Алғашқы қар. Қансонар. Түлкі дейсің!

Алғашқы қар. Қансонар. Түлкі дейсің!
Бурабай-сұлу, сыңғыр күлкідейсің.
Жұмбақтасты тербеткен жұмақ айдын,
Самалыңмен жанымды сілкілейсің.
Көкше шың, қыран түлеп, бұлт қонады,
Шуда бұлт – Қазақ атты ұлт қонағы.
(Қарға аунаған түлкідей бұлаңдайсың,)
Тас тескен таудың суын ұрттағалы.
Аппақ айдын, ақ қайың, қарағайлы,
Аппақ түн, ұқсатамын саған Айды.
Арман қуып, шығып ек шың басына,
Жапырақ-сары сағыныш домалайды…
Сағыныш… айтпайықшы мұңдар жайлы,
Айтайық асу белдер, шыңдар жайлы.
Үмітіміз үзілмес деп тіледік,
Үзіліп құлағыңнан, сырғаң қалды…
Сырғаң қалды, орманның сыңғырындай,
Таң бозарды, түргілеп түндігін жай.
Армансыз ару күндер өтті білем,
Аңызсыз, Оқжетпестің шындығындай.
Қараша. Алғашқы қар. Құлады Күз.
Ертең – қыс кебін киіп, солады түз…
Бұйығып Бурабаймен қоштасарда,
Тығылып, ағыл-тегіл жылады қыз…
 
 
Ербол Бейілхан
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *