Жанымның таба алмас емін,
Ғашықтық ұрттаған құсам.
Мен сені сүйе алмас едім,
Сен жұртқа ұқсаған болсаң.
Жан едің, жамалың бөлек,
Шуағын төкті… қаладым.
Жаралған ақылың ерек,
Ешкімге ұқсата алмадым.
Жүректің көзі жарқ етіп,
Сыр-сандық ашылды қоймам.
Бойыңда бір мін жоқ етіп,
Жаратты шебер қол – Аллам!
Кербезім, нұр алау, керім,
Сағынып, құс болып ұшам.
Сен мені сүйе алар ма едің,
Мен жұртқа ұқсаған болсам?
Ербол Бейілхан