Халық мұраларын зерттеуші, ғалым Есмағанбет Мұсатай Ғалымұлының зерттеулерінен

 

Атығай Жәпек батыр

Атығай қоныс салған Жолдыөзекке,
Бір кезде жауда қалған қолды өзекке.
Айырылып байлығынан көп соққы жеп,
Көз жасы Атығайдың толды өзекке.

Мағжан Жұмабаев
Ер даңқты болса,
Елі антты болса,
Әруағы артып жүреді,
Жауы аяғын тартып жүреді, – деген ғой дана халқымыз. Сол даңқты ерлеріміздің бірегейі Жәпек батыр. Ол туралы Шал ақын былай деген екен («Шал ақын Құлекеұлы», 1993, 43 бет).
…Құдайы жақсы жаратқан Нұрекені айт,
Елде жақсы болса, бір-екіні айт.
Атығайда төрт қасқа батыр өткен,
Жантелі, Жәпек, Құлеке, Тілекені айт…
Енді бір нұсқасында /ҚРҒКҚ №814/.
Атығайда батыр өткен Жантелі, Жәпек,
Мендеке, Тілеке, Құлекені айт, – дейді. Бұндағы Жантелі, Жәпек – Атығай Құдайберлі, қалған үшеуі Бәйімбет батырлары. Мендекенің зираты Тимирязев ауданындағы Ақжан ауылы мен Озерный селосының Приозерный селолық округында. Жас жағынан кішісі Құлеке екен. Ал Бұхар Жырау («Бұхар Жырау Қалқаманұлы», 1992, 33 бет).
…Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей сүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар:
Қаракерек Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Қылышбек,
Текеден шыққан Сатай бөлек,
Шапырашты Наурызбай,
Қаумен, Дәулет, Жәпек батыр қасында…, – деп толғаса Қашқынбай ақын «Абылай-Кенесары» дастанында («Тарихи жырлар», 1 том, 1995, 25 бет):
…Төресі әділ жан болған
…Ханға серік жақын боп,
Қосағалы, Жәпек, Жантелі…, –
Ақберен, Малай, Ақанмен
Қатарын түзеп сән болған, – депті. Бұл өлеңдерден Жәпектің аттары аталған қазақтың батырлары мен дәрежесі, абырой-атағы тең екенін көруге болады. Абылай туралы алғаш жазған, оны бір кісідей зерттеген қазақ тарихының білгірі І.Есенберлин өзінің «Жанталас» атты романында «…Басты батырлардан Жәнібек батыр, …қарт Бөгенбай, Арғынның аты шулы батырлары… Олжабай, Малайсары, …Абылайдың қамқоршылары: Толыбай би, Қарауылдың шешені Қанай би, Жәпек батыр… ендігі ең сүйініші со Батыр Баян мен өзімен бірге Қалден Церенде тұтқында болған Жәпек еді…» деп жазуына қарағанда Жәпектің Абылайдың қамқоршысы, ең сүйініштерінің бірі екенін тағы көзімізді жеткіземіз. [ҰҒА. , ОҒК., 1, 2, 4, 5, 8, 9, 22, 23].

Ораз аталық, Жәпек және Әбілмәнсұр

Жәпек, Абылай туралы айтқанда, айтпай кетуге болмайтын кісі Жәпектің атасы, Ораз аталық.
«…Абылай, өзінің аталығы Оразбен бір атқа мінгесіп, Түркістаннан Арқаға, ең жақын туысы Әбілмәмбет ханға аттанған, біреулердің айтуынша қарауыл руы, оның ішінде Жақсылықтан шыққан Дәулетбай атты бай қазақтың жылқысын бағып, түрліше жағдайларға байланысты біраз уақыт жасырынып жүруге мәжбүр болған, …» – деп жазады Шоқан Уәлиханов (1 т, 22 бет).
«…Бұл жердегі әңгіме Әбілмансұрды кішкентайынан тәрбиелеген, қауіп-қатерден сақтап қалған Ораз аталық туралы болып отыр. Ол тарихи болған адам, Ораздың ұрпағы бұл күнде Көкшетау облысында тұрады, бір қауым ел, ….» — депті, Шота ағамыз. («Тарихи жырлар», 16 бет)
Шоқан Уәлиханов «Жәпек-Атығай Құдайбердіден шыққан атақты батыр,» – дейді.
Қазақтың ескі сөзімен таратып айтсақ: Құдайбердіден Құлымбет, одан Ораз, одан Дәуітбай, оның баласы Жәпек.
Шоқан Уәлихановтың (1 том), академик В.В.Вельяминов-Зерновтың айтуынша «аталық» аталған адамдар хандардың, падишахтың балаларын тәрбиелеген.
«Бұхар трактаты» атты құжатта: «Аталық мұрагерін тәрбиелеу үшін ханның өзі тағайындайтын ең жоғарғы мемлекеттік лауазым. Егер мұрагер өте жас болса, аталық өкіл ата міндетін атқарады», – делінген.
Сол Ораз аталық Әбілмансұрды Көкшетауға алып келгенде өзінің немересі Жәпекпен қатар тәрбиелеп өз баласындай көріп, оны Дәулетбай ағайындарының арасына алып келіп Атығай Есенаманның іргесінде ақ отау тігіп Атығай-Қарауылдан алты қыз алып беріп ел арасына сіңдіріп жіберген. Хан көтерген Атығай-Қарауыл еді.
Бұл жерде қазақ халқы Абылай, Кенесарыға ғана ескерткіш қоя бермей сол Абылайға екінші өмір-мәңгі өлмес өмір сыйлаған, қазаққа Абылайдың хан сыйлаған Ораз аталығын да ескеріп бір ескерткіш қояр деген үміттеміз. Оны хан балалары да ескерер… Жарайды, ол бөлек әңгіме [ҰҒА., ОҒК., 1 ,2, 4, 5, 8, 9, 22, 23].

Жәпектің Әбілмансұрды құтқаруы

Әбілмансұр мен Жәпек далада жүргенде Әбілмансұрдың аяғын жылан шағып алыпты. Үлкендерден естуі бар Жәпек жыланды өлтіріп, жылан шаққан жердің уын аузымен сорып, жүре алмай қалған Әбілмансұрды, жыланды елге көтеріп алып келіпті. Сол уақытта елге Толыбай деген сыншы келіп жатыр екен, Ораз балаларын алып барғасын Толекең қарап, өзінің ем-домын жасап жыланды көріп жіберіп: «Өте улы, қасиетті, жыландардың патшасы бұл жылан. Жәпек уын сормағанда өліп-ақ қалатын бала екен. Бұндай жылан шаққан, оның уын ішкен адамның екі иығында екі айдаһар тұрады. Ертең бұларды жеңетін батыр болмайды. Дұшпаны қорқып жүреді, аяғын тартып жүреді. Бұларда құдайдың берген ерекше күші болады. Ореке екі баланың да тумысы бөлек екен, екеуінің де маңдайда аттары қалады… Әй, осыдан балаң тірі қалса, халқыңның патшасы болар… Қазақтың бағына туған бала іздеп жүр едім. Тауыпты. Таптым. Көрдім. Әй, Атығай, Қарауыл, барсыңдар ма? Ақсарбас! Ақсарбас! Ақсарбас!,» депті [1,2,4,5,8,9,22,23].
Ораздың ел ішіне келгені сол екен. Малы жоқ. Сонда ағайыны Құдайберлінің Жеметтен туған немересі Жұмық бір боз бие сойып Атығай-Қарауылдың атынан құрмалдық беріп Толыбай сыншының батасын алған екен. Әкемнің атасы Есмағанбет Көшқұлы-Ораз елінің кісілерін көрсе: «Әй баяғыда атаң Оразға сөйткен,» десе, олар: «Осы Жұмық содан басқа не беріпті, жақсылықтарың бір кісіден аспайды екен,» – деп әзілдесіп отыратын. Осы есімде қалыпты,» – деп әкем айтып отырушы еді.
Міне Толыбай әулиенің айтқаны айна-қатесіз келді емес пе?! [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].


Жәпек пен Әбілмансұр

Абылай ханды Жәпек ағасындай сыйлап өскен, сондықтан атын ерттеп беріп жүреді екен дейді. Ораз атасы солай тәрбиелеген ғой. Бірде Жоңғардың бір шалы Атығай-Қарауыл еліне елшілікке келіпті. Шал келген кезде, сол әдетімен Жәпек ат ерттеп жатыпты [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17,-19, 20, 21].
— Сен кім боласың? – деп сұрапты Жәпектен шал.
— Мен Әбілмансұр батырдың ат ерттеушісімін, – депті Жәпек.
— Сен маған Әбілмансұрды көрсетші, – депті шал. Мен қазір қазанаспаға бір-екі тас әкеле қояйын, сосын көрсетемін, – деп Жәпек әрірек барып екі қолтығына екі қазандай тасты қаңбақтай көтеріп алып келген екен. Оны көрген елші асығыс аттанып кетіпті, көргенін қолбасына айтыпты дейді. «Егер атқосшысы екі қазандай тасты қаңбақтай жеңіл көтерсе, батыры қандай болмақ?» – деп, жау кетіп қалса керек [ҰҒА., ОҒК., 1, 2, 4, 5, 8, 9, 22, 23].

Жәпек батырдың Абылаймен бірге тұтқында болуы

Енді Жәпектің Абылаймен тұтқында бірге болған әңгімесіне келейік. Сабалақты Абылай, Абылайды «Е, құдай!» деп хан көтерген аты шулы жекпе-жекте Шарыштың басын қағып түсірген тарихи оқиғадан соң Қалдан Цереннің Абылайды қолға түсіру, өлген ұлдың кегін қанмен жуу басты арманына айналып еді. Осындай бір андысқан шақта 40 жігітпен аң аулап алаңсыз жүрген Абылай қапыда қолға түскен. Тап осы тұтқындаушылар ішінде Жәпек батырдың да болуы оның Абылайдың ең сенімді серіктесі болғандығын дау-дамайсыз-ақ дәлелдейді. Ұлы Шоқан өзінің «Исторические предания о батырах ХVIII в. » деген еңбегінде: «Калмыки, посланные для сего, настигли его в расплох на охоте, схватили с несколькими биями, с знаменитым батыром Кудайберды атыгаевского рода Джапеком и привели к Галдану» – деп жазған. «Көкшетауда бүркіт салып жүргенде қалмақтар Абылайды ұстап әкеткен», – дейді М.Жүсіп. ( 9-том, 23 бет).
Осы тұста Жапак деп редакторлық түзетудің қоса берілгендігіне де жолай назар аудара кеткіміз келеді. Осы тарихи оқиғаны одан әрі шегелей түскіміз келсе, ұлы ақын Мағжанның «Батыр Баян» поэмасындағы:
Балталы, екпінді оттан Оразымбет,
Сырғалы шапшаң оқтан ер Елшібек.
Өзіне тірі жанды тең көрмейтін,
Тәкәппар Қошқар ұлы ер Жәнібек.
Қалданға ханмен бірге тұтқын болған,
Жолдасы Абылайдың батыр Жәбек.
Сырттан Бәсентиін ер Сырымбет.
Осындай өңшең көкжал жиылыста,
Күңіреніп жолбарыстай «жау қайда» деп, – дегенін еске салу керек. Осынау жыр жолдарындағы «Жолдасы Абылайдың батыр Джапак, Мағжанның айтып отырған Жәбек бір адам – Атығай руының Құдайберді тармағынан шыққан атақты Жәпек батыр» [ҰҒА., ОҒК., 1, 2, 4, 5, 8, 9, 22, 23].

Жәпектің Абылайды судан құтқаруы

Тұтқындарды ханға әкеле жатқанда, бір мезеттерде өзен тасып жүріп кеткен кез екен дейді [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21]. Тұтқындарды Қалден ханға қарай қайықпен шығара бастаған екен. Абылайды жалғыз өзін қол, аяғы кісендеулі екі адам қайықпен алып келе жатқанда қайық аударылып кеткен бе, әлде мұзға соғылып жарылған ба әкеле жатқан екі кісі жағаға қарай малтып Абылай суға бата бастапты. Сол кезде Жәпек батыр қол, аяғы кісенде болса да мұздай суға сүңгіп Абылайды алып шыққан екен. Сонда Қалден Серен: «Мынадай ерлері бар халықты тұтқиылдан келіп, қапыда бас салғанда ғана болмаса, бетпе-бет ұрыста жеңу қиынға соғар, Абылайды да, әнеуірді де алып келіңдер», – депті. [ҰҒА., ОҒК., 1, 2, 4, 5, 8, 9, 22, 23].

Жәпектің Абылаймен Қалденнің алдына келуі

Абылайды алғаш алып келгенде Қалден-Серен өзі тағына отырмай 90 сардарларының арасында отырыпты. Абылай кіріп келгенде тақтың бос екенін көріп, отырып алып айтыпты дейді [ҰҒА., ОҒК., 1, 2, 4, 5, 8, 9, 22, 23].
«Жақсы кезеңге таласады, Жаман орнынан адасады». Отыратын орнынан адасатын мен жаман ба?! Тақ үстінде ханның орны болады: оның қашты да, менің аруағым басты, бақ-талайым жоғарылап асты. Сондықтан орнын ол тастай қашты. Бұл орынға қалмақтың ханы Қалден-Серен отырмағанда, қазақтың ханы Абылай отырмағанда, шайтан отыра ма? – деді.
Қалмақтар өзді-өзі, бір-біріне қарасып: — Бұған не айтамыз? «Аталы сөзге арсыз таласады» – деген десті. Қалден өзін танытпаймын деп, ұрылып қалғанын білді [6,10,17-19,20,21].
— Уа, Абылай, Сәру қайда? – деді.
— «Сәрумін» – деп, Сәру айтпады, Келіспеймін!» – деп, қару айтпады, – депті Абылай. Осылай үш сұрағанда Абылай үш рет дәл осылай жауап беріпті. Қалден әкетіңдер! – депті.
Ханға тағы алып келіпті. Қалден-Серен екеуіне де (Абылай мен Жәпекке) отыр деп айтпастан:
— Сені Шарышымды өлтіргенің үшін өлтіремін, – депті. Сол кезде Жәпек етпеттеп тізесімен еңкейіп тұғыр боп тұра кетіп, Абылайға:
— Қалден Жоңғардың ханы болса, сен қазақтың ханысың, төмендеме, менің үстіме отыр, – деген кезден Қалден-Серен.
— Құлының ханын биіктетуін, – деп Абылайға қарапты. Абылай:
— Бұл құл емес бас батырым Жәпек! – депті.
— Жә, қандай арманың бар айтып қал!
— Айтсам менің үш арманым бар, – дейді сонда Абылай. Шарышты өлтірген қазақ халқы, мен орындаушы ғана. Оны өлтірсем жерімді, елімді қорғап жекпе-жекте өлтірдім. Ұйқыда жатқанда қолында қаруы жоқ мені ұстап алып өлтірсеңіз өлтірерсіз. Бірақ Абылайға әлі келмегенсін қатындай ұрлап алып қашып өлтіріпті деген сөз сізді тірідей өлтірмей ме? Кескілескен майданда қаза тапсам арманым болмас еді. Екіншіден, қазақ орнықпай жүрген халық еді, соны жерге орнықтырып отырықшы өмірге енгізіп өлсем армансызбын деп ойлаушы едім. Үшіншіден, төрт атадан бері жалғыз едім. Қазір өліп кетсем, артта қалған бала жоқ, не бауырым жоқ, дүниеге келмегендей боламын ғой…
Қалмақ ханы төмен қарап отырып, уәзіріне: «Мынаның айтып отырғанының бәрі шын. Мен де осылай армандаушы едім, мен де төрт атадан жалғыз едім, көзі Шарыштың көзіне ұқсас екен,» – депті.
Сонда Абылай «Алдияр!» деп қол қусырып атып түрегелді. Хан: «Сен неге алдияр дедің, мен сені өлімнен құтқарғам жоқ қой», – десе. «Тақсыр тағдырым өзіңізге, көзімді Шарыштың көзіне ұқсатқаныңыз, құтқарғаныңыз емес пе, мен қалмақша білемін» , – депті.
Қонтайшы: «Әкетіңдер!» – деп әмір берген екен.

Жәпектің Абылайды тұтқыннан құтқаруы

Келесі бірде Қонтайшы барлық тұтқындағыларды шақырып алып,
— Әй, қазақтар, хандарың үшін қайсысың кепілдікке балаңды бере аласыңдар, хандарыңды босатайын!, – дегенде Жәпек:
— Алдияр, мен беремін, – депті. Қалден-Серен:
— Япырмай, бір емес үш сынымнан да сүрінбей өттің-ау, сен Абылайдың бас батыры, Хас батыры да болсаң боларсың. Ал онда сені босаттым, балаңды әкелгенше ханың тірі деп, екі ай ма, үш ай ма, әйтеуір көп уақыт айтып, айдың бәлені күні кел, – деп Жәпекті жіберген екен.
Жәпек кетіп бара жатқанда Қалден-Серен: [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].
— Ал, бас бостандығыңды алып бара жатырсың, бұдан артық саған не керек? – депті. Сонда Жәпек:
Абылайдай асыл ханымды алып қалдыңыз,
Кеудемнен суырып жанымды алып қалдыңыз.
Абылай қазаққа біткен бақыт еді,
Басымнан ұшырып Бағымды алып қалдыңыз.
Енді Құдайдан, сізден тілейтінім,
Ханымның жаның алып қалыңыз, – деп жүріп кетіпті. Содан елге келе игі жақсылардың басын қосып, ханға, биге, бекке тыным бермей жүріп, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай тағы басқа қазақ бас батырларымен хабарласады.
Бұл сөздер Шәкәрім шежіресінен, Т.Қажыбаев, С.Ақтаевтың еңбектерінен, ел аузынан алынған. Елдің аузында, әкемнің айтуы бойынша, Жәпектің мына сөзі есінде қалыпты:
Тұтқыннан босанғаным жаным үшін,
Өзім үшін емес ханым үшін.
Кепілдікке бердім баламды,
Кінәләма бұным үшін…
Балам аман келсін деп,
Ханым аман келсін деп,
Боз биені сойдым соным үшін, – деп боз биені сойып Жәпек құрбандық берген екен.
Ш.Уәлиханов / т.1.с122/ «…Галдан отпустил его (Аблая), Джанака-батыра, взяв в аманат (заложник) сына последнего, который по ловкости на охоте и храбрости прослыл под именем Рыжего киргиза (Сары казака)» – депті. Бұл туралы Қ.Нұралин ақсақал былай жазыпты:
«…Орта Жүздің тоқсан биін ертіп Қаздауысты Қазыбек би Қалден-Серенге барып, Қонтайшы тілімен улантып, Абылайды құтқарған. Ханың орнына кепілдікке Атығай батыр Жәпектің Сарықазақ деген баласы қалған. Жас, өжет Сарықазақ қыбын тауып тұтқыннан қашып келген. Қаз дауысты Қазыбек бидің сонда Қалден-Серенге айтқан сөзі:
«Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз, сен темір болсаң, біз көмір еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласы табысқалы келгенбіз, табысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан, алысқалы келгенбіз, жаңа үйреткен жас тұлпар бар жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!» – депті. Сонда Қонтайшы не дерін білмей сасып қалыпты.
Абылай босап келгесін Орта жүздің біраз рулары ат шаптырып, той жасап отырғанда қымызға қызып алған бір би «Ой, біз кереметпіз, бізден жоңғарлар қорқады екен ғой,» – деп біраз бөскен екен. Оны Толыбай деген әулие сыншы: [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21]
Баласын жауға беріп Жәпек отыр,
Абылайды босатып әкеп отыр.
Сен түгіл ол да кеуде қағып отырған жоқ,
Көп былшылдамай, жә, тек отыр, – деп тыйып салыпты дейді ауыл ақсақалдары.
Елге оралғасын Абылай: «Әй, Жәпек, атаң Ораз маған екінші өмір сыйлады, өзің, мені бір емес үш рет өлімнің аузынан алып қалдың, мен үшін балаң Құткелді жауда кепілдікте отыр, енді жекпе-жекке мен тірі тұрғанда сен түспейсің. Батырлығың елге аян: [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21]
Арғымақ сені баптадым,
Құлағың тік, серек деп.
Азамат сені сақтадым,
Бір күніме керек деп! – айтыпты ғой ата-бабаларымыз, Енді сені сақтау маған борыш», – депті.
Сенің жаның, менің жаным – бір жан емес пе?
Сенің үшін менің жаным құрбан емес пе? – депті Жәпек.
Содан Жәпекті ақылшысы, бауыры ретінде алып жүреді екен. Ілияс Есенберлиннің «Жанталас» романында: (233 бет) Батыр Баян:
— Мына қыз менің олжам! – деп Жәпектен сұрайды. Сонд Жәпек:
— Болсын! – деді, күзетші топтың екі басты жігітін шақырып алып, бұл қыз Батыр Баянның олжасы, – дейді.
Бұл жерде олжаны Ханнан сұрамай бере алатын адам, Жәпекте хандай құқық бар екенін дәлелдейді.
Жәпек пен Әбілмансұр Көкшетауға келгенде бір үйдің баласы болды, одан Әбілмансұр Абылай болып кетті, енді міне Абылайды тұтқыннан құтқарып, Абылай өзінің бас уәзірі қылып өзіндей хұқық берсе Жәпекке, түсінбеген ел «бұлардың өзі туыс жақын ба, жүрісі жақын ба?» – деп бас қатырса, Абылай мен Жәпектің істеріне сүйсінген Толыбай сыншы:
Біреуің-бас, біреуің аяқ бол,
Біреуің-құйрық, біреуің қанат бол! – деп батасын берген екен дейді көне көз қариялар [ҰҒА., ОҒК., 1, 2, 4, 5, 8, 9, 22, 23].

Жәпектің ұрпақтары

Енді бір ауыз Жәпектің ұрпақтары жөнінде. Жәпектің жеңгедей алған әйелінен Қарасай батыр бұтағы шығады, одан Арыстан ақын, Жауар шешен, бүгінгі есімі елге мәлім Шахмет Құсайынов, оның ұлы филология ғылымдарының доқторы Көбей Шахметұлы, Көкшетау жоғары қазақ педа- гогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдар- ының кандидаты, Ахатұлы Нұртастар тарайды. Ал екінші әйелі атақты Малайсарының қарындасы Кежектен бес ұл: Сейтен, Сарықазақ (Құткелді), Жауқай, Жарты, Жортушы туған. Малайсары Гауһар қарындасын Қаракерей Қабанбайға берсе, туған қарындасы Кежекті Жәпекке беруінде де үлкен мән бар. Талай ұрыста өжет ерлігімен көзге түскен Жәпектің қадірі аспаса Малайсары қай адамға қарындасын қимақ! Сейтен қол бастаған батыр болған, Сарықазағы қалмақтарға бес жасында кепілдікке берілген, атқан оғы зая кетпейтін қол мерген болған. Бұлардың қайсысы болса да Жәпек батырдың есімін асқақтатуда өз орындары бар бір-бір тұлға болғандығын қадай айту керек [ҰҒА., ОҒК., 1, 2, 4, 5, 8, 9, 22, 23].
Абылай заманында бұлардың дәрежесі үлкен болған. Олай дейтініміз Мәшһүр Жүсіптің жазуынша (9 том, 164 бет) Абылай хан өлген соң, Сарықазақ, Сейтен, Итқара сұлтан – бір таптың осылардай басты кісілері жүріп, Уәлиханды хан көтерді. Мұнан соң Абайділданы хан көтерді деп жазады. Яғни Сарықазақ пен Сейтеннің Абылай ұрпақтарына, елге ықпалы күшті болғандығы.
Жәпек батырға Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының Жетістік тауының қасындағы ата бейітте естелік тас қойылған. Ел тасын көтеріп, ас беріп аруғын риза қылып отыр. Бізді:
Елге басшы Қарекем (Қараменде би)
Дінге басшы Құнекем (Құнанбай)
Сөзге басшы Сағекем (Саққұлақ шешен)
Жеті момын тегім бар
Менен артық кім екен?
Осындай артық затымды
Ойлап тұрсам өзіме,
Айтпағаным мін екен?! – деп Нарманбет ақын қамшылап жіберіп еді, енді сол Нарекеңнің мына өлеңімен жиған-тергенімізді аяқтасам:
Келтірген Сарыарқаға Құдай бастап,
Еріңдер, ер жолдасы жолын қоштап.
Ерлерден бұрынғы өткен айналайын,
Осындай жер жерлетіп, мекен тастап.


Жәпектің қасқырды құтқаруы

Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым! – деп Сүйінбай атқандай, бөрі Жәпектің қалай пірі болғанына тоқталайық [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].
Бірде, Жәпек қасына жігіттерді ертіп жортуылға шығып, қалмақтың жүзге жуық малын айдап кетеді. Келе жатқан жолда Жәпек батыр қатты ауырып, әрі қарай жүруге шамасы келмейді. Содан ол жігіттеріне:
— Сендер маған қарамай, мына тұрған үйге тастап жүре беріңдер. Маған үш күндік тамақ, бір жылқы қалдырыңдар. Аман болсам, бір амалын тауып, соңдарыңнан жетермін. Болмаса, менің дәм-тұзымның тауысылған жері осы болар, – дейді. Мұны естіп жолдастары қанша қайғырғанымен, қалмақтардан сескеніп Жәпекті қалдырып кетуге мәжбүр болады.
Жәпек далада жалғыз қала береді. Қатты ауырып, үш күн, үш түн жатып әрең есін жияды. Үшінші күн дегенде басын көтеріп тамағын жеп отырса, даланың құмай иті бір қасқырдың соңынан қуып, қораға әкеп тығады. Құмайдан қорыққан қасқыр қашып келіп анадай жерде жатқан Жәпектің артына тығылады. Ит жақындай бергенде адамның «тәйт» деген дауысын естіп жолай алмай қалады. Жәпек іргесінде жатқан қасқырды жалынан көтеріп қараса, ешқандай дыбыс білдірмейді. Өзі ауырып жатқан соң, Жәпек оған тиіспестен бұрынғы қалпымен жата береді. Сөйтіп, біраз жатқаннан кейін, қасқыр орнынан тұрып кетіп қалады.
Біраз уақыттан соң Жәпектің ауруы жазылып, қалпына келе бастайды. Аздап әл жинап, тамағын ішіп содан біраз тынығып алайын деп жатса, қораға дабыр-дүбір жүгіріп, екі-үш үйір жылқы кіре бастайды. Оған Жәпек түсінбей: «Бұл немене? Қуғыншы ма екен? Әйтпесе, бір жақтан келе жатқан адамдар ма? Мына жылқылар қайдан келді?» – деп ойлап отырады. Сөйтсе бұл жылқыларды айдап әкелген әлгі қасқыр екен. Жәпек көп жылқының біреуін ұстап мініп, қалған екі-үш үйірді еліне айдап келген екен дейді. Өзге түркілер тәрізді халқымыз көк бөріні киелі санаған ғой. Сондай бір нысана, белгі болды ма екен. Әйтеуір Жәпек батырдың басынан осындай оқиға өткен екен. Сол қасқыр ақыры киесі болып Жәпекті үш рет өлімнен алып қалыпты дейді ел аузында.

Қарауыл Қанай бидің Жәпекке берген батасы

Ол кезде келген қонаққа табақты сол үйдің баласы алып келіп бата сұрайды екен. Ораздың үйіне Қарауыл Қанай би келгенде Жәпек табақ алып келіп: [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21]
— Ата бата, – депті.
— Атың кім? – дегенде
— Атым Жәпек, – деген екен.
Қасың биік қабақтай,
Басың сенің табақтай.
Батыр бол балам қайтпайтын,
Әзірет Әлі, Барақтай, – деп батасын беріпті. Сол бата қуат беріп, қабыл болып Жәпек батыр болған ғой. Бұндағы Барақ сол заманның аруақты батыры екен, қай Барақ екенін білмедік, – дейді ақсақалдар.

Бес ағайындымын

Бірде жолаушылап келе жатып Жәпек қалмақтардың қолына түсіп қалыпты [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].
— Өлтіру керек! Бұның бізге істемегені бар ма, жоқ қылу керек! – дейді оны танитындар. Қалмақ нояны жөн сұрайды.
— Мен жауласуға шыққан жоқпын. Жолаушымын, қаруым да жоқ, – дейді Жәпек. Қалмақтар «Өлтіру керек», – деп шулайды. Сонда Жәпек:
— Әй, мен сендерге жалынбаймын. Өлтіріңдер, – дейді. Ноян:
— Неше ағайындысың? – дегенде:
— Бес ағайындымын: Жәнібек, Бөгенбай, Қабанбай, Әбілмансұр және мен, – депті. Сонда бес ағайындымын деп отырғаны Шақшақ Жәнібек, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Әбілмансұр-Абылай және өзі екен. Міне сол кездегі аталар бірлігі мен ынтымағы бір-біріне қорғаны осылай болған екен. Осы батырларды айтып тұрғанын қалмақ ханы түсініп:
— А, бұны құртқанмен, аналар бізді тыныш қоймас, көрдің бе қазақ иттің барлық батырлары бір ата-анадан туа қалғандай болуын. Сыйын беріп қайтарыңдар, – деп Жәпекке бостандық беріпті.
Батырлықтың белгісі –
Оққа қарсы шабады.
Ақылгөйдің белгісі –
Ойласа ақыл табады, – деп Сүйінбай ақын айтқандай ақыл тауып Жәпек аман қалыпты.

«Ханның дауына қалдық па, қатынның дауына қалдық па!?»

Бірде қазақ қолы қалмақ қолымен соғысқалы келген екен. Екі жақ қайта-қайта соғысып, елдің елдің күйзелген тұсы болса керек. Қалмақ басшысы бір ақылды адам болыпты. Өзінің қызын ақ отауын тігіп күтушісімен, дүние мүлкімен тастап «балам елдің амандығын тілеп сені қалдырып кетіп барам. Суды шым тоқтатады, дауды қыз тоқтатады» деген қазақта сөз бар. Қазақтың бір ұлына жолдас болып, бағың ашылсын. Екі елдің бейбіт өмір сүруіне мүмкін сен дәнекер боларсың. Елің үшін осыған сен де бар» – депті. Ол кезде сондай дәстүр болса керек. Қазақ батырлары қалмақ ауылына келсе, бір ғана отау тігулі тұр, басқа ел көшіп кетіпті. Басқарып келе жатқан қазақ батыры: Ал, жігіттер, олжа-олжа! Бұл үйде дәу де болса қалмақтың сұлуы отыр! Енді былай істейік. Аттарыңа сенетіндер шығыңдар кімнің аты бірінші барады, қыз соныкі болады, – дейді [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].
Үміті бар батырлар айылдарын тартып, қатарға тұра бастайды. Ішінде Жәпек батыр да бар екен. «Иә, Құдай!» – деп ол да сапқа тұрады. Бір кезде ал кеттік, – деп батырлар шаба жөнеледі. Әне-міне дегенше ақ отауға батырлар да келіп қалады. Жәпек батыр, тағы да 3-4 қатарда келіп қалған екен. Енді атының оза алмайтындығын сезді ме, қой бұл қыз бізге бұйырмайтын болды деп, қолындағы найзасын алып киіз үйге жіберсін кеп. Найза шаңырақтан өтіп ортадағы ошаққа тік етіп қадалған екен.
Енді бірде «мен бірінші келдім деп, бас олжа менікі» – деп бір батыр шығыпты. Бір мезетте отаудан қолында жаңағы найза бар ай десе аузы, күн десе көзі бар бір қыз шығып иіліп батырларға сәлем етсе керек.
Батырлардың басшысы: «біз кімнің аты бірінші келеді, қыз соныкі» деп бәстесіп едік, сен мын батырға бұйырдың депті бірінші келген батырды көрсетіп. Сонда қыз жұлып алғандай.
— Жоқ! Егер тағдырдың жазғаны болса, аты келген емес, заты бірінші келген адам менің құдай қосқан жолдасым болсын. Маған ең бірінші жеткен сол батыр, – деп найзаны жерге тастай беріпті.
Қашаннан қыз жолы жіңішке батырлар уәжге топтап, қыз Жәпек батырға бұйырған екен.
Міне, жұртым ерлердің өнегесі,
Оңайлықпен тынбайды ер егесі.
Шын сүймесе батырлар зорламайтын,
Осы екен ұстаған ережесі.
Оңайлықпен қыз-дағы көнбейді екен,
Өзімен тең болмаса терезесі.
Зорлықпенен күң етіп малша жұмсау,
Озбырлардың істеген келекесі.
Ханы әділ, билігі түзу болса,
Басқа пана халықтың көлеңкесі.
Ақылменен барлығы іс істейтін,
Қасиетті ерлердің берекесі,
– деп Найман Кәрібай ақын тауып айтқандай ғой. Бұл қазақ тыныш жүрген бе? Ойбай Жәпек қалмақтың ханының қызын Абылай ханға бермей қатын қылып алыпты. Оны Абылайға тастап кеткен екен деген сөз шығып, осы сөздер Абылайға жетіп, мені басынып кетер деген оймен Абылай алдымен қалмақтың қызын шақыртып алыпты. Талай әйел көріп жүрген Абылай қалмақ қызы иіліп сәлем беріп бетін ашып жібергенде есі шығып кетіпті. «Сені батыр зорлап алды ма, әкең не деп еді?», – депті.
— Батырлардың шешімі Жәпекке түсті, мен көндім. Әкем байғұс, тұтқын қыздың кімге бұйратынын қайдан білсін. Елдің тыныштығына дәнекер болсын деп әкем осындай шешім жасап еді. Хан ием сізден бір сұрақ сұрауға бола ма?
— Болады, – депті Абылай.
— Неше атадан бері хан едіңіз?
— Менің арғы бабам Шыңғыс хан, – депті
— Онда бір сөз айтуға рұқсат етіңіз, – депті қыз. Абылай рұқсат берген екен. Сонда қыз:
«Баяғы заманда бір ханның ауылын арыстан шаба берген соң, жұрттың шырқы бұзылады. Халық одан құтылар амал таппай, әуре болып жүргенде, бір күні хан арыстанды алдына шақыртып: Әй, арыстан, мен адамның патшасымын, ал сен аңның патшасысың. Осылай жұртты шулатып, мазасын қашырып, ұрлық жасау саған келіспейтін нәрсе. Мен мына бәйтеректің түбінде күнде бір ту бие байлатқызып қояйын. Сыбағаң болсын, тек өзің ғана жеп жүр. Одан біздің ел кедей болмайды. Тек халыққа тиме. Шаруасын істеп жүре берсін» – деп екеуі өзара келісіп, арыстан күнде бір ту бие жеп жүріпті.
Бірде, қараса, семіз тор бие байлаған екен. Арыстан оны жеместен, құйрығымен жерді сабалап, ақырып, биенің ар жағына бір, бер жағына бір шығып шауып жүреді. Мұны көрген жұрт шошып «арыстан жынданған болуы керек» деп ханға хабар береді. Артынша хан келіп: Ей, арыстан, бұл тор бие өзі семіз, алдыңғылардан еш кем емес. Мұны жемей ақырып, құйрығыңмен жер сабалап жатқаның не?», – дейді. Сонда арыстан: Дұрыс айтасың. Сен адам патшасысың, мен хайуанат патшасымын. Бірақ мына тор биені құлын күнінде қасқыр тартқан екен. Мен аң патшасы болсам, қасқыр тартқан малды жегенім бола ма?», – депті.
Сол сияқты сіз Шыңғыс ханнан бері хан тұқымы болсаңыз, енді мен сізге лайық емеспін. Екі елдің тыныштығы үшін батырлардың шешімін бұзбауыңызды өтінемін» деген екен.
Абылай «бара бер», – дейді. Енді Жәпекті шақыртып алып Абылай:
— Әй, «тең теңімен, тезек қабымен» деген қазақта сөз бар, сенің ханның қызында не ақың бар?! Бұл қай басынғандарың?, – депті. Жәпек батыр тайынбай:
— Түйінді өзіңіз шешіңіз,
Шешілмесе кесіңіз.
Батырлардың шешімі,
Қате болса кешіңіз.
Ханның дауына қалдық па?
Қатынның дауына қалдық па?! – депті. Осы сөзді айтып бола бергенде бір қасқыр үйдің іргесінде тұрғандай ұлып-ұлып жіберіпті. Абылай селк ете түсіп:
— Кеше ауылдарыңда дәл осылай қасқыр ұлыды ма? – депті. Жәпек:
— Ұлыды, – дейді.
— Әй, Жәпегім, сенің киең де бөрі ме еді? Бұл киең өзіңе бітті ме, атаңа бітті ме? – деп сұрапты. Жәпек:
— Хан ием, бүкіл түркі халқы Күлтегіннің көк бөрісінен шықты емес пе? Сондықтан менің де пірім – бөрі, – деген екен. Абылай:
— Бөрің жарады, бөрің жарады, – деп үш рет айтыпты.
— Бұдан былай олжа тек менің ұлықсатыммен бөлінсін, бара бер, – депті. Ал Абылай қасындағы нөкерлеріне: Иә қазақ:
Таудан аққан тас бұлақ,
Құймай қоймас теңізге.
Қандай адам болса да,
Тартпай қоймас негізге, – деп дұрыс айтқан ғой депті.

Жәпек батырды итінің аман алып қалуы

Жәпектің қасқыр алатын ұрғашы иті болыпты. Сол қаншық ұлығайын деп жүргенде бір қасқыр (баяғы өзі құтқарған қасқыр болуы керек жеп жорыпты Жәпек) келіп елдің иттерін өлтіргенін өлтіріп, қалғанын талап қаншық итті ертіп алып кетіпті. Біраз уақыт өткесін қаншық ит қайтып келіп, күшіктеп, тапқын күшіктерінің біреуі ғана тірі қалыпты, сол ит түрі қасқыр сияқты керемет дәу ит болыпты.
Қасында иті бар Жәпек келе жатса, адырлы бұйратта құмайтты жосылтып, ат жетектеп көлденең өткен бір жаяудың ізі кез болыпты. Табанын салып өлшесе, әлгі іздің ұзыны бір кез, көлденені жарты кез артық шығыпты. Осындай алып табан ізін көргенде Жәпектің жүрегі қобалжып, дию деген осы болмасын деп сескеніпті [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].
Бір кезде алдынан маңдайы кере қарыс, көзі тостағандай қалмақ батыры шыға келіпті. Қалмақ батыры:
— Батырсың ба? – депті. Жәпек:
— Деп жүр ғой – деген екен.
— Ендеше шық жекпе-жекке – деп ақырыпты, қалмақ.
Содан жаңағы дәу екеуі бие сауымдай алысып, қанжарласып Жәпекті ақыры алып ұрып пышағын енді сала бергенде, аңшылап кеткен қасқыр иті келіп, қалмақ батырының қолынан алыпты. Жәпек саптама етігінің қонышындағы қанжарын суырып алып қалмақ батырының жүрегіне салып жіберіпті. Қалмақ батыры ащы бір үн шығарып, құлап түсіпті. Міне, осылай қасқырым мені екінші рет аман алып қалды дейді екен, – Жәпек.

Қуғыншылардың кері қайтуы

Бір ел Атығай, Қарауылдың 100 шақты жылқысын айдап әкетіпті. Бұл әдейілеп келген жау болған соң Атығай, Қарауыл дайындалып 50 шақты жігітті басқарып Жәпекті барымтаға жіберіпті. Содан жаңағы елге барып 200-дей жылқысын түре қуып, жылқышыларын соққыға жығып Атығай, Қарауыл жігіттері келе жатыпты. Дайын отырған жаңағы елдің жігіттері бұларды қуып жетіп қалыпты. Енді қашуға болмас деп, жылқыны бір-екі жігітке айдатып, қалған жігіттерімен Жәпек қарсы шығыпты. Қарсы жақтың батыры да шыға келіп жөн сұрасыпты. Жәпек: «Мен Арғынның Жәпек деген батырымын, сен кімсің?» – дейді. Анау өз атын, елін айтады. «Сендер өткенде біздің 100 жылқымызды айдап әкеткесіңдер, біз 200 әкеле жатырмыз айыбымен. Биіңе бар десең, биіңе барайық, тартып алып қаламын десеңдер өздерің біліңдер», – депті. Жәпектің қасындағы жігіттер де сайлы екен. Қарсы жақтың батыры да бір сұңғыла болса керек. Қасыңда кімдер бар? – деп сұрапты. Сонда біраз қазақтың мықты батырларын айтып шығыпты. Қарсы жақтың батыры аш пәледен қаш пәле деп ойлап, жарайды айтқаның болсын деп кетіп қалыпты. Сөйтсе, Жәпек айтқан батырлардың біреуі де жоқ екен.
Иә, Батырды батыр деп айтуға болмайды,
Оқ қағары болмаса,
Байды бай деп айтуға болмайды,
Жұт қағары болмаса.
Шешенді шешен деп айтуға болмайды,
Бір қағары болмаса, – дегендей, батырдың да бір оқ қағары-айласы болу керек [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].

Жәпектің риза болуы

Жәпек Төлеу деген танысының үйіне қонып жатқанда сол ауылға келген ұры ұсталып қалып, алдарына алып келіпті. Төлеу: «Иә, не айтасың?» – деген екен. Сонда ұры:
Айнымас көңіл, шошымас жүрек болмас,
Сүрінбес ат, мүдірмес тұяқ болмас.
Әркім не қылса құдайдың өзі қылар,
Оның бермесін сұрап болмас, – депті.
«Өй, мынау бір аттық сөз айтты ғой, мә, менің қасқыр ішігім», – деп босаттырып қоя беріпті.
Жәпек осындай ерлігі де бар екен [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].

Жәпектің жауабы

Жәпек біраз жасқа келгенде бір жас жігіт «ата сауда жасап өмір сүрейін бе, жоқ әлде аңшылықпен күнімді көрсем бе екен?» – деп сұрапты. Жәпек: Е, балам, бұл сұрағыңа Асан Қайғы бабаң:
«Сауданың түбі су,
Ағады да кетеді.
Аңшылық деген қазба құрт,
Қызыға берсең, о да түпке жетеді.
Бәрінен, терлеп, шаршап, азаптанып,
Еңбек рахат істесең не етеді?» – депті ғой, сол Асан бабаңның айтқаны дұрыс болар деп ақылын айтқан екен [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].

Құдайға мұңын шағу

Жәпек жігіттерімен жолаушылап келе жатып бір жерге қоныпты. Ол жер адайлардың жері екен. Батырдың қонғанын көріп адайдың биінің батыр інісі келе сала боқтап, сендер бұл жерге неге қонасыңдар, ертең шабайын деп отырған жерімді басып, – деп айғай салыпты.
Жәпек: «Қонбайтындай бұл кімнің жері?» – десе. Анау: «Бұл – Құдайдың жері», – депті. «Құдай саған жерін қорғатып қойып па еді? Сен кімсің?» – десе, келген кісі: «Танысаң – Адаймын, танымасаң – Құдаймын», – дейді. «Әй, бермен қара, Шормын, Құдайдан зормын» деген де сөз бар, танымадым», – дейді Жәпек. Адай батыры ендеше Құдаймын депті. Сол кезде Жәпек ашуға басыпты. «Қолыма түспей жүр едің. Құдай болсаң:
Әкемді неге алдың,
Көкемді неге алдың.
Анамды неге алдың,
Баламды неге алдың.
Ағамды неге алдың,
Панамды неге алдың», – деп жаңағы адайдың дамбалын шешіп қан шыққанша қамшымен жұмсақ құйрыққа ұрып-ұрып қоя беріпті. Содан Адайдың биі шақырып алып:
— Неге інімді ұрдың, – дейді. Жәпек:
— Мен ұрғам жоқ, Құдайға мұңымды шақтым, – дейді. Би:
— Неге өтірік айтасың, көзің ұясынан шығып, мөнтігіп тұрсын, – десе, Жәпек:
— Сен мен болсаң, мен сен болсам сіздің көзіңіз ұясынан шығып кетер еді, ал енді ұрды десең таңбамды көрсет, – деген екен. Бидің інісі ұялып артын көрсете алмапты. Жәпек жүріп кетіпті [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].

Батырдың ақыретін күтуі

Бір батыр өзі ұры болып көп елдің жылқысын алып, жылқыларды жоқ қылып, сұрап келгендерге «Жылқыларың- ды алсам ақіретте берейін» деп теңдік бермей қоя береді екен.
Бірде Атығай, Қарауыл елінің көп жылқысы жоғалып, жылқы иесі жаңағы батырға баруды Жәпекке тапсырыпты.
Жәпек барып: «Жылқының ізі осы ауылда. Жылқымыз- ды қайырыңыз», – депті батырға. Батыр: «Жылқы- ларыңды алсам ақыретте берейін», – дейді. Сонда Жәпек:
Адам өмірінің соңында, ақыретте есеп беруі тиіс, жасаған күнәсі де, қайырымы да таразыға түседі. Ақиқат алдында ағынан жарылары анық. Асан қайғы:
«Атадан алтау тудым деп
Асқынып жауап айтпаңыз.,
Алғаным асыл ару деп,
Күн шығарып жатпаңыз.
Атамның малы көпті деп,
Атты басқа тартпаңыз.
Есенің де, тірің де,
Бір болыңыз бәріңіз.
Ақыретке барғанда,
Хақ қасына тұрғанда,
Қыдырдың өзі болғай жарыңыз», – депті ғой, оны да көрейік деп жігіттеріне:
Арғымақ мінген байлардың,
Тайға мұқтаж күні бар.
Майды жеген билердің,
Нанға мұқтаж күні бар.
Елден безген залымның,
Елге мұқтаж күні бар, – деп сол ауылда жата беріпті. Бір-екі күннен кейін жылқымды жоғалттым деп тағы бір қуғыншы келіпті. Ол қуғыншы келіп Жәпектен: «Сіздер не ғып жатырсыздар?» – деп сұрапты. Жәпек: «Біз батырдың ақыретін күтіп жатырмыз», – депті. Сонда батыр ұялып, қой сойып бата бер депті. Жәпек батыр:
— Кірістің алды, шығыстың арты. Басқа-бас, тұяққа-тұяқ болсын, алла акбар! – деп бата беріпті. Сөйтіп бар малын түгел алып қайтыпты [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].

Жекпе-жек

Қалмақтар елі қазақтардан екі күншілік жер екен. Жәпек жақын барып еруледі де, алдымен он мың жылқысы бар қалмақ батырына адам салды.
– Адал малымыздың артынан келдік. Ағайыншылықпен алдымызға сал. Тату көршілерше ажырасайық, – десті қазақтар жағы.
Қалмақ көнген жоқ. Күзет күшейді. Әрқайсысы 5-6 адамға татимын деп кеуде керген. Жәпектің серіктері қалмақ жылқышыларына бет қаратқан жоқ. Майдан қыл суырғандай етіп мың басты алдарына салды да, елге қарай тартты.
Қалмақ батыры сойылға жығылып жеткен жылқышы- ларын қамшымен сойып-сойып алып, жауды жалғыз қуып кетті.
Жәпек қалмақ батырын қарсы алады.
— Кінә сенен. Кезегімді бер! – деп ақырды, алпамсадай қалмақ.
— Ал кезегіңді, – деді Жәпек. Ақын тілімен айтсақ, қалмақ батыры:
Қылыштың ұрсам қырымен,
Жібермеймін тірі мен.
Соғысуға келдің бе,
Ажал айдап шынымен.
Сойылдың қақсам ұшымен,
Жалманыңнан түсірем.
Танылар батыр майданда,
Көрсеткен қайрат күшімен.
Басың мылжа болады,
Жағың бөлек тісіңнен.
Найзаласам қан болып,
Таңырқар елің таң болып,
Екі қайта сілтесем.
Несіне жүрем жан болып.
Қарасам нәзік баласың.
Төре емессің қарасың,
Әуелі мен атамын,
Онан соң кезек аласың.

Жәпектің сөзі:

Қарасам түрің алыптай,
Сөйлейсің жоқты жалықпай.
Кім жеңіліп, кім жеңер,
Алмайсың сен парықтай.
Кім жеңерін білер хақ,
Болсаң да зор арыстай.
Біреудің білмес қайратын,
Өнерімен таныспай.
Көпіргенмен қаншалық,
Жүйрік озбас жарыспай.
Берейін кезек қаласаң,
Байқалсын елге тамашаң.
Білмеген әлін әлкеуде,
Ақымақсың қарасам.
Қалай атсаң еркіңде,
Өз қаруың өзіңде.
Жаратқан Аллам жар болсын,
Көрерміз өз кезінде.
Момын елміз мал баққан,
Қоралап жиып жан баққан.
Қанды ауызсың, қабансың,
Жазықсыз елді зарлатқан.
Тиеп алдың малымды,
Батырсынып қарулы.
Кеселденбе кердеңдеп,
Шашармын судай қаныңды, – деп Долыңқара мен Қабанбай- дың жекпе-жегіндей қос батыр тұра қалыпты. Қалмақ батыры Жәпекті қарауылға алып, көздей бергенде аты қан сиіп жібереді. Содан кейін аттан түсіп жақындап келіп төс түйістіреді де атының басын ауылға қарай бұрады. Жәпек:
— Неге атпадың? – депті.
— Әй, қазақ, мен жалғыз шықтым. Айсыз қараңғыда бір құбыжық алдымды бөгеді. Тайдың үлкендігіндей көкжал соңымнан қалмай қойды. Таң атты. «Мынау бір адам жейтін қорқау екен. Біреуді жазым етер, шайқасып көрейін», – деп оқ жететін жерге келгенде екі рет аттым. Екі ретінде де оқ тимеді. Сосын бір киелі қасқыр болды ғой деп үшінші рет атпадым. Сендерге жолыққанша қасқыр соңымнан қалмады. Менің пірім қабан еді. Сенің пірің – көк бөрі екен. Жаңа сені көздей бергенімде, қабаным атымның астына кіріп кетті. Атым қан сиіп жіберді, көрдің. Енді қара, анау пәлең әне бізге жақындап тұр. Жұрттың бәрі Жәпектің артында оқ жетер жетпес жерде бір дәудей қасқырды көрді. Соның ырылынан, егер жебеңді босатсаң ауылыңа жеткізбей шайнап өтліремін дегенді сездім. Сондықтан әзір бақ сынаспауға бекіндім. Бұл жолы сенің пірің үстем шықты. Жәпек аруақты ер екенсің, – деп кетіп қалыпты. Міне, бұл Жәпекті қасқыр киесінің үшінші рет аман алып қалуы екен.
— Жәпек: «Қалмақ батырына да, қасқырыма да ризамын. Құдайға шүкір, ал жігіттер тоқтаңдар», – деп боз қасқасын құрмалдыққа шалып жіберіпті [ҰҒА., ОҒК., 6, 10, 17-19, 20, 21].

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *