БАТЫР БАБА РУХЫН ҰЛЫҚТАЙЫҚ

 


Ахат Нұртас Ахатұлы
филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры


Қалданға ханмен бірге тұтқын болған,
Жолдасы Абылайдың батыр Жәпек.
Мағжан

Тарлан тарихтың қатпар-қатпар қойнауына қотарылған небір жылнамалар мен фактілердің түбінде жарыққа шығары анық. Ол – уақыттың еншісінде. Қаймана қазақтың тарих сахнасына шығып, Еуразияның алып материгінде ат жалынын тартып, суырылып алға шыққанына да, міне, алтыншы ғасырдың жүзі болып қалды. Бұл кәрі тарих үшін аз ба, көп пе оған билік айтуға, сірә, біздің қауқарымыз да, құқымыз да жоқ. Әйтеуір, арғы ата-бабаларымыз ғұндар, сақтар, массагеттер, түркілер мен қыпшақтардың ұлы көшпенділердің өрелі өркениетінің мұрагері ретінде қазақ ұлты да осынау жұмыр жердегі тіршілікте өз орны бар, өз кеңістігі мен биіктігі бар ұлт екендігі белгілі. Соның бір дәлелі – Еуропа мен Азияның (Еуразия) шектескен жеріне, кіндігіне бір өзі ғана иелік етіп, бесігін тербеп, бес мезгіл намазын оқып, бес күндік ғұмырын кешіп, әлемге көз тігіп, төрткүл дүниенің тамырын басып, тіршілігін жасап, алдағы заманның аңдысын аңдып жатқандығымыз.
Қыранның қанаты талып ұшатын қасиетті Ұлы Даланың иесі болған қазақты қасапты майдан, қаһарлы соғыспен жеңе алмайтынына көзі жеткен кеңес идеологиясы ендігі жерде оның санасын, рухын, сенімін жою арқылы орасан зиян келтірді. 200 жылдай киелі туған жерін найзаның ұшы, білектің күші, жүректің тінімен хансудан, жоңғар, қалмақ, орыс, ойрат, қызылбастардан қорғап қалған қазақты аттан түсіріп, аударып ала алмайтынына, тура келіп жеңе алмайтынына бой ұсынғандықтан айламен арбап, осындай қитұрқы зұлматы мен нәубаты ауыр саясат қолданылды. Бұл расында да өз нәтижесін берді. Соның залалын, зардабын тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін тартып келеміз. Шамасы бұл бағытта көреріміз де, көрешегіміз де әзірге таусылмайтынға ұқсайды…
Адам санасының ең бір аяулы да нәзік, сонымен қатар, аса қажетті рухани дүниесі – оның жады. Жад (ес) туралы әлем ғалымдарының еңбегі орасан. Бәрінің де айтар тобықтай түйінін жадтың ұлт үшін ерекше рөл атқарғандығы, оның аксиомалық анықтылығында деп білген жөн, яғни, жады сақталған ұлт ЕЛ бола алады. Елбасы да ұлттық сана, ұлттық код, ұлттық бірегейлік, оның қайта жаңғыруы қажеттілігі туралы бекер айтып отырған жоқ сыңайлы.
Қара табан балалық шағымызда, одан түбіт мұрт бозбала кезімізде «бабаларың Жәпек батыр» дегенді еміс-еміс бір естіп қалып жүргеніміз болмаса, ештеңенің байыбына бара қоймадық. Кейіннен егемендіктің арқасында тарлан тарихтың беті ашылып, өткенімізді зерделей бастағанда ғана көп дүниенің сырына үңіле бастадық қой. Тәуелсіздіктің буына балқыған ел өз қалыбына тартып, қанын іздеп, батыр бабаларын, би-шешендерін түгендеп жатқанда да селт ете қоймадық. Бірақ, тәуелсіз ұрпақ өсіп жетіліп, өз шежіресіне, өзінің ата-баба тарихына үңіліп, өзіңнен сұрай бастағанда амалсыздан өзегіңді өртеген өткен тарихтың парақтарын ақтаруға, зерттеуге, мұрағаттардағы тың материалдарды көз майын тауысып талдауға бет бұрады екенсің. Бұрынырақта осының өзі қажет пе, ортақ тарих та жетеді ғой, бұл тарихшылардың үлесі, неміз бар деген сенім басымырақ еді.
Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында біздің елдің сұңғыла қариясы Уәлиев Саттардың «осы ұрпаққа керек, сен жазып алмасаң кім атқарады, мен қартайдым, ұмыта бастадым, қайтсең де елдің шежіресін жазып ал» деп, соның айтуымен Қоскөл ауылының шежіресін жазып елге таратып едік. Біздің ауылдың шежіресін алғаш қағаз бетіне түсірген атақты жазушы, драматург, ұлттың жаңа мәдениетінің негізін салушылардың бірі Шахмет Құсайынов еді. Оны кейіннен ұлы Көбей толықтырды. Қазір белгілі болғандай Жәпек батыр, оның ұрпақтарының, соның ішінде, Сарықазақтың (Құттыгелді) ұрпағы туралы да шежірелер баршылық болып шықты. Осыдан кейін де соңғы уақытқа дейін тағы да күйбең тірліктің, пенде күн көрістің ығымен қанша уақыт өтті.
Өз басым Түркістанға бес-алты рет жолым түсіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қазақтың ұлы тұлғаларының тізімін көріп, соның ішінде, бабамыз Жәпек батырдың жоқтығына іштей налып, «неге» деген сұрақ жанымды мазалап жүретін еді. Өткен жылдың күзінде елдің белгілі азаматы ел тарихына бейтарап қарамайтын, ауыл тарихы туралы үнемі ізденісте жүретін Шоқан Құдайбергенұлы хабарласып, Түркістандағы арнайы ғылыми кеңес барын, ондағы ғалымдар үлкен жұмыс атқарып жатқандығын айтып, Оңтүстікте жүрген маған хабарласқан еді. Және де Шымкенттегі құдасы Анарбек ақсақалмен байланыстырып, соның асқан ыждаһаттылығының, табандылығының арқасында біраз шаруа атқарылды.
Қазақ тарихын, соның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихы, сонау ерте дүниеден бүгінгі күнге дейінгі ұлы көшпенділер тарихын кешенді түрде зерттеп, соның ішінде, сан ғасырлық ғажайып тарихы бар Түмен баптардың сопылық ілімінің философиялық кеңістігін саралап, орасан ғылыми жұмыстар атқарып жатқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы қасындағы ғылыми кеңестің құрамындағы ғалымдардың ерен еңбегін атап айта кету керек. Міне, осы ғылыми кеңеске арнайы ресми өтініш беріліп, Жәпек батыр туралы қолда бар тарихи метериалдар тапсырылып, соның нәтижесінде тарихи шешім жарыққа шықты. Батыр туралы мол материалдарды жинақтап тапсыруда Көкше өңіріне белгілі тарихшы, абзал азамат Жәпектің тікелей ұрпағы Ғалымтай Төлепбергеннің еңбегін атап өткен дұрыс деп есептеймін. Сондықтан, ғылыми кеңестің шешімінің мәтінін толық бергенді жөн көрдік.
«Халқымыздың батыр ұлы Атығай Жәпек батыр Дәуітбайұлы жайлы бізге жолдаған хаттарыңыз бен деректі құжаттарды, шежірелік салыстыруларды сараптай келе, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының ғылыми кеңесі «Атығай Жәпек батыр Дәуітбайұлын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген» деген тұжырымды растады. 2017 жылғы 28 қарашада өткен ғылыми кеңестің №11 хаттама шешімімен Атығай Жәпек батыр Дәуітбайұлын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген тұлғалардың тізіміне енгізілгендігін хабарлаймыз» деген ресми хатын алдық (07.02.2018 жыл, № 03-05/38).
Қазақ-жоңғар арасындағы ғасырдан да ұзақ уақыт аралығындағы аласапыран жанталас жаугершілік заман тарихтағы ең бір ауыр кезең ретінде ұлттың жадында жатталды. Қазақтың ұлт ретінде жойылып кетіп, тарих сахнасынан өшу қаупі туған шақта ұлттың кемеңгер даналары мен батыр-билердің таңғажайып ерлік істері бүгінгі ұрпағы үшін үлгі болары хақ. Абылай хан дәуірі тұсында қазақтың басы бірігіп, үш жүздің ұраны ортақ, ата жауы бір болған кезеңде ту ұстап, қол жинап, әскер бастаған батырларының алдыңғы шоғырында Жәпек батырдың болғандығын тарих дәлелдейді. Осы мақаламызда біз Жәпек батырдың өмірбаянын, оның тарихи шешуші ерлік істерін, Абылай ханның атын ұлықтаудағы оның атқарған жұмыстарына талдау жасауды мақсат тұтпадық. Оның тарихын азды-көпті ел біледі, зиялы қауым, тарихшылар айтып та жазып та жатыр. Жәпек батырдың әлі де болса өмірбаянында, атқарған істері мен батырлық жорықтарында, әсіресе, Атығай-Қарауыл руларының әскерін басқаруында көптеген жағдаяттарды зерттеп, мұрағаттардан іздестіріп, материалдарды саралау жұмыстары тұр. Бұл енді бүгінгі ұрпақ біздерге, тарихшыларға, ғалымдарға аманат базына деп есептеу керек.
Мақаламыздың негізгі мақсат-мүддесі Жәпек батыр Дәуітбайұлының бүгінгі ұрпақтарының басын біріктіру, батыр бабаның асқан үлгілік бейнесі арқылы жас өскінге өнегелілік пен өркенділіктің ұлағатын көрсетіп, ғибрат алу сияқты мәселелерді шешу болып табылады. Жәпек батырдың алты ұлынан (қазіргі деректер бойынша) тараған ұрпақтары бүгінде тек Қазақ елінде ғана емес, сонымен қатар шетел асып, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Еуропада, кәрі құрылыққа да тарап, тіршілік етіп жатқан сыңайлы. Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысы, Астана, Алматы, Қарағанды еліміздің тағы басқа аймақтарында тұрып жатқан ұрпақтары қосылып тиісті деректер базасын жасау, байланысу, қарым-қатынас орнату болып отыр. Заманауи ақпараттық технология үрдісіне сай арнайы жұмыстарды іске асыру қажет деп есептейміз. Бүгінде бұл – бүкіл әлем халықтары, іргелі ұлттар іске асырып отырған шаруа.
Екіншіден, Жәпек батыр бабамыздың жерленген жері Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы барып зиярат ету, ұрпақтарына осыны аманаттау, рухын құрметтеу, оның ерлік, батырлық істерін кейінгіге насихаттау. Сонымен қатар, Жәпек батыр туралы жан-жақты тарихи негізделген, ғылыми аналитикалық талдаулар жасалып, дәлдемелері мен фактілері анықталған академиялық кітап шығарып, тарихи есімін ұлықтау жұмыстарын іске асыру тұр.
Мінекей, осынау алдағы уақытта атқарылар қыруар шаруа мен іс-шараларды Жәпек батырдың бүгінгі күні мемлекетімізге танымал, ел ардақтайтын, қоғамда беделі бар арда азаматтарымен ақылдасып барып, олардың бата тілегінен және батырдың ұрпағымыз деген саналы ой-пікірлерін, ұсыныстарын айтып атсалысқан аға-бауырлардың ниетінен кейін бастау алып отырған жұмыс екенін айта кеткен жөн.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *