Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылы атқарған қызметі мен 2020 жылға арналған міндеттері қорытындыланған кеңейтілген отырыс өтті. Жиын барысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов білім беру саласындағы жетістіктер мен кемшіліктер жайлы айтып өтті. Жиында ұстаздар көп шағымданатын қағазбастылық мәселесі көтеріліп, министр педагогтар толтыруы тиіс құжаттардың нақты тізімі жасалатынын мәлім етті. «Қағағазбастылық бойынша біз қазір арнайы бұйрық дайындап жатырмыз. Ол бұйрықта ұстаз толтыруы міндетті құжаттардың нақты тізімі әзірленеді. Қалғаны талап етілмеуі керек. Осындай бұйрықтар мен заңнама дайын болғаннан кейін, заңда көрсетілген барлық талаптар жүзеге асатын болады. Бұл өте ауқымды жұмыс, дегенмен орындалады деп ойлаймын», – деді Асхат Аймағанбетов. Білім және ғылым министрі педагогтардың жалақысын есептеуге арналған онлайн калькулятор жұмысына да баға берді. «Бізге мұғалімдер жалақысын есептейтін калькулятордың жұмысына қатысты өте көп жүгінеді. Бұл жерде қызық мәселе бар. Екі апта ішінде калькулятор көмегімен 800 мың адам жалақысын есептеуге талпынған. Олар жалақысы қаншалықты дұрыс есептеліп жатқанын білгісі келеді. Жалақыны тарифтеу жылына екі рет, яғни қыркүйек пен қаңтар айында жасалады. Соңғы рет мұғалімдер жалақысын тарифтеу қаңтарда жүргізілді. Жалақы жұмыс өтіліне байланысты екені белгілі. Шартты түрде айтайын, мұғалім жұмыс істегеніне қаңтар айында 11 жыл 11 ай толды делік. Қаңтарда оны 11 жыл жұмыс өтілі бар деп тарифтейді. Ал ақпан, наурыз айында еңбек өтілі өзгереді ғой. Сол себепті, ол адам еңбек еткен айларын енгізген кезде бағдарлама басқаша көрсетеді. Ашығын айтқанда есептеудің кемшіліктері бар. Бір жерде аз есептейді, бір жерде артық есептейді. Дегенмен, бұл құрал арқылы жалақы қаншалықты дұрыс есептеліп жатқанын білуге болады. Екіншіден, мұғалім қазір, келесі жылы немесе одан кейінгі жылдары жалақысы қаншалықты өсетінін есептей алады», – деді ол. Министрдің айтуынша, жоғары оқу орнында оқитын болашақ педагогтардың мұғалім жұмысына деген қызығушылығы артқан. «Жуырда Алматы қаласында болашақ мұғалімдермен кездестім. Студенттер әр-түрлі үстеме қаражат қосылған келешектегі жалақысы жайлы білген кезде, мектепке келіп жұмыс істеуге деген қызығушылығы оянды. Жалпы, ұстаздарды қолдауға арналған шаралар іске асырылады», – деді Асхат Аймағанбетов. Министр білім және ғылым саласының қаржыландырылу деңгейіне айырықша тоқталды. «Мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Он бір жарым триллион теңге айтарлықтай қомақы қаржы. Бюджет тарапынан теңдесіз қаржыландыру. Бұл – жеке мектептерді, жекеменшік және мемлекеттік балабақшаларды, қосымша білім беруді қаржыландыруға мүмкіндік береді. Білім берудегі барлық дерлік сала қаржыландырылады. Екінші, «Педагог мәртебесі» заңын қабылдадық. Бұл – 5,3 трлн теңге. Жалақы өседі, педагог заңмен қорғалады. Вертикальді білім беру жүйесі де, енгізіліп отырған маңызды жаңашылықтың бірі. 2021 жылы қаржыландыру мәселесі қарастырылады. Ғылым саласын қаржыландыруды биыл екі есе арттырдық. Бұған дейін конкурстарды үш жылда бір өткізсек, ендігәрі жыл сайын жарияланатын болады. Бұл – ғылымға тікелей қолдау көрсету. Жалпы ішкі өнімнің 1%-ы бөлінеді. Биыл ғылыми институттарға бір миллиард теңге бөлдік. Стипендия 25%-ға өсті. Жоғары оқу орындарында білім беруге 340 мың теңге бөлінеді. Мемлекет басшысы қолдау көрсетіп, алдағы уақытта бір миллион теңгеге дейін бөлуді жоспарлап отырмыз. Бұл – оқытушылардың жалақысының өсуіне, білім сапасының артуына әсер етеді», – деді министр. Сөзінің соңында Асхат Аймағанбетов көптеген түйткілді мәселелер бар екенін айта отырып, оларды шешу үшін нақты шаралар қолданылып жатқанын еске салды.
inbusiness.kz