Теңізді аңсау…

 
Тірлік-ау, сенің шықсам деп едім,
күрмеуіңнен!
Ару дүние! Қаларсың бір күн сүйгенмен…
Бұйра бұлттардың шудасын тарап келдім де,
Ұшақтан түсе, теңізге тарттым бірден мен.
Көзіммен көрдім, іңір мен құтпан таласын,
Түбіт-түн келді, аспаннан жұлдыз таматын.
Сағынып жеткен жанымды толқын тербетіп,
Жағалап жүрмін, Каспийдің ерке жағасын.
Көк теңіз жатыр, аруанадай иісінген,
Айналдым сенің толқынмен жеткен иісіңнен.
Теңіз тербеген әсем Ақтауға қараймын,
Тау мінез ұлмын, сұлулығыңа сүйсінген.
Теңіз көмкерген аспан да бүгін аласа,
Көкке шабады көңіл-арғымақ тамаша!
Құстары шулап, балығы тулап қаптырмай,
Асау толқындар жар соғып жатыр таласа.
Сырластым теңіз-жұлдызы куә Ай баққан,
Жұлдыз бен Айы сәулелі сезім ойнатқан.
Каспийге аққу қыста келеді деуші еді,
Адасып жүрген мына бір аққу қай жақтан?!.
 
Ербол Бейілхан
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *