Тіл адамзат қатынасының маңызды құралы. Ол алғашқы қауымдық құрылыстың ерте кезеңдерінде-ақ қалыптаса бастады. Адамдар аң терісін жамылып, тастан жасалған еңбек құралдарын пайдаланып жүрген кезде-ақ, оларға бір-бірін түсінуге көмектесетін дыбыстар қажет болды. Алғашында адамдар «тамақ», «от», «қауіп» деген сияқты ең басты ұғымдарды түсіндіріп, қуаныш, қорқыныш, ашу сияқты сезімдерін жеткізуді үйренді. Уақыт өте келе сөздік қорлары ұлғайып, бір-бірінен алшақ өмір сүретін әр түрлі тайпалардың өздерінің тілдері қалыптасты. Тіпті лингвистика (тілдерді зерттейтін ғылым) саласының мамандарының өздері біздің ғаламшарымызда нақты қанша тіл барын дөп басып айта алмайды. Алдын-ала зерттеулер нәтижесінде 2,5 пен 5 мың арасында «тірі» тіл анықталды. Тірі тілдердің қатарына өте аз адам сөйлесе де, біздің заманымызда пайдаланылатын тілдер жатады. «Өлі» тілдердің қатарына бұл күнде ешкім сөйлемейтін, ежелгі мемлекеттердің тілдері жатады. Мысалға бұл тілдерге көнеегипет, көнегрек, латын тілдері жатады.