Демейді бұл келісті батыр тегін,
– Рахмет, артқан екен ақыр сенім!
Айта бар, Мәкалайға, менен сәлем,
Қол тимей… егін егіп жатыр дегін.
Николай бұл хабарды місе тұтпай,
Қиналды жауабының мәнін ұқпай.
– Қайтпасам болмайды екен өзім барып,
Ол неге жатып алды үйден шықпай?!
Деді де, дайындалды жол қамына,
Бара алмай істің байып, талғамына.
– Кешегі жауды қырған батыр Кейкі,
Бұл күнде қорқақ болып қалғаны ма?!
– Жол алыс, біраз жерге барып қонсақ,
Бір атты жетегіне алып қосақ.
Күн туса әлдеқалай… дегендейін,
Соңына ертіп алды әскер – жасақ.
– Болжармыз болған жайды бара көріп, –
Бір үміт жалп еткендей жана беріп…
«Тоқанай», «Құмкешудің» үстіменен,
«Тастыға» жетті олар ара қонып.
«Тастыға» сәске түсте келді жетіп,
Қолдағы қызыл туды желбіретіп.
Қан көрген, қызыл көрген күні кеше,
Қалғандай мына жайға ел дір етіп.
«Жалдама» жағасында еңістегі,
Кейкі де елмен бірге егісте еді.
Токарев кідірместен тартты сонда,
Кейкімен толатындай кемістігі.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ