Түнімен ауырды бұлттар,
Желтоқсан жөтеліп шықты.
Ештеңе таппадым ұрттар
Уайымнан мықты.
Жаңа жыр жазбадым түнде,
Түсімде құстарды көрдім.
Күбірлеп беймәлім тілде
Шошына бердім.
Көбелек ұшпайды қыста,
Сағыныш – көшпелі алтын.
Көрші қыз шықпады тысқа,
Ақ қардан ұялды, бәлкім…
Кешікпей көктем де келер,
Газетке шығармыз күліп.
Әлдекім бізге де сенер,
әлдене біліп…
Ерлан ЖҮНІС