Сіздерге болсын қайырлы

 
Мен туған тауды көрсең-ау, шіркін, құз еді,
Бесбоғданың етек басы мұз еді.
Тоғыз көлдің қаздары қайтқан қаңқылдап,
Біз кеткенде күз еді…
Ортасай жайлау… апам жаяр өресін,
Қозы көгендеп, желі бауын керетін.
Қаракөл беті аққу-қаздардың әні боп,
Таңменен түлік өретін.
Қаракөк едім, тұлпар кетпеген тақымнан,
Қара өлең едім, бақыт ұшпаған басымнан.
Қазақтың салты балалығымнан бойымда,
Қаныма сіңген жасымнан.
Шың етегінде Шаңбақкөл жатыр, әсем-ді,
Ақсайдың сайы көгорай шалғын, әсерлі.
Ақсайда жатқан Сарыкөл, сені, жек көрем,
Жұтқансың есіл әкемді.
Жаматы, Усай дүбірлі, думан болған жер,
Сәйліктің басы атамыз таңдап, қонған жер.
Көлденеңдеп, көз алдымнан кетпейсің,
Анамның жасы тамған жер.
Арқар мен құлжа, тауешкі толған құз далаң,
Шыңдарың қандай! Тәкаппар қыздай
сызданған.
Бабадан қалған қазақы дәстүр бір сенде,
Заманның сеңі бұзбаған.
Сағыныш кернеп, жүректі талай айырды,
Үш Ойғыр, өзің туғансың мендей шайырды.
Төрт ұрпақ түлеп, біздерден қалған Бесбоғда,
Сіздерге болсын қайырлы!
Сіздерге болсын қайырлы!
 
Ербол Бейілхан
 
 
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *