Ара-жігін елестің,
Айыра біл, қарағым.
МЕН–Махамбет емеспін,
Қалмаханбет қанамын.
Тілімменен қылдым зар,
Түр-өңім де келемеж.
Мінезімде бір мін бар,
Махамбетке тән емес.
Болмысым жоқ шын ірі,
Беретіндей елге айбын.
Ханды шаппақ түгілі,
Хәлін сұрай алмаймын.
Ұраным да келте тым,
Ұсақ есеп-қисап, әй…
Еркектер көп ертетін
Емес бірі Исатай!
Аңыз ғана көне, ескі,
Анықтап ал, қарағым.
МЕН–Махам бет емеспін,
Қалмаханбет қанамын.
Көңілді демдеп ең,
Күдеріңді күліп үз.
Болса ұқсастық–ол деген,
Біздің жалғыздығымыз!
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ