Өмірімнің мәнін саған арнадым,
Тағдырымның әнін саған арнадым.
Тірліктегі мен меңгерген биікке,
Сен көтердің шабыт беріп, арманым.
Сені аңсап, ойға баттым таңдарда,
Баққа бардым сені іздеп жаздарда.
Келе ме деп хабар күттім жолдардан,
Сәлем айттым тізбектелген қаздарға.
Жылдар өтіп, мезгілімен күз келді,
Сені құшқан ақ қайыңға жүз келдім.
Аққу сынды сыңарынан айрылған,
Тыным таппай күнде сені іздеймін.
Сезімімді бәрі тежей алмады,
Жүрек, шіркін, өзіңді аңсап болмады.
Екеумізді екі жаққа айырды,
Тарам-тарам мына өмірдің жолдары.
Маңдайдағы пешенеге бағынып,
Жылдар барады, бізді бөліп ағылып.
Бұл жалғанның күйбеңінен қорқамын,
Сені көрмей өтем бе деп сағынып.
Ербол Бейілхан