Демежан

Ойламаған жерде, дайындықсыз келген қаза Демежанға өте ауыр тиді. Тас емшегін жібітіп, тар құрсағын кеңітіп, іштен жарып шықпаса да, Ажар оның ақ сүтін емген анасы еді ғой. Осылай жер басып жүргені үшін ол тек бір адамға, сол анаға қарыздар болатын. Мына бір қамсауы жоқ, өгей өмірде өзгеден таппаған мейір-шапағатты сол кісіден тауып еді-ау. Өзінің ең жақын адамың дүниеден өткенде, сенің де тірлігіңнің бір бөлшегі сонымен бірге кететін сияқты ма,қалай? Ажар анасын қайтпас сапарға ұзатып салғаннан бері, Демежан көңіліне де алғау түсіп, жалпы өмір, өлім туралы көп ойлайтын болып еді. Адам өмірі қандай қысқа?… бірақ тірі пенде соны ойламауға тырысып, өзін алдарқату үшін неше түрлі қарбалас қам қарекет, бітпес, таусылмас ермектер тауып жүреді. Ал шыңдап ой жіберсең, тірліктегі қызық-қуаныш, талас-тартыс,жеңіс-жеңіліс дегендерін- өзіңді-өзің емексіткен,жай күн өткізудің амалы сияқты. Осыны ойлағанда Демежан бұл бес күндік жалған дүниеден табан тірер дәнекер таппай, өмірден суына түсуші еді.

   Демежан ұзақ уақыт қаралы қазанның соңында жүріп,Боздақтағы өз ауылына кеше ғана оралған-ды.Бұл аттан түсіп,үйге кірер-кірместен, ала шапқын,беймаза тірлік қайта басталды.Астындағы атын қара терге түсіріп,бүкіл ауылдың итін шулатып,қаладан Шихалдайдың шабарманы жетті. Қолында «бүкіл үкірдай зәңгірлер ертеңнен қалмай Шәуешекке жетсін» деген шақыру қағазы бар. Сонысын табыс етті де, тізгін ұшымен ілгері кетті.Бүгін Демежан інісі Әбдірасыл мен шабарманы Рақымды ертіп,қалаға асығыс аттанып бара жатқан себебі сол еді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *