БАРЛЫХАН

Манадан тұрғандай-ақ бізді көріп,
Бар күшпен Барлыханды сүзді келіп…
Сол сәтте қара жаңбыр құйып өтті,
Алыстан қарауытты күз түнеріп.
Көк өгіз ештемені көрмей кетті,
Семсердей мүйіздерін сермей өтті.
Барлыхан, сірә, бізге соқтыққан ғой
Өзі де тартайын деп сол бейнетті.
Барлыхан жаны шығып бақырады,
Біздерді «көмек бер» деп шақырады.
Көк өгіз ештемені елер емес, –
Соққылап «сойқан жасап» жатыр әлі.
Өзі де тау тұлғалы биік еді,
Қозғалту жайшылықта қиын еді.
Мүйізін Барлыханның белбеуіне
Іліп ап, қайта-қайта үйіреді.
Сау жер жоқ көйлегінен, «станынан»,
Әйтеуір кеудесінен шықпады жан.
Жабылып күллі бала алдық әзер
Айырып көк өгіздің қыспағынан.
Жүр ғой деп ойлаушы едік жөніне біз,
Еркіміз – не жегеміз, не мінеміз.
Қалайша Барлыханға өшікті екен
Мойыны сірке-сірке момын өгіз.
Жүргенде «бұған жоқ қой дауа» десіп,
Жұртына қайтып берер жауабы өшіп.
Барлыхан елге қарар беті болмай,
Кетіпті бір-ақ түнде ауа көшіп.
Таба алмай жүруші еді жұрт амалын,
Қаскөйдің көзін қайда құрта аларын.
Көк өгіз көп жасағыр…
Барлыханның
Білмедік өлі-тірі бір хабарын.
Жүргенде жинай алмай есімізді,
Жүргенде түзей алмай көшімізді,
Бүйідей елді бүрген Барлыханнан
Көк өгіз алып берді өшімізді.
…Жадымда сол жылдардың жаңғырығы,
Сейілді көңілдің де сан күдігі.
«Бір тосқан – мың асқанға» болатыны
Секілді табиғаттың заңдылығы.
 
 
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *