Жұмбақтар. Ең көне жанрлардың қатарына жатады. Ежелгі рулық қоғам адамдарының құдіретті деп таныған құпия тілінің, сөздерінің негізінде пайда болған. Магиялық қасиет танылған осындай астарлы сөздің көмегімен аңды, табиғатты «алдауға, көңілдендіруге» болады, сөйтіп аң аулағанда, ау құрғанда табыс келеді деп сенген. Ескі нанымдар бойынша адамдар маңайдағы аң-кұс, тау-тас, ағаш-орман адамша өмір сүріп, адам тілін түсінеді деп ойлаған, сол себепті олар жұмбақтап сөйлейтін болған. Осындай әдіс арқылы тылсымға толы табиғатпен күресіп, оны жеңуге болады деп иланған. Сөздердің орнын ауыстырып, немесе бір заттың атауын екінші нәрсеге көшіру арқылы шартты тіл жасаған. Қоғам дами келе бұл утилитарлық қызмет өзгереді, бірте-бірте жұмбақтанымдық, тәрбиелік, тіпті сейілдік мақсатта айтылатын болады. Бара-бара жұмбақ адамдардың тапқырлық пен білім сайысына айналады, сөйтіп өнер деңгейіне көтеріледі. Өмір ағымындағы өзгерістер жұмбақты балалар репертуарына енгізеді, оны фольклорлық ойынға айналдырады…
Сонымен, жұмбақ дегеніміз – елге аян бір зат, немесе құбылыс туралы түсінік әдейі жасырылатын шағын ғана көркем шығарма.Оның тақырыбы әр алуан, өзіне тән бейнелеуіш құралдары мен стилистикалық құрылымы бар.