Бақанас жаққа жаутаң да жаутаң қарадық,
Болмысты билеп бір үміт және бір күдік.
Ел болып түгел есімін енді елеуге
Жеткенде мезгіл… болады, сірә, не деуге?!
Беліне түскен Шәкәрім ата сақалы
Жиырма тоғыз жыл айналып кеткен селеуге.
Жалғыз оқ қана тағдырын шешіп, сот-үкім,
Жиырма тоғыз жыл құдықта жатқан жақұтым.
Тәңірім, сірә, бермесе тегі,
тартып аласың ба, қайтесің,
Құнанбайлардың ұрпағына
Тұманбайлардың бақытын?!
Арсыздың қолы аямай жаққан күйенің
Түйірі қалмай, аман-сау шыққан киелім!
Аруана дала аңырап талай тербетті
Жиырма тоғыз жыл құдықта жатқан сүйегін!
Бұған да шүкір!
Бұған да, халқым, бір тәубә!
Кенелді көңіл бір тауды қосып бір тауға.
Құдықтан өзі,
Құлыптан сөзі шыққан соң,
Шәкәрім қыран –
Шарықтап кеткен шырқауға!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ