Ауырған жоқпын, ауыртпау үшін дәуірді,
Ауыртпау үшін самалды, нұрды, жауынды!
Жазықсыз бәрі! Жазылып кетем! Жай ғана,
Өмірім менің – өлеңім ғана ауырды.
Ауыртып алдым, енді не қайран қылайын?!
Бабын бір жасап, басын дүр сүйеп тұрайын.
Әлемді мынау ауырта аламын өлеңмен,
Өлеңді бірақ ауырта көрме, құдайым.
Білмеймін, білмен, наразылық па, назың ба,
Ауырмашы, өлең, хақым жоқ менің азуға!
…Ақындарымен ойнай ма әлде бұл тағдыр,
Дертті өлеңдермен өзінің дертін жазуға?!
Ерлан ЖҮНІС