Қаһармандық дастандар. Бұлар мазмұны жағынан да, сюжеті
жағынан да таза батырлық сипатта болмайды. Мұнда кейіпкердің ерлігінен гөрі басынан кешкендері көбірек әңгімеленіп, оның қаһармандығы елге шапқан жаумен шайқаста емес, оған кездейсоқ кездескен қауіпті жандарды, немесе айдаһар, дию, дәу сияқты мақұлық-құбыжықтарды өлтірген тұста көрінеді. Осы тұрғыдан келгенде бұл дастандар классикалық батырлар жырына емес, біздің батырлық ертегілерге ұқсайды. Мұны кейіпкердің ісәрекетінен ғана емес, дастанның сюжетінен де көруге болады: олардың сюжеті, негізінен, ертегілік болып келеді. Сондықтан қаһармаңдық дастанды
кейбір ғалымдар жеке дараламайды, оны новеллалық, немесе ертегілік дастан деп атайды, я болмаса діни дастандар құрамына енгізеді, өйткені батырлар кейде исламның қайраткерлері болып келеді. Алайда, соған қарамастан бұл дастандардың баяндалуы, жалпы поэтикалық болмысы батырлық эпостың табиғатына жақын («Иранғайып шаһ Ғаббас», «Баһрам», «Мәлік Хасан», т.б.).