Атыңнан да көрініп тұр кеңдігің,
Ақын едің,
Ең талантты, ең мығым.
Көз нұрымен, сөз – жырымен қарық қып,
«Секем-ай!» – деп сыр айтады енді кім?!
Саған ғана жарасады еркелік,
Талантыңнан от тұтаттың… тер төгіп.
Өң мен түстің арасында бір ғұмыр
Ойда жоқта кетті ме екен өртеніп?!
Қырық екі жыл…
Жанған жүрек жалындап,
Тынғаны ма тап осылай дамылдап.
Қиылдың сен –
Келе жатқан кезіңде
Кітаптарың енді ғана қалыңдап.
Деуші едің сен:
«Жыр жолына жан құрбан!»
Үмітті едің болашақтан – таң-нұрдан.
Кешір мені!
Кешір мені, Кеңшілік,
Кезім болса көңіліңді қалдырған.
Ақын еді,
Батыр еді – негізің.
Сыңар қалдым сынғаннан соң егізім.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ