Жәпек туралы аңыздар

Жәпектің қырық батырды өлтіруі

Елдің айтуынша Абылай мен Жәпек жастайынан бірге өскен, бір тәрбие алған, батырлықтары да бірнен-бірі асқан, бір-біріне шын берілген, бірге туғандай болған адамдар. Жәпек те «кірген жерін тесік қып, шыққан жерін есік қып» дұшпандарының іргесін айрандай ірітіп, тозаңдай тоздырады [ҰҒА., ОҒК., 1, 2, 4, 5, 8, 9, 22, 23].
Абылай үйге тіреу сырық болған,
Ұрса шоқпар, ұстаса құрық болған.
Ер Жәпек Абылаймен егіздей болған.
Бір айқаста қырық батырды қырып салған.
Бұл жолдардан біз Абылай мен Жәпектің тұлға, күштерін үлкен шеберлікпен берілгені аңғарамыз. Атышулы жоңғар- дың Кәбін батырын да Жәпек жекпе-жекте өлтірген. Жәпектің атын шығарған айқастың бірі осы Кәбінді өлтіріп, сол шайқаста жаудың қырық батырын мәйіт қылуы. Соны Толыбай деген сыншы былай келтіріпті:
Ерледің Жәпегім, ерледің,
Еліңді жауға бермедің.
Жеріңнен қуып жауыңды
Өз жеріңде жерледің.
Қырық батырды өлтірген,
Сендей батырды көрмедім, – десе,
Ойпырым-ай, адамның бір зоры екен,
Дұшпанының соры екен.
Елінің қамал-қорғаны,
Батырлардың алтын қоры екен, – депті Үмбетей жырау.
Осы ұрыстан кейін Атығай-Қарауылдың бас батыры болғанға ұқсайды. Себебі «Бөгенбай батыр» атты жинақта Бөгенбайдың көзі тірі ұрпағы Қ.Нұралин ақсақал «…Найман қолын Қаракерей Қабанбай, екі шекті, тоқал арғындары жасағын Шақшақұлы Жәнібек…, Атығай-Қарауылдың жаса- ған Жәпек, бәсентиіндерді Сырымбет, Малайсары, Қанжы- ғалыларды Бөгенбай батыр дың өзі бастап келді», – деп жазады [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].

Жәпек пен күн райын болжағыш Рай

Абылаймен қолға түскен кездегі тағы бір әңгіме желісін тарата кеткен жөн болмақ [ҰҒА., ОҒК., 1, 2, 4, 5, 8, 9, 22, 23].
Бірнеше күнге созылған ашулы ақ түтек боран қалмақтардың басына қара түнек орнатқандай болады. Үйлерінен шыға алмай ұйлығысып қалады. Сонда Қалдан Серен «Мына қазақтардың ішінде күн болжағыш бар ма екен, барып біліңдер» дегенде Абылай тобындағы қырық жігіттің қырық түрлі өнері бар болып шығады. (М.Жүсіп Уақ Өтеген батыр да Абылаймен тұтқында болғанын айтады). Соның бірі Рай екен. Ол жауырынға қарап отырып келер күнді болжай алады дейді. Қалмақ ханының тілегін тыңдап алған Рай «Боран ертең түске жетпей басылады. Қар кешке жетпей түгел еріп болады да хан сарайының алдында бір көлшік пайда болады. Сол көлшікке екі үйрек келіп қонады. Осы айтқанымның бірі келмесе хан басымды алсын, түгел келсе хан бізді босатсын» деген болжам жасап, батыл шарт та қояды. Айтқандарының бәрі келіп, екі үйрек келе қоймапты. Сонда Жәпек «Әй, Райым-ай, боранның басылатынын да, қардың кететінін де, көлшіктің пайда боларын да болжағаның жарайды-ақ, ана екі үйректе не алғаның бар?», – депті. Ел аузында Жәпектің мына сөздері есте қалыпты:
«Япырмай, мына күннің райын-ай!
Он күнде бір ашылмаған ішіңді ұрайын-ай!
Айтқанының бәрі келіп, бірі келмей,
Сол екі үйректе не ақың бар еді Райым-ай!?
Тағдырымыз сол үйрекке қарап қалса,
Бір көмегіңді берсейші құдайым-ай!», – деген кезде көлшікке екі үйрек келіп, жалп етіп қона кеткен екен дейді. Жауырыншының айтқаны айна-қатесіз келіпті де қалмақтардың ауылында қазақтардың беделін биіктетіп әкеткен. Оның үстіне Абылайдың Қалданмен сөз сайысындағы ұтқыр уәжі де біраз жайды аңғартқан. Абылайды тұтқыннан босатуына Райдың да көріпкелдігі себін тигізгені даусыз. Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Жаңасу ауылы – осы Рай тауының іргесінде болса керек [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].

Жер үшін жан құрбан

Жәпек батырдың негізгі қаруы найза екен. Найзамен іліп әкетіп, болмаса ашық тұсы болса найзаны лақтырып құлатады екен. Шашақты найзасы шайқас үстінде опырылып сынбас үшін, оның сабын ешкінің терісінен тігілген тарамыспен шандып байлап тастайды екен. Жәпек:
«Сайып келгенде, әркім өзіне ұнаған қаруын ұстайды. Ал менің найза ұстауымда екі түрлі себеп бар. Оның бірі – мен кісі өлімін жек көремін. Өзімді жазым етердей қауіп төнген жағдайда болмаса, жауыма тіктеп найза салмаймын. Найзаның қызметі – кісі өлтіру емес, оны ат үстінен түсіру. Екіншіден, найза – сесті қару. Оның сестілігін сақтау үшін найзагерге шапшаңдық, қол күші керек. Бұған қоса астындағы атың белді келсін. Бұлар болмаған жерде, найзаң да түк емес…» дейді екен.
Қалмақ пен қазақ бір-бірімен қырылысып ит жығыс түсіп жүрген кез болса керек.
Қалмақтың батыры төбенің басына шығып алып, қазақтарды жекпе-жекке шақырып мазалай беріпті. Екі жақ та қырғын, қантөгіске жол бергісі келмесе керек. Қазақтар ақылдасып Жәпек батырды шығармақшы болыпты.
Балпаң-балпаң кім баспас,
Басарға балтыр шыдамас.
Батырмын деп кім айтпас,
Жекпе-жекке жүрек дауаламас, – деген ғой Ақтамберді батыр, жолың болсын, – деп Ораз бабасы мініп жүрген боз атын құрмалдыққа шалып жіберіпті.
— Жер үшін жан құрбан, – деп Жәпек шыға келіпті.
— Жоқ, жер үшін жауды өлтіріп, тірі қалу керек, – депті Ораз бабасы.
— Екі жақ келісіп екі батыр жекпе-жекке шықсын. Қай жақтың батыры жеңсе, сол жақтың дегені жүреді, – десіпті.
Төбенің дәл ортасында Жәпек пен қалмақ батыры жекпе-жекке кездескен бетте Жәпектің қарсыласы атын бұрып алып, кейін қарай қаша жөнеліпті. Мұны күтпеген Жәпек тұра ұмтылғанда астындағы тұлпары бірден жете алмай біраз қуғанда ғана жақындап қалыпты. Енді найзамен түйрейін деп келе жатқанда қалмақ батыры қазылып қойған ордан секіріп өте бергенде басындағы дулығасы ұшып кетіпті. Жәпектің аты да ордан секіріпті. Енді не болса да Жәпек найзасын қалмақ батырына жіберген ғой. Найза дәл көк желкеден кіріп шығып кетіпті. Жәпектің аты қатты секіргенмен орға құлап, Жәпек атымен орға түсіп кете барыпты.
Дәл осылай Ақтанбай деген батыр орға түсіп кеткенде найманның Кәрібай деген ақыны:
Ақтанбай батыр зарланып,
Шыға алмай жүр қарманып.
Аты оққа ұшқан соң,
Түсіпті әлгі жарға анық.
Төрт мүшесі сау екен –
Сақтаған екен Алла анық.
Тастады орға арқанды,
Қасына түсті дәл барып.
Ажалдан аман құтылды,
Өмірі қайта жалғанып, – деп жырлаған екен. Сол айтқандай қалмақтар өз батырына, қазақтар Жәпекке жетіп келсе, қалмақ батыры өліп кетіпті, Жәпектің аты өліп өзін батырлар шығарып алыпты. Содан келісім бойынша қалмақтар қазақ жерін тастап кетіпті, – дейді ел ауызы.
Сөйтсе бұл қалмақтардың әдейі істеп қойған айласы екен. Бірақ «біреуге ор қазба, ор қазсаң терең қазба», – деп біздің қазақ текке айтпаған болуы керек.
Ерледің Жәпек, ерледің,
Жеріңді жауға бермедің.
Найзамен шаншып жауыңды,
Көзімізше жерледің, – деп Ораз бабасы келіп құшақтаған екен [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].

Басты дулыға сақтамайды, Құдай сақтайды!

«Жау келіп қалды, жау, жау…», – деген сөзден оянып кетіп, сауытын асығыс киіп, үйден шыққан Жәпек батыр дулығасын киюді ұмытып кетіпті. Жауды түні бойы қуып келе жатып батырлар: Жәпек дулыға қайда депті. Сонда «Е басты дулыға сақтар деймісің, Құдай сақтар», – деп жүре беріпті. Жылқыны алуға келген қалмақ батырлары екен. Екі жақ шайқасып қалып екі жақтан көптеген шығын болып, талай бас дулығасымен бірге ұшып кетіпті. Қазақтар жағынан Жәпек, қалмақ жағынан бір батыр кірген жағын – есік, шыққан жағын – жол қылып қырғын басталып кетіпті. Қалмақтың бір батыры қашпай Жәпек екеуі керемет шайқасады. Жәпек бабасы Құдайбердінің аруағына сиынып, «Ісім адал, жауызды өлтірсем қазылық, елім, жерім үшін сенен өлсем шәйітпін. Сен сияқты «құтырған қасқырдай жалақтап, талай қазақты өлтірген тамақтап, жұтуға келген алақтап, озбырлар өлімге маһрұм» деп қалмақтардың қаруына сай найзасын көлбей ұстап қарсы бір дәу батырына ұмтылады.
Екеуі кетті айқасып,
Қару жұмсап шайқасып.
Өлер жерін байқасып,
Ебін қалай табам деп,
Кейбір кезде шегінеді тайқасып.
Найзаменен қағысып,
Қылышпенен шабысып.
Шоқпарменен ұрысып,
Білектері қарысып,
Түйіседі қабағын,
Ыңғайласып сабағын,
Өлтірер жерін ойласып,
Табам деп қалай себебін.
Шоқпарменен ұрады,
Шарт-шұрт етіп сынады.
Қылар ойы таусылып,
Жарақсыз боп құралы.
Жағаласып жанысып,
Күш сынады, тұрады,
Қайрат келіп бойына.
Намыс кіріп ойына,
Шықшытынан ұрады.
Ашулы ердің күшімен,
Атынан қалмақ құлады.
Кіндігінің тұсынан,
Ат үстінен еңкейіп,
Шоқпарменен ұрады.
Жауын жеңіп жайратып,
Сонда көңілі толады.

Қалмақтың батырын байлап алып:
— Неге қашпадың? – депті Жәпек.
— Бәрібір өлем, батыр емеспін бе, жастығымды ала өлейін, – дедім депті қазақша білетін қалмақ батыры.
— Неге өлтірмедің? – депті қалмақ.
— Қашқанды өлтір, қарсыласқанды өлтірме, – деген ханымның сөзі бар еді, – депті Жәпек.
Қазақ батырлары да жиналып тұтқындарды ханға алып келіпті. Жаңағы Жәпекпен алысқан батыр қалмақтың бас батырларының бірі екен.
Абылай: «Мұны кім құлатты, – депті. Мен-ау, мен де, – деушілер болыпты. Қалмақ, жоқ мені түсірген дулығасыз батыр, – депті. Е, ендеше ол Жәпек деген екен бір ауыздан батырлар. Жәпекті алып келгенде қалмақ батыры осы, – депті. Сонда Абылай қалмақтың 10 мыңының басшысын ұрып жыққан Жәпек сен бүгіннен мың басысың деген екен дейді. Сол қалмақ батырын біздің батырға айырбастапты» [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].

Жәпек батырдың арманы

Жәпек төсек тартып жатқанда:
Ил-лә Алла, ил-Алла, кел аузыма,
Кембағалдың жетпейді қолы аузына.
Бізден басқа керуен көшіп кетті,
Мен де күтіп отырмын жол аузында, – деп Қабан ақынның өлеңін айтып отырады екен. Көңілін сұрай келген тұрғыластары:
«Ұрпағыңыз өсті, дәулетіңіз жеткілікті. Талай жауыңызды жер жастандырдыңыз, талай батыр қан майданда шейіт болды. Ұзақ жасадыңыз. Батыр, Сізде не арман бар?» деп сыр тартыпты. Жәпек:
«Батырлардың салтымен қан майданда жан тапсырмадым, жаман шалдарша төсек үстінде өлгелі жатырмын, арман сол!» деген екен. Бөтен жосынды мұндай асқақ арман осал адамның аузынан шықпаса керекті.
Жәпек батырды аздап зерттегеннен кейін маған бір ақынның мына сөздері осы Жәпекке келетін сияқты:
Ақылыңа тоқтасам,
Асып туған данышпан.
Өнеріне тоқтасам,
Хакімдермен жарысқан.
Келбетіне қарасам,
Ай мен күндей тоғысқан.
Шешендігін айтсам,
Нелер бимен соғысқан.
Батырлығын айтсам,
Аждаһамен алысқан.
Қажырына қарасам,
Қара ағаштай жауына
Қажымай қарсы барысқан.
Сабырына тоқтасам, –
Қандай жерде болса да,
Серттен қайтпай қарысқан [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].

Ханға балаған Жәпекұлы Құткелді

Осы арада Жәпектің баласы Құткелдіге ерекше тоқтала кеткеннің еш артықтығы жоқ. Құткелді туған жылы ауа райы нашар болып, жоңғарлар малдарын қырып алып, тұяқсыз қалыпты. Күн болжағыш Рай қазақтарды ескертіп малын аман алып қалса керек. Соны меңзеп Қарауыл Қанай шешен [6,10,17-19,20,21].

Дұшпанға биыл жұт келді,
Қазаққа бақыт, құт келді.
Еліне береке әкелген,
Сен боларсың Құткелді, – деп атың ел ішінде Құткелді болсын деген екен.
Қалмақтың ұлы жоқ бір адамына берілген Құткелді Сарықазақ атанған. Есейіп ер жеткенде оғы далаға кетпейтін ғажап мерген болып көп көзіне түскен. Қалмақ қонтайшысы Сарықазақты үнемі өзімен бірге аңшылыққа алып жүреді екен. Кепілдікке келген айдаладағы қазақтың хан алдында беделі биіктеп бара жатқаны қай қалмаққа жаға қойсын. Қызғаныш туады, қазақ мергенінен құтылудың амалын іздестіреді. Осынау жымысқы қаскөйлікті сезген қалмақ әке Сарықазаққа оңашалап «Балам, сенің тегің қазақ, атақты Жәпек батырдың баласысың. Сенің мына ерен мергендігің қалмақтардың қызғанышын тудырып отыр. Енді аңға шықсаң үйге оралмауың анық, сондықтан бүгін түннен қалмай еліңе бет түзе. Төрт ат байлатып қойдым, қасыңа жалғыз қызымды қосамын. Жар етсең де, басқа біреуге берсең де өз еркің. Тек қарындасыңдай құрметтесең болды», – деп түнде қазақ еліне қашырып жіберген ғой. Сол Сарықазақ еліне оралған. Жеті әйел алған.
Сарықазақтан тараған ұрпақ бүгінгі Айыртау өңіріндегі Қоскөл, Қаратал, Кирилловка аталған елді мекендерде молынан кездеседі.
Сарықазақ аман келгенде той жасап, тағы бір қыз алып беріп Абылай: «бізді – Сарықазақ екеуімізді өлгенде бір жерге қойыңдар, отыз ұлым бір бөлек, Сарықазағым бір бөлек, бұның құны менің құныммен бірдей», – деп аманат айтып кеткен екен дейді.
1721 жылы 23 тамызда Уәли сұлтанның қайтыс болған әкесі Абылайдың орнына хандыққа бекітуге 2-Екатерина патшаға жолдаған өтініш хатында «…при времени отца моего Абылай хана продолжали к высочайшему В. И в. двору службы меньше братья мои и старшины, а имянно, старшины… Сеитян, …, Сарыказак, …, которых всеподдан- нейше прошу высочайше В. и в. милости не лишить», – деп жазған түріне қарағанда Абылай тұқымы Сейтен мен Сарықазақты өздерінің ең жақындары деп есептегендігін аңғару қиын емес.
Сол Сарықазақ (Құткелді) қайтқанда Шал ақын Абылай ханның балаларына:
Дұшпаны Сарықазақты мерген атандырды,
Ханымен бағасын қатар қылды.
Құдайдың құдіреті қандай күшті
Мергенді ханмен бірге жатар қылды, – деп естіртіпті. Сүйегі Абылайдың қасында, Қожа Ахметтің
кесенесінде деседі [ҰҒА., ОҒК., 1, 2, 4, 5, 8, 9, 22, 23].

Жәпек пен Қасым төре

Жәпектің біраз жасқа келіп қалған кезі болса керек. Өзеннің арғы бетіндегі Қасым төреге Жәпек бастаған біраз кісілер қайықпен өткені қайықпен, атпен малтып өткені атпен өтіп жатыр екен. Жәпек атын бір балаға беріп өзі қайықпен өтіп келе жатыпты. Сонда Қасым төре: «Жәпек, өзіңіз батырсыз, атыңызды басқаға беріп қайықпен өткенше атпен өте салмадыңыз ба?» – депті. Жәпек: «Әй, Қасым, сен осы ақылыңды әкең Абылай суға аққанда, ағаң Уәли аралда қалғанда неге айтпадың?» – деген екен [ҰҒА., ОҒК., 1, 2, 4, 5, 8, 9, 22, 23].
Қапелінде сөзден ұтылған Қасым төре орнынан ұшып тұрып: «Қайран, Жәпек ағам-ай, қайран батырым-ай, тауып кеттің-ау, тұра тұр, мен барайын» – деп алдынан шығыпты [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].
Халық мұраларын зерттеуші ҒАЛЫМ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *