Олар тағы қуыршақ ойнады,
Қуыршағы сен бе деп сескендім…
Неге ойладым,
Неге кеш келдім?!
Тапырақтап жүгірді біреулер,
Жан терезесіне лай атты.
Ақ үмітіңді мысық тілеулер,
Қып-қызылға бояпты.
Құс жолына шейін тінтідім,
Таппай… шошындым түсінен:
Қара түн байғыздың сұңқылын,
Қайталағанда ішінен.
Тұтаттым ең соңғы сезімді,
Үдерде жанның бүрсеңі.
Күнге тапсырсам деп ем өзіңді,
Жібермеді түн сені!..
Тым кеш ояндым,
Ерте асылдың…
… Осынау қалыңдығы бояудың,
Сұлулығы ма ғасырдың?!
Ерлан ЖҮНІС