Біз босаға тұтып келдік қай елді,
Босағада неге тұрмыз, сүйікті?
Ой, не етеміз ұзын тырнақ әйелді,
Ой, қожайын болса тағы иықты.
Үмітімді ақтамаған әкемнің,
Мен де бүгін жоқтамадым хақысын.
Ой, ақысын төлеу керек пәтердің,
Жастықтың да төлеу керек ақысын.
Жалғыз шеше елде қалды – жаңбырлы,
Су тимеген енді неміз сүйікті?!
Ой, не етеміз ұзын тырнақ тағдырды,
Ой, қиындық болса тағы иықты.
Алған жардың ойларына сап-сары,
Сурет салып… ой, қараймыз тамсана:
Бір мекенде гүлзарлы да бақшалы,
Ой, гүл теріп жүр екенбіз ән сала.
Алған жарым маған ұзақ қарады,
Гүлін теріп жүрміз бе әлде жат елдің?!
… Ой, ақ сүтін өтеу керек ананың,
Ой, ақысын төлеу керек пәтердің.
Жалғыз шеше елден келер, жалғызын,
Жалғыз ұлын жолға қамдар уақытта.
… Бір ақ таңда осылардың барлығын,
Айырбастап алармыз біз бақытқа.
Ерлан ЖҮНІС