Қиял-ғажайып ертегілер де – ең көне жанрдың бірі. Мұнда сонау
матриархат заманында пайда болған ұғымдар мен нанымдар көркем функция атқарады, сондай-ақ әр дәуір болмысының элементтері көрініс табады. Ертегінің бұл түрі, жалпы, бүкіл көркем фольклорға ықпал етіп, олардың қалыптасуына араласқан. Мұндағы кейіпкерлер айқын үш топ құрайды: басты қаһармандар, олардың көмекшілері және қарсыластары. Басты қаһарман – көп жағдайда кенже бала (жалғыз бала), сондай-ақ әлеуметтік статусы төмен адамдар (тазша, жаман, қойшы) болып келеді. Алғашқысының негізінде минорат салты жатса, екіншілері ертегінің демократиялық мәнісінен әрі утопиялық мақсатынан туындаған. Бас қаһарманның дос-көмекшілері көбінесе ғажайып кейіпкерлер, керемет қасиетке ие адамдар, немесе пірлер, я болмаса оның жан серігі – аты, әйтпесе басқа бір құдіретті зат болады. Оның қарсыластары –бір жағынан, мифологиялық құбыжықтар да, екінші жағынан, әр түрлі әлеуметтік топ өкілдері. Қиял-ғажайып ертегілердің тұрақты, жүйеленген композициясы және гиперболалық баяндау стилі бар.