БАРЛЫХАН

Елуінші жыл еді… Ерте көктем,
Емес тағдыр біздерді еркелеткен.
Кеше біткен соғыстың кегі ме екен,
Лебі ме екен кеудені өртеп өткен.
Ашу келіп кей кезде алқымыңа,
Шақ қаласың ұшуға… талпынуға.
Ұрынып өскен біздер ұлан едік
Соғыстың сонау жылғы салқынына.
Шешелер көп кешірді қатемізді,
Кешелер көлік қылдық ат-өгізді.
Жағалай жетім-жесір жалпақ ауыл –
Обадай соғыс жұтқан әкемізді.
Соққандай жаңа ғана құйын-дауыл,
Болып тұр ел тірлігі биыл да ауыр.
Көктемде көтеремнен көтеріліп,
Ілінген сіңірінен сиырлы ауыл.
Тілеген амандықты мал-жанына,
Түлеген бергеніне, алғанына,
Елдегі жалғыз еркек – шалбар киген,
Елбайдың кім қызықсын Кәлжанына.
Қосағын зұлым соғыс мәңгі айырған,
Әйелдер зар жылаумен ай қайырған.
Әкенің алақаны секілді еді
Әлдекім сипаса кеп маңдайыңнан.
Әкеден таппас ешкім өзге асылды,
Торығып, білем және тозбасымды.
Егіліп анда-санда алар едің,
Қорқасың көрсетуге көз жасыңды.
Қорқасың қалар ма деп ана байқап,
(Қайтейін сені, сол бір шалағай шақ).
Қыр асып көзден тайып жоғаласың,
Әйтеуір, дала кең ғой, дала – байтақ.
Сонымен неше түрлі санаға ой кеп,
Сенімен бірге тартар дала бейнет.
Әжелер хал-жайыңды сұрайтұғын,
Әйтеуір, қарамайтын бала ғой деп.
Сол сәтте жаның мұңнан айығып бір,
Кетеді көңіл кірі шайылып бір.
Кезенген кілең жесір, кілең жетім
Көрмеген тағдырынан тайынып бір
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *