Нан-дастарханның берекесі. Дастарханды кез келген асқа толтырып қоя бер, егер нан болмаса, ол дастарханның не сәні болады? Үйімізге біреу келе қалса,»нан ауыз тиіп кетіңіз» деп айтатын салтымыз бар. Егер наннан жоғары тұрған ас болса, соны айтар едік қой. Тағамның үлкені болғандықтан да, аузымызға алдымен нан түседі. Молшылық біздің адал, мақсатты еңбегімізбен жасалған, оған мақтанғанның да айыбы жоқ. Бірақ ол дарақылық пен даңғойлыққа айналып кетпесе екен дейміз. Диқан үшін нан өсіруден гөрі, нанның рәсуә болғанын көру қиынырақ, ауырырақ. Өз еңбегінің еш болғанын кім қалайды дейсің? Дән өзінен-өзі дән болмайды. Ол күтсең ғана, бел жазбай еңбек етсең ғана шығады. Күннің ыстық кездерінде жүгері егістігінің іші 50-60 градусқа дейін жетеді. Осындай ыстыта егістікті аралап шыққанының өзі неге тұрады? Сөйтіп табылған нан ғой бұл. Оның шаңға бұлғанып, аяқ астында жатқанын көргенде қиналмағанда қайтеміз. Нанды сыйлайық,құрметтейік дейміз, бұл қызыл сөз емес. Мұнда биік адамгершілік,жерге,елге өз ошағына, Отанға деген сүйіспеншілік тұр. Осының бәрін бойына сыйдырып тұрған нан қасиетіне неге бас имеске? Нан қадірін білу- үлкен жүректің, биік адамгершіліктің ісі.
Нан тақсіретін тартып, бір тілім нанға зар болған кезден бері көп уақыт өткен жоқ. Небәрі қырық жылдың о жақ, бұ жағы. Талай қыршындар қасиетті жерімізді, дән өсіретін даламызды,дәлірек айтсақ,нанды қорғау жолында өмірін қиды. Бәрін былай қойғанда,нанды қадірлеп, аяулау сол жандардың аруағын сыйлағандық болмас па еді!