Бұршақсыз көңіл көгені,
Мінезге кетті нұр тарап.
Елеңдеп, «келем» дегелі,
Баладай жүрсің, күн санап.
Көгершін-сезім таранып,
Қауырсын-хаттар ұшырған.
Қаңқылдап қаздар, ән алып,
Тырналар өтті тұсымнан.
Сонда мен сені ойладым.
Аққуым мұңлы, ақ мамық.
Сағындың сен де ардағым,
Сары жапырақ жастанып.
Қарашық талды қараумен,
Қазанның соңы қараша!..
Саусақты бүгіп санаумен,
Күтеміз, енді балаша…
Ербол Бейілхан