Бірі ойлады: «Өлуге бола ма екен?

Бірі ойлады: «Өлуге бола ма екен?»,
Бірі ойлады: «Бола ма тірілуге?».
Сонша үрейлі болар ма көк түнегі,
Көрінбейтін көз неткен өткір еді!
Тым құрыса, суретке түсіп қалар,
Бір пайғамбар келсе екен деп тіледі.
Қиын екен адамға көк сынағы,
Болмыс әлі о, талай көп сынады.
Келмеді ОЛ.
Сонда олар бір-бірінен:
«Пайғамбар емессің бе?» деп сұрады.
Ізгі хабар әлдекім таратар ма,
Таратар ма, тағар ма қара таңба?
Сақталмаған түн өтті ешбір еске,
Ақталмаған үміттің таңы атарда.
Көктен сол түн әулие емес, сенім кепті,
Адамзаттың күнәсі жеңілдепті.
Ешкім бұғауланбапты жартасқа да,
Айқышқа да еш адам керілмепті!
Ештеңе де болған жоқ. Әлем аман.
Сәл мысқылмен қарайды өлең оған.
Таңғы газет кеп жетті, жазыпты олар:
«Пайғамбар боп шығыпты пәлен адам!».
Күнтізбенің жыртылған парағы – алтын…
Жыртты, әлде жыртпады қала халқы.
…Сондай ма еді, япыр-ау, есімде жоқ,
Януардың біріне қараған түн.
 
 
 

Ерлан ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *