер.
Бір аңыз былтыр жазда бітпей қалған,
Дәл сол бір бітпей қалған жерден сөйлер.
Бұл жақта бір ағам деп кеп қалғасын,
Риза қыл, жақсылықтан шет қалмасын.
Нағашым насыбайын шырт түкіріп:
«Бұл жиен ел болмады» деп қалмасын.
Ерлан ЖҮНІС