Ой – теңіз, сөз – қылыш, алдаспан,
Қызыл тіл – қылпылдақ ұстара.
Алтынның сынығы ем, жалғасқан,
Ей, өмір, жағамнан ұстама!
Ой зерек, сөз жібек, түрленген,
Таспалап қара өлең өргем-ді.
Ми қайнап, санада бүрленген,
Дүлдүл жыр жұлқиды кермемді.
Жұпарлы сөз сауған шайырың,
Ақ өлең… Көк үйрек дүр етті.
Құйысқан қара өлең қайымың,
Күмәнсіз жаулайды жүректі.
Көк тіліп, қыран-ой қалқыған,
Сүйсініп, ақ жаулық бұлт құшты.
Сырлы сөз, әсем ән шалқыған,
Тыңдаушым, қауышар күн шықты.
Жыр тіктім, құрақтай құрамай,
Өзендей тасыған ағам-ды.
Сөз – жебе, оқ тимес құралай,
Тарих, өзің бер бағамды.
Қырандай түлеген дүр етіп,
Көсемсөз, асыл тіл түрленді.
Жырыммен ғаламды гүл етіп,
Мен келдім, күмістеп күймемді.
Ербол Бейілхан