ҚҰДАЙБЕРЛІ-АТЫҒАЙ ЖӘПЕК БАТЫР

 


Әбуев Қадыржан Қабиденұлы
тарих ғылымдарының докторы,
ҚР тарих және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік
университетінің профессоры


Қазақ халқының тарихындағы жат жұрттықтармен күрестің ерлік дәуірі болған Абылай заманының айтулы тұлғалары Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары, Олжабай сынды батырлар қатарында есімі зор құрметпен аталуға тиісті батырдың бірі – Шоқан Уәлиханов «әйгілі Құдайберлі-Атығай руының батыры» (знаменитый батыр из рода кудайберди-атыгай Жапек батыр) деп әспеттеген Жәпек батыр [1, 216-222]. Құдайберлі Жәпек батырдың шыққан тегін шежіре бойынша таратар болсақ, ол шежіре дерегі бойынша Арғын тайпасының құрамындағы жеті момынның іргелі руы 12 ата Атығай: Құдайберлі, Бәйімбет, Бағыс, Баба, Ақкиік, Қойлы, Құлансу, Бабасан, Қадір, Елтоқ, Сары, Есентаңырық, Сүйіндікқара деп бөлінеді. Жәпек батыр осы он екі ата ішіндегі жолы үлкен Атығайлардың аға баласы саналатын Құдайберліден тарайды [2, 152].
Құдайберлінің әкесі Есім хан заманында өмір сүрген Қалқаш батыр Сыр бойында дүниеге келген. Құдайберлінің дүниеге келуі туралы әулетімізде маңғыт Едігенің дүние есігін ашқан оқиғасына ұқсас тарихи аңыз сақталған. Шежіре дерегіне сүйенсек, Атығайдың түп атасы – Дәуіт делінеді және ол Есім хан заманында Бұқар бегі болған деседі [3, 50-51]. Қалай болған күннің өзінде Атығай-Қарауыл рулары ХVII ғасырда және ХVIII ғасырдың бірінші ширегіне дейін Сарыарқаға жайыла қоныстанбаған. Сарыарқаға қарай біртіндеп жылжуы кейінгі уақытқа, жоңғар-қалмақ шапқыншылығының үдеген кезеңіне сәйкес келеді.
Белгілі шежіреші, өлкетанушы, ақын, Ерейментау өңірінің тумасы, Қанжығалы тегінен шыққан Сайлау Байбосын өзінің 2014 жылы басылған «Қанжығалылар» шежірелік кітабында, кейін 2016 жылы шыққан «Есімдері жүрсін деп ел есінде» атты еңбегінде Қанжығалы Бөгенбай батырдың Көлбай деген ағасынан тарайтыны 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалыс кезінде мергендер тобын басқарған ақын, шежіреші Молдажан Жадайұлының (Молдажан ақынның еңбектері ҚР Ұлттық ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорында сақтаулы) деректеріне сүйеніп, келесі тарихи фактіні келтіреді: «Ақтабан шұбырындыда Сыр бойынан ауған Жеті момын баласының арасына жолшыбай алауыздық кіреді. Жәпек батыр мен Қанай би бастаған Атығай-Қарауыл балалары батысқа қарай кетіп, Әбілқайырдың қол астына бармақ болып шешеді. Бұларға Қанжығалының Жетіруы Бозым балалары да қосылады. Бөгенбай батыр бұлардың істерін құптамай, ол жаққа бармаңдар, әрі қарай орыс жақын, түбі бір күні орыстың аяғының астында қаласыңдар, ал қалмақ өзіміз секілді көшпелі жұрт, түбі бір күні біз жеңеміз дейді. Бірақ, аналар оған көне қоймайды. Сөйтіп, ел екіге айырылып, ағайынға сөзін өткізе алмаған Бөгенбай батыр өзіне қараған елмен Сарысудың бойына бұрылып кетеді» [4,11].
Тарихи деректерден, оның ішінде, Шәкәрім қажы шежіресінде, қала берді «Еңлік-Кебек» поэмасында Арғындардың жаңа қонысқа орнығуы айқын, басы ашық тарихи деректермен суреттеледі. Тегінде жалғыз Атығай-Қарауыл ғана емес, Орта жүздің тобықты мен бәсентин, қанжығалы, уақ рулары да Мұғалжар таулары мен Торғай, Ырғыз, Обаған өзендері бойларына дейін барып қалғаны осы тұс еді. Жоңғар-қалмақтардан қазақ жерлерін азат қылған заманда қазақ руларының жаңа қоныстарға орналасуы басталды. Бұл турасында «Еңлік-Кебекте» мынандай жолдар бар:
Момынның жартысы айтқан барамыз деп,
Ата қоныс Шыңғысты аламыз деп.
Атығай-Қарауыл мен Бәсентиін
Көшпепті біз осында қаламыз деп [5, 11].
Арғы замандардан бері жұбы жазылмай жүрген Жеті момын ішінен шығандап шет жайлап кеткені тобықтылар ғана еді. Алайда, олардың көші-қонының белгісіндей боп тобықтының белгілі әулет басылары болған аталарының есімдері Ырғызбай, Торғай аталғандығы да осы тұс болатын. Соңғы кездері жинақталған деректердің негізінде біз мынандай тұжырымға келіп отырмыз – Абылай ханның өзге елге емес, нақты Атығай-Қарауыл ортасына келуі, билеуші ұлыс сұлтаны болып тағайындалуы әлдебір кездейсоқтық жағдай емес, заңды оқиға. Себебі, Арғын ішіндегі осы рулар Есім хан заманынан бері хан ордасының маңайында болып келгендігін шежіре деректері дәлелдейді. Демек, Абылай өзін танитын, бұрынғы аталарына қызмет еткен сенімді адамдардың соңынан келген. Ол келген елінің басты адамдарының оны қолдайтындығына, қорғайтындығына бек сенімді болған.
Шежіре дерегін беруші 1924 жылы туған Қарағанды пединститутының тарих факультетін бітірген – Мәлік Төлепбергенұлы. Жәпек батыр ұрпағы шежіреші ақсақал Құсайын қарттың шежіре дерегі бойынша Жәпек батырдың жас шамасы Абылаймен құрдас, яғни, 1711 жылға сәйкес келетіндігін айтқан болатын. Сондай-ақ, Жәпек батырдың Ертіс бойындағы қайын жұрты бәсентиіндерге қайыншылап барған сапарында егде тартқан шағында өз ажалынан қыс мезгілінде дүние салғандығын, денесі сөреге салынып сақталып, көктем туа сол кездегі белгілі адамдарға қатысты салт бойынша Түркістанға апарылып жерленді деген әңгімені әкемнің өз аузынан сонау өткен ғасырдың 70 жылдарында естуші едік. (М.Төлепбергеновтің Жәпек батыр туралы жазбалары отбасылық жеке архивте сақтаулы) [6]. Оның үстіне біз мына бір жайтты да ескергеніміз жөн, Қарауыл Қанай үшін де Жәпек батыр үшін де Түркістан маңы – Атамекен. Ата-бабаларының ескі қорымдары да сонда. Олар – Арқаға келген бірінші ұрпақ. Сол себепті де қайтыс болған белгілі адамдарын көпке дейін қасиетті Атамекенге апарып қойып келсе керек.
Құдайберлі Жәпек батыр екі әйел алған. Бәйбішесінен жалғыз ұлы Қарасай батыр туған. Қарасайдан және Жәпек батырдың Манан деген інісінен тараған ұрпақтары негізінен Айыртау ауданының Қоскөл және Райсовка ауылдарында тұрып келді. Қоскөл ауылындағы Қарасай ұрпағынан шыққан ең атақты тұлға белгілі жазушы-драматург –Шахмет Құсайынов. Жәпек батыр шежіресі Шахмет атамыздың баласы Көбей ағамызда да сақталуға тиісті.
Жәпек батырдың екінші әйелі – Кежек, шежіре дерегі бойынша атақты Бәсентиін Малайсары батырдың яки қарындасы яки қызы. Малайсары – Жоңғар хандығының негізін қалаушы Батур қоңтайшының туған інісі және басты саяси бақталасы Күнделен тайшыдан туған, яғни, жоңғар билеуші әулетіне туған жиен. Күнделен тайшының тағы бір қызы Жәңгір ханға ұзатылып, одан Тәуке хан туады. Демек, Малайсары Тәуке ханның өзіне бөле болып келеді. Бір өзі қазақ пен жоңғардың билеуші әулеттеріне тура қатысы бар адам болып шығады.
Тархан атағын Ресей Шақшақ Жәнібекке беріп, оны өздерінің қазақ ордасына ықпалын нығайтуға пайдаланса, жоңғардың Ұлы билеушісі Қалдан Серен өз жиені Малайсарыға тархан атағын беріп, оны өзінің қазақ билеушілеріне ықпал етуші тұлға ретінде қарады. Бұл оның кейінгі өрбіген оқиғалар уақытында қазақ-жоңғар қатынастарындағы саяси салмағы мен орын айқындап берді. Міне, осындай белгілі тұлға әулетіне Жәпек батырдың күйеу болуы, оның және балаларының саяси статусының қазақ пен жоңғар жұрты алдында жоғарылауына себеп болған. Кежектен бес бала туады. Олар – Сейтен, Жауқай, Жортушы, Жарты, Сарықазақ.
Абылай сұлтанның атақ-даңқы артып тұрған уақытта кенеттен 1741 жылы Ертістегі орыс бекіністері бойынан Орта жүз иеліктеріне жоңғарлардың баса-көктеп кіруі қазақ тарихындағы «екінші ақтабан шұбырындыға» ұласып, оның зардаптары аса ауыр болды. Белгілі Ресей тарихшысы В.Моисеев Ертіс бойынан Септен қолбасшы бастаған жоңғардың 30 мыңдық әскері үш оперативті топ болып басып кірді. Абылай оған қарсы 600-дей жауынгерімен қарсы шығып, жанкештілікпен қарсы тұрғанда, Жәпек батырды осы қорғаныс шайқастарындағы қолбасшылардың бірі ретінде атайды [7]. Абылай дәуірін зерттеу барысында жазылған «Абылай хан замандастары және ұрпақтары» атты монографиялық еңбегімде ол эпизод турасында келесі деректерді келтірейін: «Ақырғы қақтығыста 200-дей жауынгерімен қалған Абылай қапыда қоршауға түсіп, небәрі 35 адамымен тұтқынға алынады [8, 85]. Осы шайқаста ептілігімен әрі ерлігімен Жәпек батырдың кенже ұлы Сарықазақ ерекше көзге түседі. Ол турасында Ш.Уәлиханов өзінің ХVIII ғасырдағы қазақ батырлары туралы тарихи аңыздарында арнайы тоқталып өтеді. Жәпек батыр ұрпақтары Абылай ханның мұрагері Уәли ханды белсенді қолдаушылардың қатарында болғандығын келесі орыс-қазақ қатынастары жинағынан алынған деректер растайды. Бұл – Уәли ханның Екатерина II патшайымына жазған хаты.
«Әкеміз Абылайдың тұсында менің мына інілерім мен ел ағалары патша ағзамның сарайына шын ниетімен қызмет етті. Атап айтқанда, сұлтандар – Шыңғыс, Рүстем, Шығай, Жиқангер, Тоғым, Қасым мен Байыр, ал, ел ағалары Дәуітбай тархан, Бәйжігіт тархан, Жанғи баһадүр, Бекболат би, Бекше би, Нұрқабек, Түлек, Сейтен, Хош, Оразхан, Сарықазақ, Отаршы, Дат баһадүр, Тәуекел молда, Құлыбек, Бабеке, Баубек, Шауқан, Байтоқа, Тоқ баһадүр, Алыпқара мен Пәшен осыларды мейіріміңізден тыс қалдырмаңыз [9, 452 ]. Осы аты аталған ел ағаларының ішіндегі екі адам Сейтен мен Сарықазақ – Жәпек батырдың ұлдары.
Жәпек батырдың бар ғұмыры жорық жолында өткен. Абылайға, Алаш баласына қиын күндерде сенімді серік, жолдас болған Құдайберлі Жәпек туралы деректер көрші Ресей және Қытай елдерінің мұрағаттық құжаттарында қордаланып жатыр. Мәселен, қытай деректерінде Япек, «Атығайдың мың шаңырағының басшысы деп көрсетілген» [10, 39 ], орыс деректерінде – Джапек деп аталынған [11, 203-206].
Жоғарыда айтқанымыздай 1741 жылы «екінші ақтабан шұбырынды» кезінде Абылай ханмен бірге жоңғар қонтайшысы Қалдан Серенде тұтқында болған кезінде өзінің ақыл-парасатымен Абылай ханның үлкен ризашылығына ілінген. Абылай өзіне көп еңбегі сіңген адам ретінде Жәпек батырды ерекше атап өтеді. Шоқанның жазғанындай Шарыштың шешесінен қауіптенген Қалдан Серен Абылай хан мен оның серігі Жәпек батырды тұтқыннан босатады. Жоңғар қоңтайшысы аманат ретінде қалмақтың билеуші әулетіне жиеншар болып келетін Жәпек батырдың ұлы Сарықазақты аманатқа қалдыруында үлкен саяси мағына бар деуге болады. Қазақ пен жоңғар арасында елшілікке Ақшора бимен қатар жүрген Малайсары барып, ақыры тұтқындағы Абылай жоңғар билеушісінің одақтасы болып, зор марапатпен 1743 жылдың көктемінде елге оралды.
Бұл оқиға Ресей жағын қатты алаңдатқаны Ресей тарихнамасында жан-жақты баяндалған. Ресей тарапының ара ағайындық қызметін өз мойнына алған Шақшақ Жәнібек тархан 1742 жылы К.Миллердің Қалдан Серен Ордасына барған елшілігіне жолбасшы қылып өзінің інісі Байқұлақ батырды қосады. Алайда, К.Миллердің елшілігі түк бітірмей кері қайтады, Байқұлақ болса азаппен өлтіріледі. Есесіне Малайсары тарханның өрге тасы домалап, екі далалық билеушіні ымыраластыруға қол жеткізеді. Абылай жоңғар шабуылы кезінде қол үшін бермеген Ресейден гөрі өзінің атысып үйренген жауымен тіл табысқанды жөн көреді.
Жоңғардың Ұлы қоңтайшысының 1745 жылғы кенеттен болған қазасынан кейін жоңғар ордасында билік үшін қиян-кескі күрес басталғанда Абылай хан өзінің елшілік жолымен жеткен табыстарын баянды ету мақсатында сол жылы Түркістанға үлкен жорыққа аттанғанда әскер үш тараптан жауға шабуылдады. Хан әскерін қарадан шыққан қолбасшы Жәпек батыр басқарды. Абылайдың қазақ жерлерін азат ету жолындағы онан әрі жалғасқан кездегі ең ірі ұзаққа созылған соғыстың бірі – Шаған соғысы. Осы шайқас кезінде Жәпек батыр жоңғар ноянын жекпе-жекте өлтірген. Ерлігіне риза болған Абылай жоңғар ноянының қызы Шағанды Жәпекке әйелдікке берген. «Жәпек – Шаған» оқиғасының желісімен Иранғайып (Оразбаев) ақын 2002 жылы «Жәпек – Шаған» поэмасын әрі драмалық шығармасын жазды. Ол «Жұлдыз» журналында жарыққа шықты. Жоңғария 1756-1758 жылдары ішікі саяси тартыс пен Қытай тарапы экспансиясы салдарынан күйретілген соң циндік Қытай «жоңғар мұрасын» толық иелену және қазақтарды да бағындыру мақсатымен Қазақстан шекарасына «Ұлы армияны» аттандырғаны мәлім. Абылай үш жүзге сауын айтып,1758 жылы Абылай хан шақырған әскери кеңесте Малайсары мен бірге циндік Қытайға әскери тойтарыс беру керек деген пікірді қолдады. Бұл шешімнің дұрыс болғандығын кейінгі тарих толық дәлелдеп шықты.
Жәпек батырдың негізгі қонысы әуелгі кезде қазіргі Қызылжар қаласы орналасқан жер болып, онан соң Есілдің бір саласы Иманборлық өзенінің бойына ығыса қоныстануға мәжбүр болды. Жәпек батырдың ерлігін жырлаған ақын- жыраулар – Бұқар жырау, Шал Құлекеұлы.
Атығайдан шыққан Шал ақын (Тілеуке) өзінің бір өлеңінде әкесі Құлекенің және сол кезеңдегі арғынның Атығай руынан шыққан атақты батырлардың кімдер болғанын былайша жырлайды:
Құдай жақсы жаратқан Нұрекені айт,
Елде жақсы бар болса бір-екіні айт.
Атығайда төрт қасқа батыр өткен
Жантелі, Жәпек, Тілеке, Құлекені айт! – деп атап өткен [12, 136].
Жәпек есімі Абылай ханға байланысты алғаш шежіре дерегінде Абылайдың елге алғаш танылуы оқиғасына байланысты кездеседі: «Майдан даласында қалмақтың Шарыш деген батыры қазақтың екі батырын бірінен соң бірін өлтіріп, қазақ дағдарып тұр екен. Абылай астында тұлпары, қолында қылышы бар, келе қалмаққа қарсы шауып, Шарышты аттан түсіреді. Сол жерде Атығай Жәпек батыр бар екен, Абылайдың астына ақ кигіз төсеп қарсы алады».
Құдайберлі-Атығай Жәпек батырға қатысты екінші елеулі шежіре дерегі: «Қалмақ ханы Қалдан Серен қапысын тауып, Абылай ханды қолға түсіргенде Атығай руынан шыққан Жәпек батыр да бірге тұтқындалыпты. Абылай ханның қолға түскенін естісімен Қалдан Серен оны өзінің хан шатырына алып келуді әмір етеді. Жанында Жәпек батыры бар Абылай шатырға кіргенде, Қалдан Серен жолбарыс терісін жапқан алтын тақта отыр екен дейді. Кекке булығып жүрген қалмақ ханы Абылайды көрген бетте көзі шатынап, қаны басына теуіп: «Шарышымды өлтірген сенбісің?!» – деп ақырса керек. Біреудің алдында түрегеп тұрып жауап беруді ар санаған Абылай хан үнсіз қалады. Сол кезде Жәпек батыр: «Қалдан қалмақтың ханы болса, сен қазақтың ханысың, Абылай! Төмендеме, хан ием, менің үстіме отыр!» – деп, Абылайдың алдына тізерлей етпеттеп жата кетіп еді дейді. Сонда ғана, өзін ашуға жеңдіріп отырғанын сезген Қалдан Серен нөкерлеріне қарап иек қағады. Нөкерлері дереу төрге күлте жал жарғақ бөстек төсейді. Абылай хан бөстекке тізе бүгіп жайғасқан соң, еңсесін тіктеп: «Шарышты, ұзында өшім, қысқада кегім болған соң өлтіргенім жоқ. Мен халқымның айтқанын орындаушы ғанамын. Міне, бұрынғыдан қалған кәрі құлақтардың сөзі осы [13, 157-170]. (Дерек беруші Ахмет Әбдікұлы (1881-1976), даңғайыр шежіреші, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы). Кейін осы деректі елімізге танымал тарихшы Жамбыл Артықбаев «Халық тарих толқынында» атты еңбегінде пайдаланды [14, 193].
Қытай дерегінде Жәпек батыр мың үй Атығайдың басшысы деп көрсеткен. Көкшетаулық ақын Төлеген Қажыбаевтың «Жәпек батыр» поэмасында Жәпек батыр тарихи-әдеби кейіпкер ретінде аталады. Қарасай батырдан тараған атақты ұрпағы – жазушы-драматург Ш. Құсайынов. Ұрпақтары қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда және Көкшетау қаласында тұрады. Аудан орталығы Саумалкөл кентінің бір көшесіне батыр есімі берілген.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев жариялаған рухани жаңғыру жылдарында елінің азаттығы жолында жан аямай күрескен Құдайберлі Жәпек батыр есімі қалың елімен қайта табысуда. Жуырда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі айналасына жерленген қазақтың хандары, абыз-әулиелері, билері мен батырлары жерленген тізімге есімі 27-болып тіркелгендегі туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Н.Ахметжанов Көкшетауға арнайы хабар жіберді.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Валиханов Ч. Собрание сочинений в пяти томах.
Том І.– Алма-Ата, 1984. стр.216-222
2. Әбуов Қ. Абылай хан. Энциклопедия. – Көкшетау, 2013. – 152-б.
3. Кәкімқызы А. Туған елге жыр сәлем. Естеліктер, шежірелік деректер, өлеңдер. – Көкшетау, 2017. – 50,51-бб.
4. Байбосын С. Есімдері жүрсін деп ел есінде. – Екібастұз, 2016. –11-б.
5. Құдайбердиев Ш. Еңлік-Кебек. – Алматы, 2014. – 11-б
6. Әулет шежіре дерегінен
7. Моисеев В. Джунгарское ханство и казахи ХVІІ-ХVІІІ вв. Алма-Ата, – 1991.
8. Әбуов Қ. Абылай хан замандастары және ұрпақтары. –
Көкшетау, 2016. – 85-б.
9. Абылай хан (Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар). – Петропавловск: Астана, 2005. – 452-б.
10. Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. Т.3.
Қазақ тайпаларындағы отбасы саны тізім дәптері маньчжур тілінде. Цяньлун жылнамасының 23 ж. 1- айы. 39-б. №5 құжат.
11. XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары. – Алматы, 1961. – 203-206-б.
12. Бес ғасыр жырлайды. – Алматы, 1989. –136-б.
13. Есмағанбет М. Алтынның сынығы. – Қарағанды, 2004. – 157-170-бб.
14. Артықбаев Ж. Абылай хан: аңыз бен ақиқат халық тарих толқынында. Құраст. Шаңбай Т., Ибраева А., Астана: Фолиант, 2013. – 193-б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *