Мен, қайыртпай кеткен қыранмын…
Қашаған Күржіманұлы.
Маңғыстау – көне шежіренің сүрлеуі,
Аңызға толы: теңізі, тауы, күнгейі.
Әуелі Алла! Пір соңы – Бекет сыйындым,
Бисмиллаһ, тілімнің шешіл күрмеуі.
Бір Алла, Өзі, жоқсыздан барды жасаған,
Бермесе Ием, өлең туа ма тасадан?
Жаратқан Алла, Қыдырға бата бергізіп,
Сөз дарып бойға, ақын атанды – Қашаған.
Сөз деген мұра, сөз деген асыл киелі,
«Қайыртпай кеткен қыран ең» сөзі жүйелі.
«Топан» деп жырлап, Алаштың мұңын
жоқтаған,
«Көбік шашқан» жалғасын тапқан күй еді…
Тұлпар ең озған, сұңқар ең ғажап ұшқаны,
«Абайсыз өскен алшаң ең» бөлек ұстамы.
«Сұраған жұртқа» беріп ең сөздің жауһарын,
Әніңе салды Каспийдің әнші құстары.
Дүние – базар, алмасқан алшы, тәйкісі,
Рухын сыйлар, азат ойыңның тамшысы.
Жеті жұлдыздай сәулелі жырын төгіп тұр,
Аңызға айналып «Адайдың жеті қайқысы».
Жырыңа бөлеп – Еділ, Жайық, Електі,
Бұлбұл үніңе Көкжардың жұрты шу етті.
Дауысыңды естіп, ордалы жылан шошыған,
Ақиық ақын, дегелек құстай жүректі.
Алмастай өткір, тәксіз өскен тарпаңым,
Құлнияз бенен Нұрымның көрген айқайын.
Маңғыстау сынды мәндала шапан жарасқан,
Сарыарқа сынды жазира ойлы байтағым.
Жыраудың ізі, құс тістеген шешені,
Батысым байлық, ән менен жырдың мекені.
Ойларым асқақ теңіз тауларда тербеліп,
Көңіл дөненім, Ақтауға қарап өседі.
Маңғыстау тағы, қоштасып жатыр күзімен,
Каспийдің құсы сағынышыңды түзіп ең…
Қашаған ақын, Құлатты кеттің құлдилап,
Желмая мінген, Асан қайғының ізімен.
Ербол Бейілхан