Т.ҚАЖЫБАЕВ ДАСТАНДАРЫНДАҒЫ ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ КЕЙІПТЕЛУІ

 


Бораш Баян Тәліпұлы
филология ғылымдарының докторы,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар
академиясының академигі,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік
университетінің профессоры


Төлеген Қажыбаев – қазіргі қазақ əдебиетінің əр жанрына үлес қосып келе жатқан қаламгер. Оның шығармаларының көпшілігінің басты кейіпкері күші əлдеқайда басым Ресей империясының отаршылығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісін бастаған Кенесары ханға жəне ханның қанды көйлек серіктеріне арналған. Олар негізінен өлеңдерден, толғаулардан жəне екі шағын дастаннан тұрады. Бұл поэтикалық туындыларды жанры мен бейнеленетін ел билеушілер тұлғасына қарай бірінші, өлеңдері мен толғауларындағы Кенесары, екінші, дастандарындағы Абылай хан бейнесі, үшінші, «Қараой қайғысы немесе Нұрсұлтанға мадақ» атты өлеңіндегі Махамбет заманынан бастап қазіргі күндердегі ел билігі мəселесіне желі тартқан шағын туындысына дейінгі ақын шығармашылығын осындай үш бөлікке бөліп қарастырғанды жөн көрдім.
Абылай тақырыбы Т.Қажыбаев шығармашылығында, жалпы алғанда жанрлық қамтылуы, тақырыпқа келуінің жиілігі жағынан Кенесарыға байланысты туындыларынан мүмкін кем түсетін болар. Бірақ, ақын поэзиясындағы бұл тақырып көлемді жырлануы, жан-жақты бейнеленуі жағынан Кенесары тақырыбымен қатар келеді, ал, дастан жанрында бейнеленуін, тіпті салыстыруға келмейді. Ақынның Абылай ханға арналған «Шалқұйрық дастан», «Қанай дастан» жəне көлемді «Жəпек батыр» атты үш шығармасының барын айтсақ жеткілікті болар. Бұл үш дастан бірін-бірі толықтырып, «Шалқұйрық дастанда» ханның Сабалақ атанған жастық кезін бейнелесе, «Қанай дастанда» Абылайдың хан көтеріліп, дəуірлеген шағындағы тұлғасын бейнелейді. Ал, кейін жазылған «Жəпек батыр» дастаны хан өмірінің басқа да кезеңдерін қамтып, бейнесінің жаңа қырларын ашып, Абылайдай ұлы хан тұлғасының жан-жақты бейнесін сомдайды. Енді, дастандарды осы айтылған ретпен жеке алып қарастырайық.
«Шалқұйрық дастан» туындысындағы Сабалақ бейнесі ақын жинақтарына енген шығармалардың, соның ішінде, бұл дастанның да жазылған уақыты көрсетілмеген. Дегенмен, алғашқы жинағына (Хан Кене) енгендігіне жəне хан өмірінің бастапқы кезін бейнелеуіне қарап, Абылайға арналған дастандар арасындағы алғашқысы осы шығарма деп жобалап отырмын. Дастан Қарауылдың қалың елі Жақсылықтың топ бастары, белгілі дəулетті адамы Дəулетбайдың қартайған шағында ордасына Сабалақ деп өзін таныстырған жас жігіт келеді. Кең иықты, сұңғақ бойлы, қыран қабақты келбетті кескіні, тіктеп қадар жанары, жөнін бүкпесіз айтар ерекше мінезі өткені бұлдыр болса да Дəулет қарттың көңілінен шығады. Дəулетбайға Сабалақтың қара жерге отырмай – қорсынатыны, астан жасық жемей – қомсынатыны, тобырды теңгермей, тектіге тең болуды жолсынатыны сияқты кейбір ерекше оғаштау көрінген қылықтары да қарт көңіліне селкеулік келтіретін емес. Сабалақ шаруасына да мығым, ат үстінен түспей, тапсырылған он мың жылқыны борандарда да ықтырған емес, тіпті қотыр тай да жоғалып, қолды болған емес, барымталап келгендерін тобықтан бір-ақ ұрып түсіреді.
Жас жігіт баққан үйіріндегі қырық қасқыр қамаласа да үйірін алдырмайтын тектіліктің асыл құнын сездіріп жүрген Шалқұйрыққа бауыр басады. Ол да тек Сабалақ мінетіндей оның сан амалына, соның ішінде, қарсы шапқанын кеудемен соғып күйретуге машықтанады. Көп ұзамай олардың үйренгендері, дайындықтары қалмақтар қазақ жеріне лап қойғанда сыналады. Дəулетбай Сабалақты «Халқыңа бейбіт жатқан қалқан бол деп» батасын беріп аттандырады1,51-62. Дастанның қалмақпен соғыс кезінде қалмақ батыры Шарышпен жекпе-жек эпизоды осы ұрыс жырланатын басқа туындыларға ұқсас. Бір айырмашылығы Шалқұйрық иесі үйреткен əдіспен Шарыш тұлпарын соққан кезде жау тұлпары сүрініп, осы кезде Сабалақтың зұлфықары жарқ етіп қалмақ батырының басы жерге домалайды. Шарыштан айрылған жау талқандалып, Сабалақтың ата жауға кеткен кегі қайтады. Ұрыс соңынан батыр ерлігіне риза болған қарт Шалқұйрықты Абылайға сыйлайды. Дастан Дəулетбайдай дана қарттарға, Абылайдай кемелді еріне Шалқұйрықтай қазанаттарына мадақ сөздермен аяқталады.
«Қанай дастан» шығармасындағы Абылай хан тұлғасы, Қанай бидің туған және бақилық болған жылдары туралы мəлімет жоқ. Ал, шыққан тегі мен өскен ортасы туралы деректер өте мардымсыз. Бізге белгілісі – оның қазақ ақсүйектерінің тапсыруымен 1858 жылы Қоқан ханы (ВЕСТНИК КазНПУ им.Абая, серия «Исторические и социально-политические науки», № 3 (26), 2010 г. 32) Худоярға бір топ қазақ биін басқарып елші болып барып, бірқатар жеңілдіктерге қол жеткізгендігі туралы мəлімет 7, 517-518. Біз қарастырып отырған дастанға қатысты М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасында «Ту баста Абылайды хан көтерген, Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай» деген жолдар би туралы мəліметімізді біршама толықтырады. Үш бөлімнен тұратын дастанның алғашқы «Кілт» деген кіріспе бөлімі атауы айтып тұрғандай шығарманың бүкіл мағынасын ашатын Қанайдың көп көсемнен өзгеше әрі ерекше орны – оның халқының бақытына Абылайды хан көтерген кемеңгерлігін паш етеді.
Негізгі «Арна» бөлімі алты тирададан тұрады. Əр тираданың соңғы екі жолы «Бізге де бір Қанай шал қажет боп тұр…» деп басталып, келесі жолы сол тирададағы ойды жинақтайтын түйін тармағынан тұратын рефренмен аяқталады.
«Тану» деп алынған бірінші тирадада Қанай бидің Абылайды топтан «зердесінде батпан салмақ жатқанын» танып таңдағанын бағалайды. Ханның алдаспандай тіліп түсер өткірлігін, «атойлап атқа қонар айбатын», тасты жарар «зерделі ой, зерек көңілін», жүрек сырын төгілтер күйшілігін санамалай отырып, қазіргі «санаға ауыр салмақ түскен» заманда бізге де бір Қанай шал қажет боп тұрғанын осы тираданың түйіні етіп айтады.
Біз «Таңдау» деп тақырып берген екінші тирадада ақын Абылайды ардағым деп танып, өзін «Қырық пышақ қазағының басын қосар Хан ием!» деп таңдағанын айтады. Алты Алаштың ұранына айналған, Ақ киізге салып төбесіне көтерген алтындай салмақты ханын, оның жолына жан берсек те арманымыз жоқ деп халқының қалтқысыз сенімін білдіреді. Тирада жауап керек сұрағы көп заманымызға топтан (мың-миллионнан) жолына жан беретіндей жалғаны жоқ елбасы табатын, біздің жағдайда ең болмаса сондай адамды меңзейтін, бізге де бір Қанай шал қажет боп тұрғанын арман етеді.
Үшінші тирадада алдау мен жалғаны көп, сабандай салмағы жоқ, халқының қамын жемек түгіл қазақтың іштен шыққан қалмағы боп, елін тал түсте талайтын қоғамдағы жетесіздер қылығын əшкерелеп, оларға алысқанда алдырмас арланым деп Абылай тұлғасын қарсы қойып, «сананы шабақтаған салмақты сөз айтқан» Қанайды еске алады. Қазіргі «іштен шыққан шұбар жыландар» білгенін істеп, қоғамдағы рухсыздық пен қылмыс жайлаған заманда Абылайдай тарланды көре білген, бізге де бір Қанай шал қажет боп тұрғанын ақын жасыра алмайды.
«Таныған Абылайды арысым» деп жəне «Таныған Абылайды данамыз» деп ұлы ханды ардақтайтын төртінші, бесінші тирадаларда жəне Абылай есімі айтылмайтын алтыншы тирадада бүгінгі қазақ қоғамына Қанайдай дана қартың қажеттігі қайталанады. «Түйін» деп аталатын қорытынды бөлімінде де Абылайды көп ішінен көре білген, ерекше қасиеттерін тани білген, ақ киізге көтеріп хан көтеріскен Қанайға жəне дəуірдің дарабозы Қанай қарттай бабалардың рухына бас ию бүгінгі ұрпақтың парызы екендігі айтылады.
Төлеген Қажыбаевтың 2004 жылы жарық көрген «Жəпек батыр» атты көлемді тарихи дастанында қазақтың ұлы ханы Абылай эпизодтық көріністерде ғана суреттеледі. Соның өзінен ханға деген халық сүйіспеншілігін байқай аламыз. Абылай бейнесі оның талай жорықтарында жəне қалмақ тұтқынына бірге түсіп, серігі болған дастанның бас кейіпкері атақты Жəпек батыр арқылы ашыла түседі. Бұл жөнінен дастан осының алдында ғана біз қарастырған С.Сматайдың «Жарылғап батыр» атты өлеңмен жазылған романымен үндеседі. Ол туындыда да Жарылғап батыр Абылай ханмен Қалдан Серен тұтқынында болады. Əрине, көркем шығарма болған соң ақын қиялымен болатын Абылай ханның тұтқынға түскені, қалмақ ханымен айтысы сынды қазақ ханына маңызды тұсын суреттеуде, оның қасына хан батырларының кез келгенін қоюы «қазаншының» өз еркінде. Одан шығарманың көркемдігіне келіп-кетер нұқсан жоқ. Дегенмен, осындай қатар жарық көрген тарихи шығармадағы сюжеттік ұқсастықтан өзінен өзі сауал туындайды: қалмақ тұтқынында Абылай хан жанынында болған батырды атағанда қай ақынның қиялы тарихи негізге келеді? Бұл тұрғыдан Т.Қажыбаев дастанының басында келтірілген Үмбетей жыраудың, Толыбай ақынның, Мағжан Жұмабаевтың өлең-жырларынан, Шоқан Уəлихановтың еңбегінен келтірілген үзінділер 2, 134 қалмақ тұтқынында хан жанынында болған Жəпек батыр екендігін айғақтайды. Оның үстіне Астана баспасынан шыққан «Абылай хан» (өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар) атты жинақтағы деректер 6,100,132 əлгі айтылған дәйектерді дəлелдей түседі.
Тоғыз тараудан тұратын дастанның С.Сматаев романымен үндестігі алғашқы тарауынан-ақ байқалады. «Жарылғап батырда» Абылай алдында Əз Тəуке туралы мадақ сөз айтылатыны сияқты бұнда да тараудың (Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ХАБАРШЫСЫ, «Тарих жəне саяси-əлеуметтік ғылымдар» сериясы, № 3 (26), 2010 ж. 33) «Түркістан əмірі Темір» деп атаған алғашқы үштен бірі кіріспе ретінде, Түркістанның, оны билеуші əмір Темірдің түркі тарихындағы рөлі туралы жырланады.
Біріншіден, түркінің туын тіккен көне шаһардың атағын аспандатқандығын…, оны жай айтып қоймай, тарқатып айтып, «Тұранның болса екен деп астанасы», «Түркінің… Меккесіне» айналдырғысы келгенін, шаһарды, оның үстімен көктей өтетін Жібек жолын тіпті «Азуын айға білер небір нояндардан (Шыңғыс тұқымынан)» қорғап, қорғап қана қоймай, үлкен мақсат жолында сан елді басып-жаншып, қанды жорықтар жасап, ордаға олжа салып, Түркістанның төрт құбыласын бүтіндегенін жəне осы əрекеттердің бəрі «Түркінің басын қосамын» деген ұлы ниетке бағындырылғанын жеткізеді.
Екіншіден, осындай қалаға Тұранға сіңірген қызметі үстінде «Барластың қабыланы Темір-қаһар» деген атауынан-ақ шыққан тегі, «Жібермес қара тастай кектесіне» бет қаратпас мінезі, «Жанары жан біткенді оттай қарыған» қаһарлы бейнесі көз алдымызға келеді. Бірінші тараудың қалған үштен екісін «Сабалақ Төле би қолында» деп алдық. Бұл бөлігі кіріспемен байланыстырылып, Түркістанның шаңырағы шайқалған шақта оған пана болған Төле би, оның əділ билігімен халықты «ханнан бетер балатқаны» айтылады. Сол «Есікке күң байлаған, құл байлаған» билігі жүрген шағында салмағы сабыр сақтар Сабалақ деген текті жігіт Төленің түйесін бағып, ептілігімен биге жағады екен. Би дерегі жоқ жұмбақ түйешісін ес көргенмен, бəйбішесі байқағандай ол кіргенде селк етіп, шыны сол Сабалақтан сескенеді. Бəйбішесі жасаған сынақтан кейін оған əбден көзі жетіп, енді іш жиып қара құлдан шошынады. Қымыз орнына іркіт беріп тағы бір сынағанында Сабалақ байқап қалып, іркітті кездігімен төртке бөліп, бұлай табалағанын бетіне басып, зереңді қолға бермей лақтырып кетеді. Би түйешінің бұл қылығын «түндігіңді төртке бөлем» деген ишарат екенін түсініп, «бастан жақ ажырасар жетті бүгін» деп ашуға мінеді. Сабалақтың бірге еріп келген жолдасы Оразқұл Сабалақтың да мінезінің оқыс шыққандығын, енді би ештеңеден аянбайтынын айтып, Түркістанды тастап шығуға көндіреді. Сөйтіп, «Мінгесіп аталықпен жалғыз атқа,.. Сабалақ Сарыарқаға қадам басты».
«Абылай хан саятта» деп аталған үшінші тарауында Сабалақ Түркістанда жігерін жани алмай, құлдыққа көне алмай, Арқаға жалын атып, намысын қазағының даулап келеді. Дастанда фольклордағыдай, не жазба əдебиеттегі поэмалардай Сабалақтың елге танылуын, ел билігіне келуін «Тəңірі бақ талабын көтеріп, ақ-қарасы ашылып, Орта жүз оны хан көтеріп, Көкшетау хан ордасына айналды» деп қысқа қайырған. Шарыштың басы алынған соғыстан кейін қалмақтың тұмсығы тасқа тиіп, қазақ жұртында біршама тыныштық орнайды. Осы тұста Абылай қасында сенімді Жəпек батыры бар қырық жігітпен аңға шығады. Абылай ханның əрі батыр əрі көсем, əрі сан қилы өнерді игерген саңлақ екені тарихтан белгілі. Дастанда осы сегіз қырының ең қазақи қыры көрініс береді. Қас қарайып, саятшылар кешкі асқа отырған шақта Абылай домбырасын алып, өз басынан өткен шемен шерін адам жанын күйдіретін де, идіретін де күйге қосады. Дастанда хан иемнің көп күйшінің жүйрігі екендігі айтылып,оның «Елім-ай»,«Қоржын қақпай», «Шаңды жорық» күйлерінің ұлы ханнан «таптырмас тəбəріктей мұра болып» қалатынына сенім білдіріледі. Таң атып, дабыл қағысымен Абылай мен Жəпек тобы «Құлан қорық» деген жерде құлан үйіріне жолығып, хан мен Жəпек бір құланды түре қуады. Жəпек тартқан оқ күлдірмамайдан кем түспей түз тағысы құлайды. Құланды бұтарлап, етін қуырдақтап жатқан сəтте, бір жеті торуылдап жүрген бес жүз қалмақ, қапыда қырық жігітті басып қалды. Осылай хан Абылай, құрылған торға түсті өзі келіп…
Дастанның төртінші тарауын «Абылай қалмақ тұтқынында» деп атадық. Бұл белгілі жайт көптеген халық ауыз əдебиеті үлгілері мен жазба əдебиеті туындыларында жырланады. Түрлі фольклор үлгілерінде, қаламгер туындыларында бұл тарихи оқиға əртүрлі көлемде, əр қилы көзқараспен тарқатылады. Т.Қажыбаев дастанында едəуір өзгешеліктер енгізілген. Олардың бірі – Қалдан хан ордасына келмес бұрын тұтқындар ағысы қатты Қатынсу өзенінен өткізіледі. Абылай мен Жəпек мінген қайықты қалмақ қайықшылары игере алмай, аударылып, тұтқындарды тастап қалмақтар жан сақтап қашады. Қолы байлаулы Абылай суға батып бара жатқанында, Жəпек жандармендеп алып шығады. Тұтқындар өздері қалмақ ордасына кіріп келгенде қалмақтардың қуанышында шек болмайды. Біздіңше, қазақ тұтқындарының жау жеріндегі алғашқы ұтысы – аман судан шығып, өздерінің қалмақ ханына келуі. Қалмақ ханы бұны өздеріне ұят санап, екі қайықшының басын алып, Жəпек ерлігін мойындап, елін одан үлгі алуға шақырады.
Бұдан кейінгі оқиға көпшілік көркем шығармалардан белгілі Абылайдың босағаға отырмай, төрт тағандап отыра кеткен Жəпектің үстіне отыруы, Қалдан мен Абылай арасындағы қалмақ ханынының қабырғасына батқан Шарыштың өлімі туралы екі хан арасындағы айтыс, қазақ ханының сөзінің жүйелілігі мен тапқырлығы сияқты белгілі жайттарды қайталайды. (ВЕСТНИК КазНПУ им.Абая, серия «Исторические и социально-политические науки», № 3 (26), 2010 г. 34)
Дастанда Қалдан Абылайдың даналығын мойындап, «Қалдан ердің тап-тап беріп таласпай, Ырғасу сөзден əрі аспай» бұлардың сөзге келіп жарасқанын иланымды келтіріледі. Дастанның бұл оқиғаға қосқан енді бір жаңалығы – кенеттен жел көтеріліп, жердің жүзін ақ түтек басып боран соғып, қалмақ ханы мен елінің жан ұшырғаны. Қырылып қалың жылқы желмен ығып, көптеген қараша үйлер қирайды. Шамандар бұл жайды ұға алмай бастары қатады. Ар-ұятты қойып, қысылған Қалдан дана тұтқындар арасында күн болжағыш бар ма екен деп сұрастырады. Қазақтар арасында Рай дейтін сондай қасиеті бар кісі бар екен. Ол хан ордасына келіп: «Иншалла бір жақсылық болар деді, Түс ауа қалың қар да солар деді. Алдына ақ орданың қақ байланып, Қос үйрек сол суға кеп қонар деді». Қалмақ ханы жаурыншының айтқаны келмесе, басы кесілетінін хабарлап, ал болжамы дұрыс келсе онда тұтқыннан босатылатынын жариялайды. Абырой болғанда түс ауа долы боран басылып, жарқырап күн шығып, қар еріп, сай-сала суға толып, ақ орда алдында қақ байланып, «Қос үйрек қақ суына қонған екен». Қалдан сертте тұрады, бірақ, қалмақ-қазақ арасы ақ болсын деп, Жəпектің бір баласын кепілдікке алады. Абылай басшы, Жəпек қосшы болып, қырық жігіт елге қайтады.
Біз «Абылай қолының қалмақпен соғысы» деп атаған жетінші тарауы Қалдан өлгеннен кейін қалмақ еліндегі тақ таласының жоңғар нояндарының қытайдың Ежен ханымен жең ұшынан жалғасып, қайтадан үйреніскен жауы қазақтың жағасына жармасуына əкеп соқты. Абылай жаудың қалың қолын көріп, елінде еркек кіндік қалмаған ғой деп, осы соғыс, сірə, «ақтық айқас болар» деп шамалайды. Сондықтан, қазақ ханы да бар батырларын шақырып, көп қол жинайды. Бұл ұрыс та дəстүрлі жекпе-жектен басталып, оның шешуші маңызы барын білетін хан, ортаға таудай боп шыққан қалмақ батыры Кəбінге қарсы Ер Жəпекті шығарып, жаудың басын алуды қатты тапсырады. Қалмақ батыры Жəпекке найзасын тіреп, сауыт өңірін іреп кеткенде дөң басынан қарап тұрған Абылай «қуарып, қаны қашып, жүдеп кетті». Жəпек ер жау найзасынан аман қалып, қатты қарқынмен қайта шауып, «Абылайлап» ағындап келіп, Кəбінді қолқа тұстан түйреп өтеді, бұндай күшті күтпеген қалмақ мұрттай ұшады. Қазақтар «Абылайлап!», «Ə, құдайлап!» Абылайдың ақ туын барып құшады. Əрі қарай жан беріп, жан алысқан сұрапыл майдан басталады. Абылай соғыс тəрбиесін көрген қазақ батырлары Бөгенбай, Дарабоз, Баян, Жəнібек, Жəпектер бар өнерін көрсетіп, ұрыстың тағдырын шешеді. Сөйтіп, Абылай болжағандай бұл жеңісті айқас қалмақты бас көтертпестей етіп, жотасын омырған ұрыс болады. Абылай: «Халқымның хақтан күткен азаттығы, құтылып ата жаудан қазақ бүгін» деп қолын жайып, тізе бүгеді. Қарастырылған үш дастандағы Абылай жəне басқа хандар тұлғасының бейнеленуін жинақтай келе мынадай тұжырымдар жасауға болады.
Біріншіден, дастандар Абылай жəне басқа билеушілер бейнесі сомдалатын тарихи аңыздар мен тарихи жырлардағы, қаламгерлер тарихи туындыларындағы тарихи оқиғаларды жəне тарихи əдебиеттегі деректерді негізге алатыны байқалады.
Екіншіден, «Жəпек батыр» дастанындағы Əмір Темірдің бейнесін беруде тарихи шындықпен қатар, ақиқаттан ауытқып, тым əсірелеп көтермелеу де орын алғанын айта кету керек. Қожа Ахмет Ясауидің діни-софылық көзқарасын, əдеби мұрасын бағалап, оның атына Түркістан шаһарында əсем кесене салдырып, қаланың төрт құбыласын бүтіндеп, түркінің Меккесіне айналдыруы, түркінің астанасы етуге ұмтылысы, сол жолда неше бір қиындықтарға, қаталдыққа барғаны, сөз жоқ, Темір қаһар бейнесіне жарасып тұр. Сонымен қатар, тарихтан белгілі жайттар: бірінші, «ақсақ қаханның» өз қандасы Баязитті күйретіп, Осман империясы ықпалында болған Таяу, Орта Шығыс мұсылман елдерін əлсіретіп, Еуропа христиандарына жем қылғаны, екінші, Тоқтамыс əскеріне қайта-қайта соққы беріп, туыс түркі-мұсылман Алтын Орда империясын бас көтерместей құлдырауына ықпал жасап, соның арқасында орыс князьдіктері бас қосып, күшейіп, оңтүстігіндегі түркі елдері мен халықтарына үлкен қасірет болғаны дастандағы «Исфахан қылышындай қайран Темір, Түркіні қосамын деп терін төккен» деген жолдарға тіпті үйлеспей, боямасыз нағыз «Темір қаһардың» бейнесін ашып тұр.
Үшіншіден, дегенмен ақын Абылай тұлғасын кейіптеуде белгілі хан өміріне байланысты жайттармен шектеліп қалмай, хан бейнесін сомдауда тарихи шеңберден онша көп алыстамайтын едəуір жаңа деректер мен оқиғаларды қосу (Абылай бастаған қазақ тұтқындарының Қатынсудан өтуі, Қалдан ордасындағы кенеттен соққан боран жəне Райдың жаурыншылдық қасиеті), бұрынан белгілі жайттарға жаңаша реңк беру (Көптеген фольклорлық үлгілердегі Төле бидің Сабалаққа қамқорлығы суреттелетін эпизодтар, керісінше, Төле бидің секемшілдігі жеңіп, жас жігітті үйінен қашуға мəжбүр етуі) сияқты батыл қадамдарға барған. (Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ХАБАРШЫСЫ, «Тарих жəне саяси-əлеуметтік ғылымдар» сериясы, № 3 (26), 2010 ж. 35)
Төртіншіден, бұл үш дастандағы Абылай хан бейнесі ұлы хан өмірінің тарихи əр кезеңдерін суреттейді. Бұл тұрғыдан сөзсіз «Шалқұйрық дастанның» тарихи кезеңі бұрынырақ, дастан Абылайдың жас балаң жігіттік Сабалақ атанып жүрген кезін баяндайды. «Қанай дастанда» Қанай сынды дана қарттың Абылайды көп ішінен көре білген, ерекше қасиеттерін тани білген, ақ киізге салып, хан көтеріскен заманын суреттейді. Бұл шығарма Абылай хан тұлғасының тарихи бейнеленуінің мезгілі жағынан екі дастан арасынан орын алады. «Жəпек батыр» дастанының уақыт диапазоны əлдеқайда кең – ханның жас жігіт (Сабалақ) шағынан Абылай ханның дəуірлеп тұрған шағындағы соңғы бір айқастағы көрінісі суреттеледі. Бұл дастан соңғы кезде жазылған, сондықтан, тарихи кезең жағынан «Шалқұйрық дастанның» тарихи кезеңін толық қамтып тұр.
Бесіншіден, бұл үш дастанды бұлай орналастыру Т.Қажыбайдың Абылай туралы дастандарындағы Абылай хан тұлғалық бейнесінің эволюциялық даму процесін анығырақ көрсетуді жеңілдетеді. Бейненің даму жолын дəстүрлі схемалық тізбекпен көрсетсек, ол мынадай түрде өрнектеледі: Сабалақтың Дəулетбай үйіндегі қызметі, Шарышты жеңуі (Шалқұйрық дастан); Абылайдың көп ішінен танылып, таңдалып, ақ киізге көтеріліп хан сайлануы (Қанай дастан); Сабалақ Төле би есігінде, Сабалақ Арқада Абылай атанып хан көтерілуі, хан көп күйшінің жүйрігі, тұтқын Абылайдың аударылған қайықтан аман шығып, жау ордасына өзі келген мəрттігі, Абылайдың босағаға отырмай, тектілігін танытуы, Шарыш өліміне айыпты еместігін мойындатуы, Қалдан ордасында боран соғып, мал қырылғанда Абылай жаурыншысының қалмақ елін аман сақтап қалуға септігі, Абылайдың Кəбін бастаған қалың қолын жеңердегі қолбасшылық шеберлігі, Абылай ханның Жəпек батырмен достығының шынайылығы (Жəпек батыр).

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Қажыбаев Т. Хан Кене. Толғаулар, дастандар, драмалар. – Алматы: Жібек жолы, 2002. – 20-27, 51-62, 80-105-бб.
2. Қажыбай Т. Жəпек батыр. Тарихи дастан. – Астана: Foliant, 2004.–134-б.
3. Қазақ тілінің сөздігі (Жалпы редакциясын басқарған Жанұзақов Т.) – Алматы: Дайк-Пресс, 1999. – 773-б.
4. Сарбалаұлы Б. Қазақ өлеңінің келбеті – кестелі тіл. («Қазіргі кезең əдебиеті. Көркем тіл мəселесі» атты ғылыми конференциясында сөйлеген сөзінен) // Əдебиет айдыны. № 46.
5. Қажыбай Т. Бар əлемнің жауһары мен гауһары, Жалғыз тамшы көз жасыңа татымас… («Кенесары үңгірінде» өлеңі). // Əдебиет айдыны. № 27. –13.07.2006. – 9-б.
6. Абылай хан (Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар). – Петропавловск: Астана, 2005. –100,132-бб.
7. Қанай би. «Қазақстан» ұлттық энциклопедия. 5 том. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2003. – 517,518-бб.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *