Жалғыз арша, өсетұғын күнгейде,
Көрік беріп маңайына сәнімен.
Тасты бұлақ сылдырлайтын іргемде,
Күміс күлкі, көтеріңкі әнімен.
Жалғыз арша. Жалғыз ізді соқпақты,
Дәурені өткен бабалардан қалған із.
Біздің ауыл мәпелейтін жақсы атты,
Жүйрік жайлы айтады олар, Айға аңыз!
Жалғыз арша. Жалбызды сай исінген,
Шың басында балапан құс шаңқылы.
Асқар таулар төбелерін күн сүйген,
Көлді сайда, қоңыр қаздар қаңқылы.
Жалғыз арша. Жалғыз арман ойдағы,
Жалқы ойыма серігімдей сыңарсың.
Жалғыз ән ең, айтылатын тойдағы,
Жалғыздыққа сен де, бәлкім, құмарсың.
Жалғыз арша. Тобылғы сай бөктердей,
Кепеш төбе… Шақырады кекілік.
Сағынасың сен де мендей көктемді,
Көк көйлекті көктем қалар кешігіп…
Жалғыз арша. Жұпар иіс аңқыма,
Жалғыз Құдай жар болады жарлыға!
Жолаушымын қарайлаған артыма,
Жар бол, Аллаһ, алдыма…
Ербол Бейілхан