Жер берген Жәпекұлы Жортушы батыр

 

Қазақта бітпеген дау жер дауы мен жесір дауы екені белгілі. Жер беру үшін жер берілетін, адамның еңбегі шексіз зор болуының өзі жеткіліксіз.
Сақ тайпасының патшасы Мөденің аса бір жүйрік тұлпарына Қытайдың патшасы ілік шығару үшін маған берсін деп сәлем айтып жібереді. Мөде уәзірлерімен ақылдасса олар бермеңіз депті. Мөде атты береді. Басынған Қытай патшасы енді әйеліңді бер дейді. Уәзірлері бермеңіз дейді. Мөде береді. Тіпті басынған Қытай патшасы өзеннің бер жағын бізге беріңдер деген екен. Уәзірлері енді беріңіз дейді, бірақ Мөде бермепті. Сондағы айтқан уәжі: Қытай патшасы ілік іздеп отырғанын білдім, аз да болса күш жинап алайын, ел аман болса жылқы да, адам да табылар дедім. Ал жер менікі емес, елдікі де емес, одан қасиетті ештеңе жоқ. Ол үшін жан алысып, жан беруіміз керек. Мөде соғыс ашып Қытай патшасының басын алыпты.
Абылай хан да кезінде жер бере алмапты. Қырғыздың бір биі қартайғасын, билікті інісіне беріпті. Бірақ ел ағасын таңдайды, оны елемепті. Оған біреулер сен ағаңның мініп жүрген жорғасы бар соны сұра, оның киесі сол деп ақыл айтыпты. Ағасы атты бермепті, қолында билігі бар інісі атты тартып алыпты, осыған ренжіген қырғыз биі Абылайға келіп жер беріңіз, мен де бір еліңіз болайын деген екен. Сонда Абылай: «Жер иесі ел, ел иесі мен, бірақ жерге ие емеспін. Егер Атығай Бақтыбай би жерін берсе, мен ел қылып алайын» деген екен.
Тарихта жерді беріп алып қойған да кездескен. Қаракесектің атақты батыры Жарылғап тобықты Қараменде биге жер берген. Бірақ елдің қысымына шыдай алмай Қараменденің үйіне келеді. Оны естіген би кездеспеу амалы үшін кетіп қалыпты. Келген батыр бидің жоқ екенін көріп тоқтамай бізге бір кесе айран беріңіз деп кесемен берген айранды пышағымен тіліп-тіліп бәйбішеге қайтып беріпті. Қараменде келгенде өкінген екен, жер қайта бөлінеді деп.
Енді Жортуылдың кімге жер бергеніне келейік. Біз осы кітапта Қасымды хан сайлатпаған Әлдебек би мен Айтпай батыр туралы жаздық (Қараңыз «Атығай, Қарауылдың ұлы көрегендігі мен ұлы батырлығы»). Міне біз сөз қылып отырған Айтпай осы. Енді Айтпайға Жортуыл неге жер берген дегенге келейік.
Осы Айтпай батыр, Жирен байтал әңгімелерін бәсентиін, 88-ге келіп отырған Сүлейменов Қуанышбай ақсақалдан жазып алдым.
Шұқыркөл ауылының солтүстігінде 12 шақырымдай жерде Қазақстан деген ауыл бар. Сол ауыл жақта Үлкенкөл көлі бар. Сол көлдің ығында Жәпек шілігі деген шілік бар. Біз елдің шежіресін жинап жүргенде осы қай Жәпек деген сұрақ қойдық біледі деген кісілерге, ешбірі анық айта алмады. Шұқыркөлде Жәпек деген кісі болған, бірақ бұлардың бұл ата жұрты емес. Қазақстан ауылында Қанжығалының екі-үш үйі болмаса негізінен бәсентиіндер. «Бұлар бәсентиіннің Хангелді-Күшік атасынан тарайды», – дейді өзі осы ауылдың тұрғыны, бәсентиін Қуанышбай ақсақал.
Қалмақпен бір соғыста Айтбай батыр қолға түсіп қалады. Қанша қорласа да, қорлыққа көнбей қасқайып айтқандарына көнбей қояды. Оның өжеттігі мен төзімділігіне тәнті болған қалмақтар өздерінің жағына шығаруға тырысады. Айтбай көнбейді. Оның ерлігіне риза болған қалмақ ханы: «еліңе жіберсем не етер едің?» дейді. Кейін Айтбай осы сертін орындаған. Қалмақ ханы Айтбайды өлтіруге қимайды. Қалмақтар той өткізіп, балуан күрестіріп түйе палуан аталған бір дәуін ортаға қояды. Оған ешкім шықпайды. Қалмақтар «осыны жеңгендеріңді елдеріңе жібереміз» деп қазақтарды мазақтайды. Айтбай қалмақтың түйе балуанымен сүт пісірімдей күресіп жығады. Ит жығыс деп қайта күрестіреді, қайта жығады. Бірақ қалмақтар айтқанын орындамайды. Енді садақ атамыз кім тигізеді деп жар салады. Құдай кесірін тигізіп, қалмақтың мергендері екі реттен атып нысанаға тигізе алмайды. Айтбайды алып келіп ат дейді. Айтбай батыр бір атқанда нысанаға дәл тигізеді.
Сөйтіп жүргенде қалмақтың ханының қызы Айтбайға ғашық болып қалады. Бір күні қыз келіп: «Ертең сені өлтіреді, сосын бұл жерде қазақтың батыры Айтбай қалмақпен соғыста өлді деп жазатын болады. Бүгін түнде қашайық», – дейді. Айтбай: «сенің әкеңнің бір тайтұяқ алтын жамбасы бар, соны алып келмесең, қашпаймын, саған сенбеймін», – дейді. Қиналып қыз кетеді. Әкесі үйден шығып кеткенде жамбыны қыз алып, түнде екі мықты атпен екеуі қашады. Қалмақтар қуып береді. Таң ата бір сайдан өте бере алдынан қалың топ көрінеді. Айтбай қуанып: «дәуде болса осы мені іздеп келе жатқан қазақ қолы болса игі еді», – депті. Сонда қалың қолдан бұрыла қыз екеуі қаша береді. Бұлар көрген қалың қол расында да қазақтың қолы екен, ішінде Айтбайдың үш інісі болып шығады. Қолды бастап келе жатқандар сол інілері екен. Боқбасар деген өзіне тақау інісі: «осы дәуде болса қалмақтың қызын алып қашып келе жатқан Айтбай болмасын», – депті. Ал ендеше қудық деп Сағындық деген інісі бірден қуғыншылардың ізіне түсіпті. Қазақтар қалмақтарды сол жерде жайпап салыпты.
Содан қуанып елге келіп той жасап Айтбай інілеріне бір тай тұяқ алтынды берсе, үлкен інісі Боқбасар: «мен сені аман алып қалдым, сен маған қалмақтың қызын бер», – депті. Айтбайды алдымен құтқарған қыз, сосын біз, бір Айтбай деп қашты ғой, әйтпесе қалмақта жігіт табылмай қалды дейсің бе? Бұныңды қой десе Боқбасар өздігіне басып көнбепті.
Сөйтіп отырғанда қолға түскен тұтқынынан, қызынан, тай тұяқ алтыннан, біраз адамдарынан айрылған қалмақтың ханы Айтбайдың ауылын қалың қолмен қоршап алыпты. Олар: «Айтбайды тірідей қолымызға берсеңдер ауылдарыңа тиіспейміз, әйтпесе түгел қырамыз» – депті.
Маған қатын қылған қалмақтың қызын бермеп едің, мен сені қалмағыңа бердім, – деп Боқбасар қисайыпты. Содан бәсентиіндер ақылдаса келе Айтбайды қалмақтарға беретін болыпты. Бұны естіген Айтбай, кемпірдің киімін киіп, жаман атқа мініп мал айдаған боп елден қашып шығыпты.
Қашып шыққан Айтбай өзінің жаугершілікте бірге болған батырларын ертіп әкеп елге әңгір-таяқ орнатып жатқан қалмақтарды қуып шығыпты. Содан еліне, ағайынына ренжіп өзіне қараған ағайынымен досы Ораздың Жәпегінің Жортушы деген батырына келіпті. Бір жағынан бізге көрші, бір жағынан Андағұл, Жұмыққа көрші бол осы жерді бердім саған депті Жортушы батыр. Жаман шұбар, Жезлау деп аталатын жерлерді берген екен. Ағаңды сатып кеттіңдер деп Айтбайдың үш інісін қалған бәсентиіндер де сыйғызбапты. Жаздық, жаңылдық деп үш інісі Айтбайға келген екен. Айтбай оларды да қабылдап алыпты. «Қазір содан 100 шақты үй болдық» – дейді екен Қуанышбай ақсақал.
Айтбай Айдаболұлы Түркістанда жерленген. Айтбай – Сағындық – Бүркіт – Арық – Шүленбай – Ешмағанбет (одан Ғазиз ағай және Мәйкеш жеңгей Қуанышбай ақсақалдың бәйбішесі) және Сақып шешей одан туған мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімов.

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Шал ақын Құлекеұлы, Шығармалары, Алматы, 1999 ж.
2. Ш.Уәлиханов. Собрание сочинений, т.1. Алматы, 1985 ж.
3. Тарихи жырлар, Алматы, 1 том, 1995 ж.
4. ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғылыми кітапханасы, Сирек қор, № 814 бума. ҚР ҰҒА Орталығық ғылыми кітапхана қоры 2, 1178 папка.
5. Бұқар Жырау Қалқаманұлы, Алматы, 1992 ж.
6. І.Есенберлин «Жанталас», Алматы, 1975 ж.
7. Т.Қажыбаев «Жәпек батыр» поэма, Астана, 2004 ж.
8. ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғылыми кітапханасы, Сирек қор, 814 (Шал).
9. ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғылыми кітапханасы, Сирек қор, 245 (Шал).
10. ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғылыми кітапханасы, Сирек қор, 517, 2-дәптер (Ақмола – Көкшетау экспедициясы) 1067, 1057, 1-33 дәптер. (Халық аузынан, Жинаған Аймағанов С.).
11. ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғылыми кітапханасы, Сирек қор, 420 (Шал).
12. ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғылыми кітапханасы, Сирек қор, 1884 (Орманбет би, Абылай хан туралы және Абылай ханның тұсындағы қазақ батырлары, жинаған Иса ұлы Бекіш).
13. Мұсатай Ғалым «Атығай этнологиясы», Көкшетау, 2014 ж., 525 бет.
14. Мұсатай Ғалым «Жәпек батыр», «Бұқпа!» газеті, 2003 ж., 15.05, 22.05, 29.05, 12.06, 19.06, 25.06.
15. Мұсатай Ғалым «Жәпек батыр», «Ана тілі» газеті, 2005 ж., №21, 25, 28, 31, 34, 41.
16. Мұсатай Ғалым «Асыл сөз», Қарағанды, 2000 ж., Алматы, 2002 ж., 227 бет.
17. Мұсатай Ғалым «Алтынның сынығы», Қарағанды, 2004 ж., 267 бет.
18. Есмағанбет М.Ғ. Абылай және Жәпек батыр. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция «Қазіргі кездегі Отан тарихының мәселелері». Көкшетау, 2008 ж.
19. Есмағанбет М.Ғ. Абылай ханға Құткелді. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция. «Қазіргі кездегі Отан тарихының мәселелері». Көкшетау, 2008 ж.
20. Мұсатай Ғалым «Атығай, Қарауыл шежіресі», Көкшетау, 2018 ж., 255 бет.
21. Т.Қажыбаев «Жәпек батыр», «Арқа ажары», «Солтүстік Қазақстан» газеттері, 1999 ж.
22. Мұсатай Ғалым «Атығай шежіресінің деректері», Көкшетау, 2018 ж., 536 бет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *