Күзгі қолтаңба

 
Жабағы өмір арқан түсіп, күзелді,
Ақ жусанға қырау қонып, сыз өрді.
Жыл ұлдары бақталасып қалды да,
Қайтқан құстың қанатында күз өлді.
Күзді көміп… жыл құстарын ұзатып,
Шөпті сүйіп, жерге сіңді бұла шық.
Керуендей қаздар қайтып барады,
Қанатынан сары сағыныш құлатып.
Уақыт-ай, сарғайтатын гүліңді,
Менің Гүлім болса екен ғұмырлы.
Тізбектелген тырналардың үнінен,
Жанымның бір жапырағы үзілді…
Құс келетін сағынамын көктемді,
Өмір – cұрақ, леп, үтір, көп белгі…
Оқыған жан қолтаңбамнан танитын,
Мен өлеңге қоям дара нүктемді.
 
Ербол Бейілхан
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *