Сұрағың бар ма?
–Байзақ датқа мен Батырбек датқа арасындағы кикілжің сырын білсем деп едім.
–Қайдағы кикілжің? Баукең қатты дауыстап ашуланды.–Кикілжің дегенің жай сөз. Олар бір-бірімен араздасқан. Байзақ датқа біздің әулеттен, Батырбек датқа Сиқымнан шыққан. Екеуі де ағайынды, екеуі де мықты. Араздасқанда құдай салмасын бір-біріне сәлем бермеуге дейін жеткен.
Ол кезде ру-руға бөліну деген бар. Сонда жалғыз өзі араздаспай, екі ру араздасқан.
Байзақ датқа Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жартысын қосып ап:
–Орыстар келе жатыр, қарсы шықпаймыз,– деген бағытта болған. Батырбек датқа Қоқан хандығына сүйеніп, қазақтарды орыстан азат етеміз дейді. Сөйтіп отарлау саясаты екі ағайынды кісінің қайғысына айналған.
Қоқан ханы:
–Сібірден осы жаққа бет алып орыс әскері келе жатыр,–дегенді естіп, датқаларды жинайды. Жоғарғы әскери кеңес мүшелері ақылдасып, , ақырында Шымкент қаласының үлкен алаңына зеңбірек қойып, Байзақ датқаны алып кеп, зеңбірек аузына арқанмен байлап, оның құндағына бір қап дәрі сап, елдің көзінше атады. Байзақтың быт-шыты шығып, аспанға ұшады. Бір қап дәрі оңай ма?
Сонда Байзақ датқаның жілігі ме, жамбасы ма, төмен құлап келеді екен.
–Қараң, туысқаның сені іздеп, қайтып келе жатыр,– дейді Батырбекке қасында отырған өзбек келекетіп. Мұны бұрын естіп пе едің?
–Естіген емеспін.
–Тарихтан хабарың жоқ екен ғой. Қазақ даласын жаулап алуды ақ патша Перовский, Черняев, Колпаковский деген генералдарына тапсырған. Орыс келе жатыр деп қазақ біткен үріккен.
Колпаковскийдің бір әдісі, белгілі жерге ру басыларын шақырады екен. Қасында Шоқан. Сонда Колпаковский сөзін, құдай біледі, Шоқан арқылы айту керек. Әйтпесе, қазақша білмейді ғой.
–Біз келе жатырмыз. Әскеріміздің күші мынандай. Мылтығымыз, зеңбірегіміз, бәрі бар. Мені ақ патша:,, Сендердің жерлеріңді ал, отарла,- деп жіберді.-Ол кісінің үкімін екі ете алмаймыз. Ал енді сендерде садақ, пілте мылтық, найза, айбалта бар, басқа түк жоқ. Сол себепті бағыныңдар, қан төкпейік.
Мен осы жерде тоқтай тұрам. Әскеріме үш күн демалыңдар деп бұйрық бердім. Ойласыңдар, кел десең, қан төгіссіз-ақ барайық. Қарсыласам десеңдер, қол жинаңдар,,– дейді екен.
Сиқым, Жаныс, Ботпай, Шымыр, Албан, Суан, Шапырашты, Ысты жиналып, ақылдаса келіп, қой қарсыласпаймыз дескен. Содан Колпаковский қолы Меркеге дейінгі жерімізді соғыссыз, қан төгіссіз алған. Мұның ұйтқысы Байзақ датқа болған. Түсіндің бе?
–Түсіндім.
–Ақ патша Черняев деген генералына Жамбыл, Шымкентті, Перовский деген генералына Ақтөбе, Қызылорда, Түркстанды алуды тапсырған екен. Колпаковский Шоқанға:
–Енді Черняевқа бар. Ол өзіне сені жіберуді өтініп, мазамды алды,– деп Шоқанды жұмсайды. Ол барады.
–Жамбылды қорғаймыз,– деп Қоқан мен Кеңесарының баласы Садық төре қолы Талас бойында Черняевтың әскерімен соғысып, жеңіледі.
Черняев Таразды алады. Ол әскеріне:
–Әйтеуір, тірі жанды аман қалдырмаңдар,– деп бұйрық береді. Содан оның қарулы әскері бейбіт тұрғындарды, бала-шаға, қатын-қалашқа дейін қырып, жойған.
Черняевтың бұл жауыздығына Шоқан шыдай алмай, қатты ренжіп, отставкіге кеткен. Ол кезде офицердің ондай құқығы бар еді.
Бұл күнде сендер Шоқанды ауырып қайтыс болған деп жүрген көрінесіңдер, ол шын мәнінде қайғыдан қайтыс болған. Бейбіт жатқан, қарусыз халқының қанға бөгіп, қырғынға ұшырағаны жан дүниесіндегі психологиялық ауытқуға апарып соққан.
Озбыр генералдар кейін Ақмешітті Перовский, Шымкентті Черняев деп атаған. Колпаковскийдің кішіпейілдігі- Верныйды /бүгінгі Алматыны/ Колпаковский деп өзгертпеген. Бұдан үш генералдың ерекшелігі көрінбей ме?
Колпаковский Шоқанның ауырып жатқанын естіп, Цинь Зяньдағы шатаққа байланысты оған бара алмай, өлгеннен кейін ғана барады. Басына мына столдың /қолымен көрсетті/ бетінен екі есе үлкен гранит тас қойдырып, мұнда Шоқан жатыр деп жаздырған. Ол ескерткіштің қалдығы әлі бар.
Колпаковскийдің адамгершілігі қандай , ә? Ол Алматы көшелері түзу, кең болсын деген. Желдің қозғалысын да есептеген. Ал бүгінгі оқымысты архитекторларымыз Алматыны қандай күйге ұшыратты? Жел соқпайтындай етіп, айналамызды биік үйлермен қоршап тастады. Соның кесірінен әсем қала көкала түтінге тұншығулы.
Панфилов паркіндегі шіркеуді салдырған да Колпаковский. Ондай сұлу ғимарат жер жүзі архитектурасында жоқ көрінеді. Ең ғажабы, бір шегесіз салынған. Ол әлемдік архитектураның інжу-маржаны.
Қазан төңкерісінен кейін бір американдық Алматыға келіп, сұлу шіркеуді көріп, чертежін қағазға түсіріп /өзі құрылысшы-инженер болу керек/, еліне барған соң, тиісті орындарға хабарлап:
–Кішкентай қаладан мұндай кереметті кездестірем деп ойламап едім,– дейді. Олар шіркеуді сатып ап, бұзып, өздеріне апарып орнатпақ болады. Бірақ Тұрар Рысқұлов Ленинмен ақылдасып, оны сатуға тиым салады. Қазір ол шіркеу тарихи мұражай үйі.
Баукең маған таңырқай қарап:
–Тақырыптан ауытқып кеттім-ау?– деді.
–Аздап ауытқыдыңыз.
Біраз дауыстай күліп алды.
–Сұрағың не жайында еді?
–Араздасу жайында.
–Осы күнгі Түлкібас, Жуалы ол кезде бір аудан еді. Орталығы Ванновкі / қазіргі Тұрар Рысқұлов/ болатын. Мен алғашында аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы, кейіннен аудандық милиция бөлімінің бастығы болдым.
Қызметімді мылтық асынған екі-үш милиционерді ертіп, абақтыны аралаудан бастадым. Бастық келді деп бәрі жүгіріп жүр. Абақты жап-жаман үй. Бір тар бөлмеге жиырмашақты адамды қамапты. Қашып кетеді деп терезесін ашпайды екен. Жұтатын ауа жоқ.
–Тұтқындарды заң бойынша түске дейін, түстен кейін күніне екі мәрте екі-үш сағаттан таза ауада серуендету керек,–деп далаға шығардым.
–Қарағым-ау, шырағым-ау, менің жазығым не?– деп жан-жақтан жамырай мүң шаққандар тіпті көп.
–Тексереміз, анықтаймыз. Әзірше шыдаңыздар.
Күзетшілер түкпірдегі бөлмеде жеке қамауда отырған бір жас жігітті алып шықты. Ол мені көре салысымен ұрамын деп маған қарай тура кеп жүгірді. Мына жақтағы бір қазақ:
–Әй, ақымақтанба! Жоғал!– деп айқай салды. Сірә, өздері туысқан болу керек, бұзақы әлгіні тыңдап, кері бұрылып кетті. Күзетшілер оны орнына апарып, қайта қамады. Оған анау тәйт демегенде, ол мені ұруы да мүмкін еді.
–Кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін білмеймін. Тергеушілер бар, сот бар, анықтайды. Менің міндетім– тәртіп, тамақ, келім- кетім жағын қадағалау,– деп тұтқындағыларға жағдайды түсіндірдім.
Жұмыс күні соңында әлгі маған тап берген бұзақыны есіме алып:
–Жеке қамауда отырған кім? Маған әкеліңдер!– дедім. Күзетші барып, есікті ашса, анау жоқ болып шығады.
–Ойбай, қайда кетті? Көкке ұшты ма, жер жұтты ма?– деп күзетшілерден береке қашады. Ары-бері жүгіріс, сапырылыс басталып, әбігерге түстік. Анықтап білсек, кім бергені белгісіз, біреу оған балта беріпті. Ол сол балтамен саз балшықтан соғылған қабырғаны балталап, өзі сиятындай қуыс жасап, қашып кетіпті.
–Іздеу жариялаймыз.
–Оның қажеті жоқ. Ол ертең болмаса, бүрсүгіні қолға түседі,– дедім.
Кейін поездың ішінде сол жігітпен кездестім. Басымда құлақшын, үстімде жай киім еді. Мені көре салысымен тура кеп қашты. Қашсаң, қаша бер деп отыра бердім. Қуалап нем бар? Қусам вагон іші, ұстаймын ғой.
Ол оңбаған, кейін білдім, маған туыс екен.
Мен шыдай алмай мырс ете қалып едім:
–Әй, неге күлесің?– деді Баукең даусын көтеріп.– Немене, менің туыстарым арасында бұзық жоқ дейсің бе?! Бұзық қазір де бар.
Темекі тұтатып, тарта отырып, сөзін жалғады.
–Іспен таныссам, қамалып жатқандардың көбісінің кінәсі жоқ, тергеушілер тексермей қамауға ала берген. Бір қазақ тергеуші әбден парақор болып шықты. Оған ауыл белсенділері:,, Мынаны қама, ренжітпейміз,, – десе, іске екі көзін жұмып кіріскен. Үш куәгердің қол қойған шағымымен оның үстінен мәселе көтердім.
Прокурор Емельянов екеуміз абақтыда жатқандардың жартысынан көбін қамаудан босаттырдық.
–Ой, айналайын, көп жаса!
Тұтқыннан босатылғандар маған ризалықпен күлімсірей қарап, алғыстарын жаудырса, әлі бостандық ала қоймағандар:
–Әй, қарағым, мен де жазықсыздан жазықсыз жатырмын. Мені қашан босатасың?– деп телміріп, мұңая қарап тұрады.
Олардың әрқайсысымен де жеке-жеке сөйлестім. Сондағы менің таң қалғаным, араздасқандар адал, ел ішінде беделді адамдарды жала жауып қамата берген.
–Ой, бұл сұмдық қой! Қазекеңдерге не болған? Араздасудың себебі не?– деп тұңғыш рет ойға баттым. Сондағы бір байқағаным, араздасуға итермелейтіндер– өсекшілер мен жағымпаз күншілдер, пайдакүнем мансапқорлар екен.
Мұның жарқын бір мысалын, өзбек халқының кемеңгер ақыны Әлішер Науаидың өмірінен, шығармаларынан да көруге болады. Ол тақталас кезінде бала күнінен бірге өскен, он бес жасынан шах сарайында бірге қызмет істеген досын жақтайды. Досы жеңілген соң, жаңа шах Әлішерді Самарқанға жер аударып, мал-мүлкінен айырып, қатаң бақылауға алады, көп қиындық көрсетеді. Соған қарамастан ол көп оқып, ізденіп, хандардың қаталдығын, әділетсіздігін, халқының ауыр тұрмысын суреттеген шығарма жазады. Кейін досы шах атанғанда оны өзіне уәзір етеді. Әлішер Науаи ә дегеннен алдыңғы қатарлы, озық ойлы, адал жандарды маңайына жинай бастайды. Оның мұнысынан қауіптенген арамзалар шахқа жамандап, араларына от тастайды. Өсектің кесірінен Иранға ол қуылады. Қуғында жүрсе де өзі тұрған қаланы мәдениетті қалаға айналдырып, тыныштық, әділеттік орнатады.
Бұл кезде шах маскүнемдікке салынып, /бұл да өсекшілер мен жағымпаз мансапқорлардың ісі/, ел азып-тозады. Әлішерді, лаж жоқ, шах досы қайта шақырып, өзіне уәзір етеді. Бірақ ұлы ақын, ұлы ойшыл қуғын-сүргіннің, қастандықтың кесірінен алпыс жасында, ерте қайтыс болады.
Әлішерге жасалған қастандық біздің Абайға да жасалды ғой. Абай да өмірден ерте кетті. Міне, араздасудың кесірі рухани өмірімізге де зиянын тигізген.
Араздасқандар бір-бірін өлтіруге дейін барады. Араздасу–дүниежүзілік соғыс жасап, миилондаған құрбандыққа да апарады.
Замананың заңын әркім әртүрлі түсінеді. Соғыс–адамзат табиғатына жат құбылыс. Табиғат заңы бойынша адам бір-бірін өлтіруге жаратылмаған.
–Барлық адам туысқан, қан төкпеңдер, бір-біріңді өлтірмеңдер. Жер-ана сендерден ештеңесін аямайды,– деп Мұса пайғамбар адамдарды бірлікке шақырған.
Араздасу – менің емес, басқа ақылды кісілердің ойынша, адам баласының үлкен бақытсыздығы. Араздасу жағынан Кеңес одағы халықтарының ішінде біз бірінші орын аламыз. Түсіндің бе?
–Түсіндім.
–Оған отаршылдық қоғам дәстүрі кінәлі. Ол дәстүрдің шырмауынан әлі құтыла алмай келе жатырмыз. Егер мен қателессем, түзе. Әй, қарағым, сенбесең, өз практикаңа үңіл. Бір жігіт шықса:
–Біздікі ме екен?– дейсіңдер. Сөйтіп, біздікі, сіздікі деген бәлеге қаласыңдар. Осы аурудан өзбектер, тәжіктер, орыстар, украиндар сау. Бұл ауру бізде жазылмайтын ауру. Жақында жазылмайды да. Бұл біздің үлкен кемістігіміз. Олай деу аз, түсінсек, үлкен қайғымыз.
,,Үш жүзге біздің қазақ бөлінеді,
Осылай шежіреден көрінеді.
Қазақта жазылмайтын бір ауру бар,
Істеуге өз қызметін ерінеді,,.
Бұл Міржақып Дулатовтың өлеңі. Ол ақын, тарихшы, философ ретінде қайғымыздың негізгі себебін үш жүзге бөліну деп түсінген. ,,Істеуге өз қызметін ерінеді,, деп басымызды қоса алмағанымызды айтып отыр. Бұл, түсінсең, үлкен кінәлау.
Баукең қабағын түйіп, маған шүйіле қарады.
–,,Қазақта жазылмайтын бір ауру бар,, дегенді сен қалай түсінесің?
–Ынтымақ, бірлігіміздің әлсіздігін айтқан ғой.
–Ол жолдың астарын түсінуге сенің білімің жетпейді. ,,Сүйекке біткен ауру өлгенде ғана кетеді,, дейді халық. Біздің басымыздың қосылмауы сүйекке біткен ауру. Соны ақын Міржақып терең түсінген.
,,Ынтымақты елге ешкім жетпес,
Ынтымақсыз елдің өкініші бітпес.
,,Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді,
Өшер елдің баласы бірін-бірі қатын дейді,, –деген сөздерді бабаларымыз айтқан. Бұл-ақымақтанып, өз-өзіңнен қор болмай, бастарыңды қоссаңдаршы деген сөз. Соған біз осы уақытқа дейін түсінбей келе жатырмыз.
Ырың-жырың, берекесіз позицияға мен қарсымын, мен өте қапамын. Қолдан келер ештеңе жоқ, екі тізгін, бір шылбыр менің қолымда емес.
Болыстыққа таластырғыш отарлау саясатының кесірінен ру-руға, ата-атаға бөлінуден де біз әлі құтыла алмай келеміз. Оның зияны осы уақытқа дейін халқымыздың тарихына, әдебиетіне, өнеріне, әсіресе, ең өкініштісі –жасөспірім жастарға тиіп келе жатыр.
Бұл өте қайғылы. Әй, шырағым-ау, біздің заманда, құдайға шүкір, жетпей жатқан ешнәрсе жоқ қой. Әркімнің талабын итеріп, шұңқырға тастап жатқан кім бар? Бірақ та талаптың да талабы бар. Талапты таңдай білу керек.
Тарих талапқа әділетті бағасын бере білген, бере біледі де. Бір ғана мысал. Жаяу Мұса қаңғып жүрген біреу ғой, ә? Ал оның талабына, талантына бүгін халық, тарих жоғары баға беріп отыр. Ол кісі талабы мен талантының рахатын көрді ме, көрмеді ме, білмеймін. Құрманғазы, Мәди, Ақан сері, Балуан Шолақ, тағы басқаларын ал. Олар тарихымызда халық перзенті боп қалды. Кезінде араздасып, оларға қастандық жасағандарды қазір ешкім білмейді…
Баукең орнынан қозғалып, әлдекімдерге ренжіген сыңай таныта сөйлей бастады. Кенет байсалды күйге еніп:
–Кейбіреудің басына істеген қатесі тірі кезінде, кейбіреудің басына өлгеннен кейін түседі. Менің ойымша, қарағым, ең үлкен ауыртпалық өлгеннен кейін түскен ауыртпалық! Ол ақымақтардың еншісі! Әрине, өлген сезбейді, бірақ жақсы адам туралы ,,жатқан жері жайлы болсын,, дейміз ғой. Оны жаман өлсе де айтамыз. Айтқанмен жүрегінде ,, саған мәңгі қарғыс!,, деген сөздер де жатады.
Көне Египеттің бір ғұламасы біреудің жерлеуінде болыпты. Өлген кісі дәрежесі жоғары екен. Жұрттың бәрі мақтап сөйлейді. Ғұлама ләм-мим демейді.
–Сізден елдің бәрі сөз күтіп еді, үндемеуіңіздің себебі не?–дейді жұрттың бірі.
–Өлген кісі туралы сөйлеген жақсы ма, үндемеген жақсы ма?–дейді ғұлама. Жұрт не дерін білмейді.
–Мен үндемегенді дұрыс деп таптым.
Баукең маған сынай қарап:
–Ғұлама десе ғұлама ғой,– деді бас бармағын көрсетіп.–Бізде өлген кісі жаман болса да, ойбай, жақсы еді деу көп қой. Сен жассың, білмейсің, ал мен бірнеше жерлеуде болғанмын. Қазақтар өлген кісіні көмген соң, қырық қадам ұзайды да, кері қайтады. Жай қайтпайды:
–Жақсы адам еді, ешқандай күнәсі жоқ еді!– деп айқай салады.
Әкемді ,,жәке,, дейтінмін. Мені ол кісі тойға да, жаназаға да ертіп баратын. Сонда көрсін деп ертіп барады екен.
Бір кісіні жерлеп қайттық.
–Жақсы адам еді, күнаһар емес еді!– деді жәкем қырық қадам ұзағанда дауыстап.
Үйге кеп шай ішіп отырдық. Күндегі әдетімше әжемнің қасынан орын алғам. Түрім бұзылып кетсе керек.
–Қарағым, саған не болды? Тамақ жесеңші?– деді әжем. Қазір ойласам, балалығым екен. Ана өлген кісінің ауылда қадірі жақ еді. Елдің бәрі оны сыртынан сөгіп жататын.
–Жұрттың бәрі жаман адамды неге жақсы адам еді деп шуылдап айқайлады?– дедім. Әжем ішегі қатып күлді. Жәкем төрде отырған.
–Біздің қазақтың дәстүрі бойынша өлген адамды жамандамайды, жатқан жері торқа болсын, дейді, –деді әжем күлкісін тиып.
Сол сөз есімде. Қазір де қазақтар өлген кісі туралы бір жаман сөз айтпайды. Қанша жек көрсе де:,,Иманын жолдас қылсын, жаны жәннаттан орын алғай,,–дейді.
Қарсыласы өлсе, соның басына араздасқан кісі ,,ой, бауырымдап,, жылап барған. Жалпы бармаса:,, Өлген кісіде өшің бар ма?!,,– деп жұрт оны жазғырған, намыс көріп, масқара санаған.
Өлген кісімен өштесу деген бізде болмаған. Бұл дәстүрді, мен өзімнің түсінуімше, сен қалай түсінесің, өз еркің, үлкен адамгершілік деп білем. Тағы араздасқан кісі өлген қарсыласының басына келгенде жай келе салмайды, бір ауыртпалығын көтеріседі.
Тағы бір мысал. Жоғарыда айтқанымдай, Байзақ датқа қайтыс болды ғой. Сонда Батырбек датқа қырық жігіт ертіп, қырық жылқы алып: ,, Бауырым-ай, бауырым-ай, біз мал-мүлік үшін емес, ар-намыс үшін араздасып, тартысып едік. Енді мен кіммен табан тіресем? Өзіңдей алысатын адам қалмады ғой, сорладым ғой,, деп Байзақ датқаның жаназасына келіпті. Бұрын бірін бірі атарға оғы жоқ қып-қызыл қарсылар ғой.
–Өлгенінде кеміткісі келді ме, әкеңнің…– деп Байзақ датқаның тұқымдары шатақ шығармақ болыпты. Жұрт: ,,Жаназасы қып-қызыл жанжалға айналатын болды-ау,,– деп дүрлігеді. Сонда Жаныстың бір атақты биі:
–Тәйт! Ауыздарыңды жабыңдар! Бауыры екені рас. Сыйлап келіп отыр. Тәйт!– деп тастапты. Ол кезде үлкен кісінің айтқаны– әскер тәртібінен де бұлжымас заң. Сөйтіп екі ру жарасыпты.
Екі руды жарастырған Байзақ датқаның өлімі мен Батырбек датқаның адамгершілігі екен. Мұны саған айтқан себебім, шырағым, ең алғашында араздасқанымен Батырбек датқа азаматтық істепті. ,,Араздассақ та, туысқан еді ғой,, – деп өткеннің бәрін ұмытқан. Содан бері Сиқым-қиқым, Шымыр-шыбын татумыз. Батекең осылай ерлік, адамгершілік, көрегендік, кемеңгерлік танытыпты.
–Өлсе, жатқан жерінен тұрмасын!– деп келмей қойса, не істейсің?! Ал, қарағым, есіткен құлақта жазық жоқ дейді. Мұражайда мұндай құжат бар ма, жоқ па, білмеймін. Менің мұражайым-әкемнің естелігі. Бұл шын ба, аңыз ба, ол жағын да анықтай алмаймын. Меніңше, рас болу керек. Әкемнің аузынан естігенім осылай.
–Мұны неге еске алып отырсыз, алжыған шал деп маған сұрақ қойсаңшы?
–Мұны неге еске алып отырсыз?
–Қарағым, ұрпақ үшін ең жаман нәрсе– кек. Соны біздің бабаларымыз түсіне білген. Өздері араздасқанмен кейінгі ұрпақ қамын ойлай білген… Араздық кесірінен содырлардан таяқ жеген Абайдың өзі де келешек ұрпаққа кек қалмасын деп қарсыласының ақымақтығын кешіреді ғой. Менің ойым, араздасқанды өлгеннен кейін ғана емес, тіріде де қойған жөн. Сонда ғана көсегеміз көгерген үстіне көгере түседі.
МАМЫТБЕК ҚАЛДЫБАЙ