Бір күні мен ауысқам бір жұлдыздың түбінде,
Құрсағынан анамның, құрсағына ғаламның.
Бір күні мен құдайдың құдіреттілігінде,
Үңгірінде қоғамның қапияда жоғалдым.
Бір күні мен айтамын ұл туғанын атадан,
Жалғыздардың жүрегі – жаратқанның
сүреңі.
Бір ойларым қашаған, бір ойларым жатаған,
Бірі үйге түнеді, бірі түзде жүреді.
Бір күні мен күлемін күрек тісім көрініп,
Сезім әлі тірі деп, төзім жаны сірі деп.
Бір күні мен жылаймын көз жасыма беріліп,
Сордың соңы бір тамшы, бақтың басы
бірі деп.
Бір күні мен аттанам ар жағына айнаның,
Жаралмаған аралға, жасалмаған қамалға.
Бір күні мен хат жазам ғашығыма беймәлім,
Ерініне сезімнің үркер жұлдыз қонарда.
Бір күні мен мәңгілік күбірінен құтылам,
Мені мезі еткеннің, менен безіп кеткеннің.
Бір күні мен жұлдыздың жанарына жұтылам.
Ақырында өткеннің, әуелінде көктемнің.
Ерлан ЖҮНІС