«Педагог мәртебесі туралы» жаңа Заң бойынша мектепке дейінгі білім мекемелерінде, қосымша білім беретін мекемелерде және кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін педагогтер үшін де санатына байланысты біліктілігін арттыру мүмкіндіктері қарастырылған.
Сондай-ақ педагогикалық мамандығы жоқ, бірақ осы салада жұмыс істей алатын қызметкерлер үшін педагогикалық қайта даярлау курстары бар. Бұл туралы PrimeMinister.kz-ке ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтып берді. Осы бағытта бүгінгі күні оның тәртіптері мен ережелерін бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, қазақстандық педагог мамандар кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттыруға құқылы. «Жаңа заң аясында педагогтің өз біліктілігін арттыру мақсатында қосымша білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарында бір уақытта және үздіксіз, сондай-ақ кезең-кезеңмен оқи алады. Сондай-ақ жекелеген бағыттарды, сабақтарды, пәндерді (модульдерді) меңгере алады. Мысалы, алдымен педагог өзі сабақ беретін пән бойынша курстық даярлаудан өтетін болса, келесі жолы тәрбие жұмысына байланысты, одан кейін жеке тұлға ретінде даму үшін психологиялық курстардан өтуі мүмкін. Бұл мұғалімнің бүгінгі қоғамның талабына сай жан-жақты дамуына, педагогикалық шеберлігін арттыруға септігін тигізеді», — деді Ш. Каринова. Бұл педагогикалық мамандығы жоқ, бірақ осы салада жұмыс істей алатын қызметкерлер үшін қарастырылған. Сондықтан нақты педагогикалық білімі жоқ мамандар болатын болса, олар тиісті деңгейдегі қайта даярлау курстарынан өтіп, тиісті кредит санын алып, одан кейін осы мамандық бойынша қызмет етуіне болады. Білім және ғылым вице-министрінің айтуынша, Қазақстанда педагог мамандар тапшы. «Биылғы оқу жылында бес мыңға жуық маман тапшы болды, жаңа оқу жылында жоғары және кәсіби техникалық білім мекемелерінен педагог мамандығын алып шыққан жас мамандар жұмысқа тартылды. Осы мәселені шешуде қайта даярлау курстары маңызды рөл атқарады», — деді Ш. Каринова. Сонымен қатар 2020 жылдың наурыз айынан бастап еліміздегі білім беру ұйымдарында қызмет ететін барлық санаттағы мұғалімдер аттестаттаудан өтеді. Нәтижесінде, олар биылғы жаңа оқу жылында, яғни қыркүйектен бастап өздеріне тиісті үстемақыны алатын болады. Айта кетейік, осы уақытқа дейін тек мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдерге біліктілік санатына байланысты 30%-дан 50%-ға дейін үстемақы төленіп келді. «Білім беру мекемелерінің директорлары мен орынбасарлары үшін осындай мүмкіндіктер қарастырылған. Қазіргі уақытта елімізде 7000-нан аса мектеп, 827 колледж және 10 мыңнан аса мектепке дейінгі мекеме мен балабақша жұмыс істейді. Олардың басшыларының аттестаттаудан өтіп, жалақыларын 30%-дан 50%-ға дейін көтеруге мүмкіндіктері бар», — деді білім саласы басшылығының өкілі. Ш. Каринованың нақтылауынша, мектеп басшысының да, орынбасарының да еңбекақы көлемі білім беру ұйымындағы білім сапасының артуына, оқушылардың тәртібіне, педагогикалық ұжымның жетістіктеріне т.б. критерийлерге байланысты болады.
Толығырақ: inform.kz https://www.inform.kz/kz/zhana-zan-ayasynda-pedagogtar-biliktilik-arttyru-kursynan-kezen-kezenimen-de-ote-alady_a3613049