Қажығұмар Шабданұлының
рухына арнаймын
Құлжабас, шоқпардай мүйізді,
Кең тыныс, бөкендей танаулы.
Қырандай шолатын қиырды,
Барыстай текті едің санаулы.
Іліп ап, сұңқардай жем шашсаң,
Тоймаған құмайдай оқырман.
Қарғалар етекке жармасқан,
Арыстан дауысыңнан шошыған.
Шайыр тіл, тұйғындай түйіліп,
Лағыл маржандай сөз ілген.
Көмейге асыл сөз құйылып,
Тыңдаушың егіліп, емінген.
Жараған бурадай кеуделі,
Төзімі қайыспас нар сынды.
Арлан көз, буыршын шекелі,
Теңіздей телегей, тамшы үнді.
Шиебөрі талауға қаптаған,
Соңы едің тектісі тарғылдың,
Дұшпанның қылышы батпаған,
Алашым, арыстан айрылдың..
Ербол Бейілхан