Жыладым бәлкім, жан үшін жақын
бола алмас,
Жабықтым бәлкім, жылдарым үшін оралмас.
«Ауырғаныңа ауырды – деген – жүрегім»,
Айналып қана кетейін сенен, замандас!
Бір жүрек емес, түсінем дегем дәуірді,
Түсінем дегем досымды, тағы жауымды…
Жазықсыз бәрі! Ауырған жоқпын, жай ғана
Үмітім, ойым, арманым, мұңым ауырды!
Ауырғаным жоқ, жай ғана жаным сыздады,
Мұздады бәрі, сөзім де, ойым мұздады.
Адамның барлық жылуы жүректе деуші ем,
Сол жүректердің жауратты мені ызғары.
Тоңдырды мені, жақыннан болған жат кісі,
Улантты мені, кешегі сөздің тәттісі.
Адамның ең бір нәзігі – жүрек деуші едім,
Сол жүректердің арқама батты қаттысы.
Жыр жазу керек, жыр жазу – мұның бір емі,
Кісінің дертін кісінің өзі біледі,
Адамның ең бір жарығы – жүрек дегенмін,
Сол жүректердің қорқытты мені түнегі.
Ерлан ЖҮНІС