Аспанда – ай дара

 
Мұраты өзіңсің деп арманымның,
Бір талын ұсынып ем Айға гүлдің.
Мұрнына апарды да Ай иіскеді,
«Иісі сіңген гүл – деп, – ардағымның».
Елітіп отырушы ең, жұпарыңмен,
Ауадай қажетсініп, жұтарым ең.
Сұрықсыз жалған тірлік тоңдырған да,
Аймалап жылтушы едің құшағыңмен.
Көгілдір, шуақ шашар көктемдейін,
Бусанып, алып жатыр көк бел демін.
Сағынышты сабылтып, жетекке алып,
Артынан жалбаңдайсың көш-керуеннің.
Өкінесің, зырлауық күнге қарап,
(Көбелек шілде айында гүлге қонақ…)
Жердің үсті бүгінде толған жұлдыз,
Мен сені отырамын Айға балап.
Гүл-ғұмырың қалмасын жараланып,
Көп жұлдыздың біреуі барады ағып.
Айнымайтын сертіңнен сен секілді,
Ай аспанда тұр әне, дараланып.
 
Ербол Бейілхан
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *